Оразаға дейін дайындалуы тиіс 30 нәрсе

Оразаға дейін дайындалуы тиіс 30 нәрсе

1. Рамазанға дайындық.
Көптен бері көрмеген қадірлі бір қонақты күтіп алар кезде үй іші ыбырсып жатса, бар жұмысыңды тастап, үйіңді тазартуға кірісесің ғой! Сол сияқты өзіңді 11 ай күттіріп, есігіңнен енгелі тұрған қасиетті Рамазанға дайындықты Шағбаннан бастап кеткенің жөн. Өткен бір жыл ішінде қандай күнәлар жасадың, қандай сауаптардан құр қалдың, бәрін саралап, електен өткізіп, өз-өзіңнен есеп ал. Жамандықтан тиылып, жақсылықты арттырудың жолын ізде. Ол үшін 11 ай бойы харамға қараған көздерің үшін, харамды естіген құлақтарың үшін, харамды ұстаған қолдарың үшін, харамға барған аяқтарың үшін Аллаһ алдында тәубе ет. Сонда ғана жаңа Рамазанға сақадай-сай әзір болып барасың. Есіңде болсын, Рамазанға дайындықты Шағбан айынан бастағаның абзал. Ал, алдағы қасиетті айға әзірліксіз кіру нендей өкініш!
2. Рамазанға ниет.
Рамазанда жасаймын деген құлшылықтарыңа Шағбан айынан бастап ниеттен. Алдын-ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазанға шынайы түрде ниет еткен соң, отыз күн оразаға қатысты үкімдерді үйрене бастағаның жөн. Сол үкімдерді қазірден бастап, яғни Шағбан айында үй ішіңе және жақын туыстарыңа айтып түсіндіре бер.
3. Өз нәпсіңді тақуалыққа тәрбиелеу.
Қазірден, яғни Шағбан айынан бастап өз нәпсіңді тақуалыққа тәрбиеле. Өйткені, Рамазан тақуалықты одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін ай. Құдайдан қорқа білу – мүминге міндет. "Әй, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгеніндей, сендерге де ораза парыз етілді" – деп басталатын аяттың "мүмкін тақуалық қыларсыңдар" деген сөздермен аяқталуында үлкен сыр бар. Бұхариде келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім өтірік сөз бен оған амал қылудан тыйылмаса, Аллаһ оның жеп-ішуден тыйылуына мұқтаж емес», – деп айтқан.
4. Туыстық қарым-қатынасты нығайту.
Шағбан айынан бастап туыстарыңмен арадағы байланысыңды одан әрі нығайта түс. Ағайындарыңмен байланысты үзіп алудан сақтан. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Аллаһ жаратылыстарды жаратып болған кезде, туыстық байланыс тұрды. Аллаһ оған: «Не болды?» – деді. Ол: «Бұл – (туыстық қатынасты) үзуден Өзіңнен пана сұрайтынның орны», – деді. (Аллаһ): «Сені сақтағанмен байланысымды сақтасам, ал сені үзгенмен байланысымды үзсем разы боласың ба?» – деді. Ол: «Иә, уа Раббым!» – деді. (Сонда Аллаһ): «Ендеше солай болсын!», – деді.»
5. Артық ойдан арылу айы.
Күнәдан таза, сау жүректен абзал нығмет бар ма?! Кейбіреулер жаны тыныштық таппай жүрген кезде, сен көңіліңді құлшылыққа ғана құлшындырып, Рамазан айына өзіңді пәк сезінген күйде енуді қалар ма едің? Ол үшін оразаға кірерден бұрын, Шағбан айынан бастап, жүрегіңді ластықтан тазалауға тырыс. Санаңды артық ойдан арылтқаның абзал.
6. Уақытыңды ұтымды пайдалан.
Қазіргі мұсылмандар өз уақытының көп бөлігін интернет ақтарумен өткізеді. Тіпті, рамазан айында да сауап жинау мүмкіндіктерін бос жіберіп алады. Ал кезінде Имам Мәлик сынды ғалымдардың ораза айында уақытты ысырап етуді былай қойғанда, ілім иелерімен де бірге отырудан бойын аулақ салып, Құранмен ғана оңашаланатынын көп мұсылман біле ме екен? Ендеше, өзге айларда уақытыңды интернетпен өлтіріп жүрген болсаң, алдағы оразаға әзірлігіңді Шағбан айынан баста! Уақытыңды барынша үнемде! Рамазан сені күтпейді, керісінше сен оны абыроймен күтіп ал!
7. Өткен Рамазанды еске түсіріп, жаңа Рамазанға қарызсыз кіру.
