Пайғамбар мен жыланның серттесуі
Пайғамбар мен Әбу Бәкір үңгірде үш күн отырды. Ең сенімді серігі пайғамбарға жылан-шаян зиян-зақымет қылмасын деп үстіндегі киімін парша-парша жыртты да, тесіктерді бітеді. Бір қуысты бітеуге киім жетпеді. Оған жалаңаш аяғын сұғып, бітеді. Таң ата іннің түбінен бір жылан Сыддықтың аяғын шағып алды. Әбу Бәкірдің екі ерні көгеріп, өлуге айналды. Оны көрген пайғамбар жылан шаққан жерді дереу пышақпен тілді де, уытын сорып, жерге түкіре берді.
Сол кезде шаққан жыланның басы да көрінді. Пайғамбар:
— Ей, жылан, сен Әбу Бәкірді неге шақтың? Оның кім екенін білесің бе? – деді. Жылан:
— Иә, Алланың хабибі, амалымның жоғынан шақтым. Мен осы үңгірдің иесі едім. Сені күтіп жатқаныма неше мың жыл болды, білесің бе?-деді.
— Менің келетінімді сен қайдан білдің?
— Мына үңгірдің аузындағы өрмекші мен көгершін жер жаралып, су аққалы осында тапжылмай жатыр. Бұлар не өлмейді, не ұшпайды, не балаламайды. Мен олардың жайын сұрадым. Сенің келетініңді солар айтты. Мені жаратқан Ұлық Алланың сүйікті хабибін көру мен үшін зор бақыт.
— Ықыласыңа рахмет! Не тілегің бар?
— Екі түрлі датым бар. Бірі сенімен дидарласып, тілдесіп қалу. Екіншісі, Алла сені дүниеге рақмет ету үшін жіберген. Сол рақметіңнен менің ұрпағым да үлес алсын. Үмбетіңе айт. Ұрпағымды бей-берекет өлтірмесін.
— Дегенің болсын. Үмбетіме «жыланды басыңа ақ құйып шығарып салыңдар» деп өсиет қалдырамын. Достығымыздың белгісі ағарған айран болсын, — деді. Содан бастап мұсылмандар үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатын болыпты.
Ал, Әбу Бәкір пайғамбардың емінен соң оңалып, тез тұрып кетті.
Салт дәстүр. Қазақы құңдылықтар тобынан алынды.