Өлімнің жақындағанын біле тұра, білмегенсиміз...
Аңыз бойынша бір кісі қирап құлап қалған үйіне қарап тұрып бармағын тістеп: «Ойбай-ау, жығылатыныңды күні-бұрын айтпадың ба? Бір әрекетіне қамданар едім ғой»,-деп қиналыпты.
Сөйтсе, үйге тіл бітіп: «Өй ақымақ! Мен саған қаншама жылдан бері сықырлаған керегеммен, шытынап сөгілген қабырғаларыммен сездіріп-ақ келем ғой. Өзің емес пе, ылғый бір уыс балшық жаға сап, ескермей келген»,-деп өзін сөккен екен...
Сол айтпақшы, бұл әңгіме соншалықты қысқа болғанымен мағыналы әрі ғибраты мол. Өйткені, біздің өмір ғимратымыз да күн өткен сайын кетеуі кете қабырғасы сөгіліп, әйнегі шытынап, уықтары сықырлаған күйде.
Өлім келмей тұрып, ескерту ретінде қаншама елшілерін жіберуде. Бірақ, біз олардың ешқайсысына құлақ асып, мән бермейміз. Өлім бізге майда-шүйде ауру-сырқау беріп те сынауда. Біз болсақ «Дәрігерге қарал, жазыласың» деумен шектеліп, түпкі мәніне тағы үңілмейміз.
Күн өткен сайын өлімнің жақындағанын біле тұра, білмегенсиміз. Өйткені, ол бізге қорқынышты тәрізді. Бірақ ол шындық. Өмір заңы.
Бір күні ажал дәл қарсы алдымыздан шыға келгенде «Қап, әттеген-ай, неге ертерек жайыңды білдірмедің» деп біз де өкінішпен сан соғамыз. Алайда ол кезде өлім бұған жауап беруге міндетті емес, өйткені ол ол өз ескертулерін әлдеқашан тәмамдап қойған болатын...
«Иә Алла Тағалам! Бізге Өзің сүйетін әрі разы болатын істерді істеуді нәсіп ете гөр! Бізді кішіпейіл құлдарыңнан ете гөр!»
mazhab.kz/kk/maqalalar/gibratnama/olimnin-jaqyndaganyn-bile-tura-bilmegensimiz-1536/