Рамазанға аяқ баспастан бұрын, Шағбан айында тұрып кішкене ой жүгірт. Өткен оразаны түгел тұтып па едің? Есіңе түсір. Мүмкін бір-екі күнін үзірлі себептермен тұта алмай қалған шығарсың? Ұмытып, қазасын өтемей жүрген боларсың? Осы Рамазанға қарыз болмай кіргенің жөн. Ол үшін, өткен жылдан қалған оразаларыңның күнін толықтыр!
8. Құран айына құр кірмеу.
Рамазан – Құран айы. Ол айда мұсылмандар Құран оқуға ерекше мән береді. Басынан аяғына дейін оқып, хатым қылады. Рамазанда Құран оқу өзіңе жеңіл болуы үшін, Шағбан айы кіргеннен оны көп оқи баста. Шағбанда Құранға арнайы уақыт бөл. Егер жай күндері Құраннан бір-екі бет қана оқып жүрген болсаң, Шағбан айында әр күні одан екі-үш есе көбірек оқығаның жөн. Қазірден осылай етер болсаң, Рамазандағы Құран оқуың жеңіл болады.
9. Тарауих намазына дайындық.
Рамазанда жасалатын арнайы құлшылықтар бар. Солардың бірі – тарауих намазы. Осындай ұзақ оқылатын намаздарға тік тұрып шыдас беруге ағзаңыз үйренбеген болуы мүмкін. Сондықтан Шағбан айынан бастап, нәпіл намаздарды ұзағырақ тік тұрып оқуға дағдыланғаның жөн. Ендеше, рукуғта ұзақ иілуге, сәждеде көбірек жатуға Шағбан айынан бастап денеңді үйрет.
10. Дұғаларды дұрыстау.
Шағбан айынан бастап өзіңді Аллаһ Тағалаға ұзақ жалбарынуға тәрбиеле. Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен арнайы дұғаларды жатта. Қарапайым дұғалардан гөрі Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) аузымен айтылған дұғалардың қабыл болу ықтималдығы басым, осыны ұмытпа.
11. Рамазандағы иғтикәфқа әзірлік.
Өзіңді мешітте көп отыруға үйрет. Шағбан айы бұл үшін таптырмайтын мүмкіндік. Әр намаздан кейін мешітте көбірек қалуға тырыс. Бұл сенің Рамазанда иғтикәфқа кіруіңді жеңілдетеді. Бірнеше сағатқа болса да, намаздан тыс уақытта Аллаһ Тағаланың үйіне арнайы атыңды бұр. Өз нәпсіңді мешітте ұзақ отыруға тәрбиеле. Рамазандағы иғтикәфқа осылай әзірлік қыл.
12. Ораза тұтуға дағдылану.
Рамазанның алғашқы күндеріндегі ораза ағзаңызға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан Шағбан айынан бастап оразаны көбірек тұт. Мәселен, бір күн тұтсаң, екінші күні аузың ашық болсын. Тіпті, Шағбан күндерінің көпшілігін оразамен өткізсең де болады. Өйткені, Айша анамыз (р.ғ.): "...Аллаһ Елшісінің Шағбандағыдай көп ораза тұтқанын көрген емеспін" - деген.
13. Кедей-кепшікке көмектесу.
Шағбан айынан бастап міскіндерді тамақтандыруға, ораза тұтушылардың аузын аштыруға бойыңды үйрет. Мәселен, түскі асты молырақ әзірлеп, артығын апарып пақырлар мен міскіндерге таратып жібер. Өмір сен ойлағандай емес. Қазір тоқ болса, ертең аш отыратын отбасылар бар. Шағбан айында төңірегіңдегі кедей-кепшікке көмектес. Сонда Рамазан айында мұқтаждарға деген мейірімің артады.
14. Садақамен сауап жиюға дағдылану.
Шағбан айында күн сайын садақа бер. Қалтаңа қолыңды күштеп сал. Бұлай ету нәпсіңе ауыр тиюі мүмкін. Бірақ алдағы Рамазан айында көп садақа беретін мұсылмандардың қатарына қосылу үшін осы бастан қолыңды ашық ұстауға үйреткенің жөн. Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: "Әр күні пенде оянған кезінде көктен екі періште түседі. Олардың біреуі: "Уа, Аллаһ! Берушінің дүниесін арттыр!" – десе, екіншісі: "Уа, Аллаһ! Сараңның дүниесін жой!" – деп жалбарынады". Мінеки, алдағы Рамазанда садақамен сауап жиғың келсе, оның әзірлігін Шағбан айынан бастап кет.
15. Умра жасауға Шағбаннан бастап әзірлену.
