Намазға немқұрайлы қарау өкінішті етпесін!
Мұсылман баласын иман құндылығынсыз елестете алмаймыз. Ал сол имани құндылықтың қуаты әрі тірегі ол – намаз. Өйткені, намаз Жаратушысына жақындатып, құлдық міндетін өтеуге себепкер етеді. Әрине, бес уақыт намазы бар адам өзге түгілі өзіне зиянын тигізбейтін момын жан екені сөзсіз.
Намазына итағатты, ыждахатты әрі ықыласты пенде күнәлі әрекеттен барынша сақтанып, әрбір құлшылық амалына сақтықпен қарайтын болады. Құранда жаратқан Раббымыз былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Саған уахи етілген кітапты оқып, намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»(«Анкабут» сүресі, 45-аят).
Иманды адам ақыретте ең алдымен намазынан сұралып, сол арқылы есепке тартылатынын да біледі. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Адамдардың қиямет күнінде алғаш есепке тартылатын амалы мен іс-әрекеті – намаз».
Кез келген мұсылман баласы намазды қадірлі құлшылық деп білетіні сөзсіз. Тіпті намаз оқымайтын жәй адамның өзі оған үлкен дайындық керек екенін және оны дұрыс ынта, шынайы ықыласпен орындағанда ғана құлшылық боларын алға тартып жатады.
Алайда кежегесі кейін тартқан топтардың әсер-ықпалымен имандылыққа келген кейбір намазхан бауырларымыз намаз кезінде Алла алдында тұрғанын, парыз атты үлкен жауапкершілік міндетін орындап жатқанын білмейтін секілді көрінеді.
Яғни, намазда тұрғанда сақалын әлсін-әлсін тарамдау, киімін қайта-қайта түзеу немесе жанындағы дін бауырының аяғын жиі-жиі итермелеу секілді жағымсыз әрекеттерімен Құдай алдындағы құлшылықтың құтын қашырып әлек. Жарайды...
Асылында барша мұсылман баласының қандай да бір діни мәселеде үлгі етіп, көңіл аударар ортақ тұлғасы бар. Ол – адамзаттың ардақтысы, ақиқаттың жаршысы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.).
Енді Алла Елшісінің (с.ғ.с.) намазға қалай көңіл бөлгеніне назар аударайық. Хазіреті Айша анамыздың жеткізген риуаятында анасы Үмму Руман былай деген екен: «Намаз оқып жатып, оңға солға жалтақтап тұрдым. Әбу Бәкір мұнымды көргенде қатты сөкті, сәл болмағанда намазымды бұзып жіберетін едім. Сосын ол маған былай деді:
Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай деп бұйырған: «Кімде кім намазға тұрғанда барлық жері тыныш, хушуғпен тұрсын. Яһудилер секілді теңселмесін. Өйткені, намазда дене мүшелерінің тыныш тұруы, намазды толықтыратын жайттар болып саналады».
Ал, хазіреті Әли (р.а.) былай деп риуаят етеді: «Пайғамбарымыз намазда сақалымен ойнап тұрған бір кісіні көрді. Сосын ол жайында: «Егер жүрегі тыныш тұрса, дене мүшелері де тыныш тұратын еді», - деді.
Ардақты сахабалардың бірі Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алланың Елшісі (с.ғ.с.) мешітке келді де бір шетіне отырды. Біз де оның жан-жағында қатарлас отырған болатынбыз. Сол уақытта сырттан бір адам келіп намаз оқи бастады.
Әлгі адам өзінің құлшылығына соншалықты көңіл бөлмеді. Алайда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ол адамды көзімен сырттай бақылап отырған-ды. Намазын оқып болды-ау деген уақытта пайғамбарымыз намаз оқыған адамның жанына барып, алдымен сәлем берді. Сосын оған: «Намазыңды басынан бастап қайта оқы. Өйткені, сен шынайы намаз оқыған жоқсың», - деді.
Қайтадан әлгі адам алдыңғыдай намазын оқып шықты. Сосын пайғамбарымыздың алдына барып сәлем берді. Сәлемін алған хазіреті пайғамбар тағы да:
«Барып, намазыңды қайтадан бастап оқы, өйткені, сен намаз оқыған болып есептелмедің», - деді.
Бұл жағдай үш рет қайталанды. Ақырында ол адам: «Сені ақиқатты айту үшін жіберген Аллаға ант етейін, бұдан басқасын жасай алмаймын. Маған ең дұрысын үйрет», - деді.
Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Алдымен намазға тұрған кезде тәкбір ал. Сосын Құраннан жеңілдеу келген аятты оқы. Онан кейін рукуғқа бар. Дене мүшелерің толығымен қимылсыз қалғанға дейін тұр. Сосын қайтадан жақсылап тік тұр. Артынша сәждеге бар.
Бүкіл дене мүшелерің қимылсыз қалғанша сәжде қыл. Сосын басыңды көтеріп, бүкіл денең қимылсыз қалғанға дейін отыр. Намаздың барлық рәкағаттарында осылай жаса!», - деп бұйырды.
Рухани нәр алып, жанға қуат сыйлайтын намаз үстінде жағымсыз әрекеттер жасау – әрине, ғибадаттың ләззатынан мақұрым етеді. Мұсылман адам намазға тұрғанда өзінің жаратушысы Алланың алдында тұрғанын сезініп артық әрекетке алданбағаны дұрыс. Алла тағала былай дейді: «Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар, намаздарын немқұрайлы оқиды. Олар, көрсету үшін оқиды» («Мағұн» сүресі, 4-6-аяттар). Әдепсіз әрекет қашан да арсыздыққа апарады. Арсыздықтың арты жаманшылық екені айтпасада түсінікті.
Әрине, құлдың құлшылық жасаудағы басты мақсаты – Алланың разылығын алу болуы тиіс. Ал оған шынайы ықыласпен ғана қол жеткізе алмақ. Өйткені, Алла құлдарының амалдарын тек өзінің разылығы үшін ықыласпен орындалуын қалайды. Құранда Алла: «(Ей, Расулым!) Күмәнсіз, Саған Кітапты (Құран) ақиқатпен түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек Аллаға арнап шынайы ықыласпен құлшылық жаса!», - деп бұйырған («Зүмәр» сүресі, 2-аят).Алланың елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дініңде ықыласты бол! Егер осыны орындасаң, аз амалдың өзі саған жеткілікті болады», - деу арқылы ықыласқа көңіл бөлуге шақырады.
Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Намаз – діннің тірегі. Кім оны орындаса, дінді тұрғызғаны. Кім оны орындамаса, дінді құлатқаны», - дейді. Дініміздің тірегі болған намаздың сан қырлы пайдасына тоқталуға болады. Алайда мұндағы айтпағымыз, оқып жүрген намазымыз «нендей өкініш» емес, «намазым қандай қуаныш» дейтіндей ықыласқа қол жеткізу.