Аллаһ қаласа, осы Рамазанда Меккедегі әл-Харам мешітіне барып умра жасауға ниеттенген болсаң, онда Шағбан айынан бастап дене шынықтырумен айналыс. Әр күні шамамен бір сағаттай өзіңді қинап жаяу жүр. Рамазан айында умра жасауға Шағбаннан бастап жан-жақты әзірлік жаса.
16. Артық астан тыйылу.
Шағбан айында тамақты аз же. Рамазанға қадам басқан кезіңде араның ашылып тұрмасын. Ораза айына тойынып кіру сенің отыз күнгі құлшылығыңа кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазірден бастап тамақтану уақытын азайта бер. Олай ету саған ауыр тисе, онда тамақтың мөлшерін ғана азайт. Нәпсіңді осылай алдап қой. Немесе, ауыр тамақтарды мүлдем тоқтатып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек қолдан. Сонда Рамазанға жеңіл кіресің, ұйқың да азайып, санаң сергиді.
17. Ерте жатып, ерте тұруға дағдылану.
Түнгі ұйқысыздыққа жол берме. Шағбан айында өзіңді қатал ұста. Қазірден бастап құптаннан соң ерте ұйықтап, таң намазынан бұрын оянуға дағдылан. Сонда Рамазанда сәресі уақытында ұйықтап қалмайтын боласың, әрі түнгі құлшылықтарға сергек оянасың. Ал, Шағбанда босаңси бастасаң, оразада опық жейсің.
18. Ұйқыңды азайтуға әзірлену.
Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйрен. Өзге айларда сегіз сағат ұйықтап жүрген болсаң, Шағбан кезінде ұйқыға бес-алты сағатыңды ғана бөл. Өйткені, алда ораза айы келе жатыр. Ұйқыңды қазірден бастап тәрбиелемесең, кешірім айын ұйқымен өткізіп аласың. Бұдан асқан қасірет бар ма?
19. Нәпіл намазы мен зікірді көбейту.
Қандай да бір себеппен, осы жылғы Рамазанда умра жасай алмаймын-ау деп ойласаң, онда Шағбан айынан бастап таң намазынан кейін күн шыққанша мешітте отырып, Аллаһ Тағаланы зікір ет және екі ракағат нәпіл намазын оқы. Сонда оның сауабы қажылық еткен әрі онымен қоса умра жасаған кісіге тең келеді. Мұндай құлшылықты қазірден, яғни Шағбан айынан бастап кеткенің жөн. Себебі, Әнәстан (р.ғ.) жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқыса, сосын күн шыққанға дейін Аллаһ Тағаланы зікір етіп отырса, сосын екі ракағат намаз оқыса, бұл оған қажылық пен умраның толық сауабындай болады", – деп айтқан.
20. Құлшылықтарды көбейту.
Өзге айларда жасай алмай жүрген құлшылықтарыңды жолға қою үшін, Рамазан айы қашан келер екен деп күтіп отырмастан, оны Шағбан айынан бастап кет. Мәселен, бір отырғанда көп аят оқып таста немесе өмірі беріп көрмеген мөлшерде садақа бер. Мұның бәрі саған алдағы Рамазан айында үлкен-үлкен құлшылықтарды орындауыңа септігін тигізеді.
21. Жаназа намазына қатысып, өлімді көбірек еске алу.
Шағбанда жаназа намазына қатысуға тырыс, мәйітпен бірге мазаратқа дейін еріп бар, тіпті оны жерлеуге қатыс. Мұның бәрі алдағы Рамазан айындағы тақуалығыңды нығайта түседі. Өлім – ең үлкен уағызшы. Өлік шыққан үйге өзіңді күштеп алып бар. Өзіңді сол мәйіттің орнына қойып көр. Қайғыға душар болған мәйіт жақындарының орнына өзіңді қойып көр. Демек, Шағбан айы – оразаға дейін иманыңды қуаттап алу үшін ең жақсы мүмкіндік.
22. Оразада орындайтын құлшылықтарға жоспар жасау.
Қазірден бастап уақытыңды жүйелі пайдалан. Оразада орындайтын құлшылықтарыңды сараптап, кесте етіп түзіп ал. Қолыңа қалам алып жаза баста. Шағбан айынан бастап құлшылықтарыңды көзіңнің қарашығындай сақта. Оразадағы тыныс-тіршілігің жүйелі өтсін десең, Шағбан айы таптырмайтын мүмкіндік екенін біл.
23. Көбірек тәубе жасау.
Пайда бермейтін кешкі отырыстардан бойыңды аулақ сал. Уақытыңды ұрлап жүрген теледидар, компьютер және өзге де құмарлықтарыңды жиыстырып қой. Ал, егер харам істермен айналысып жүрген болсаң, олардан дәл осы Шағбан айында толығымен арылуың керек. Рамазанға пәк күйде кір. Қазірден бастап күнәларыңа тәубе ет. Енді қайталамаймын деп өзіңе-өзің серт бер.
24. Шағбаннан бастап темекіден тыйылу.
Темекіні тастай алмай жүргендерге айтарымыз – Рамазан мұндай жағымсыз қылықтарыңды тастау үшін таптырмайтын мүмкіндік. Алайда, Рамазан айын күтіп отырмастан шылымды Шағбаннан бастап тастағаның абзал. Сондықтан, қазірден бастап "темекіні қалайда тастауым керек!" деп ниеттен. "Аллаһ разылығы үшін шекпейінші" деп ниеттен. Әрине, оны тастау нәпсіңе оңай тимейді. Осы істе жәрдем етуін сұрап, Аллаһ Тағалаға жалбарын. Денсаулығың – аманат. Саған тапсырылған әрбір аманат үшін Аллаһ алдында жауап беретініңді ұмытпа.
25. Сөзді түзеу.
Қазірден бастап тіліңді сақта. Өзіңді-өзің тек қана шын сөйлеуге тәрбиеле. Тілің Аллаһты пәктеп, зікір айтудан шаршамасын. Тіліңді Шағбан айында сақтамасаң, Рамазанда ғайбат айтудан және өтірік сөйлеуден арыламын деп ойлама. Хадисте айтылғанындай, не жақсы сөз сөйле немесе үндеме. Ең тиімді әзірлік – осы. Ал, "жақсы сөзге" тасбих, таһлил, истиғфар сынды зікірлер жататыны есіңде болсын.
26. Жұмысыңа жинақы болу.
Шағбан айынан бастап күнделікті шаруаларыңды жүйеге келтір. Тіршілігің құлшылығыңнан асып түспесін. Өйткені, Рамазандағы реттілік көп нәрсені жеңілдетеді. Ол үшін Шағбанда шашыраңқы болмауың керек. Жұмысыңды жинақы ұста. Отыз күн оразада жеке бастың жұмыстары мен мәнсіз мәселелердің болмағаны лазым.
27. Құран сүрелерін көп жаттау.
Құраннан жатқа айтатын аяттарыңды тағы бір қайталап шық. Дәл осы Шағбан айында бұрынғы жатқа білетін сүрелеріңнің қатарына тағы да бір-екі сүре қос. Рамазанда тарауихты үйде оқи қалсаң, Фатихаға қосып айтатын сүрелерің көп болсын. Әр күнгі намазда әр түрлі сүре оқудың иман ахуалыңды күшейте түсетінін түсіне біл.
28. Базардан алатын керек-жараққа күні бұрын қамдану.
Өкінішке орай, Рамазанда базарлар мен дүкендерде сауда сапырылысып кетеді. Оразаның келіп қалғанын мұрынға тірелгенде бір-ақ білетін бейқамдығымыз тағы бар. Сондықтан дүкеннен алынатын азық-түлік пен киім-кешекке Шағбан айынан бастап қамдан.
29. Жақын жүрген адамдарға нәсихатты күшейту.
Төңірегіңдегі адамдарға мән бер. Рамазанға өзің ғана дайындала бермей, туыстарыңды әзірлікке шақыр. Білмегеніңді алдымен өзің пысықта. Ал, білгеніңді өзгелерге жеткіз. Үйіңде, жұмыс орныңда, ағайындар арасында оразаға дайындықсыз кіруге болмайтынын айтудан жалықпа. Сонда ғана сенің айналаңдағылар Шағбан айының зор әзірлік айы екенін ұғынады. Телесериалға телмірген туысыңды Рамазан әзірлігіне сабырмен шақыр. Отыз күн оразаның кешірім күндері екенін отбасыңа дұрыстап түсіндір.
30. Отбасыңдағылармен оңтайлы жұмыс жасай білу.
Шағбан айынан бастап отбасы мүшелерінің арасынан балиғат жасына толғалы тұрғандарын бос қойма. Өзіңмен бірге сәресіне тұрғыз. Жарты күн тұтса да ораза ұстап үйрене берсін. Кішкентайларын мәжбүрлеме. Екі-үш сағаттан соң аузын ашып жіберсе де, олардың бұл әрекеті сен үшін үлкен жеңіс. Қазірден ораза тұтып дағдыланса, келесі және одан кейінгі Рамазанда бұл құлшылық олар үшін жеңілдей түсері анық.

Жомарт Батырбеков

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста