ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДАН БҰРЫН "МҰХАММЕД" ЕСІМІМЕН АТАЛҒАНДАР БОЛДЫ МА?
Мұхаммед – Пайғамбарымыздың (ﷺ) бір есімі. Өйткені Мұхаммед ибн Жәбир ибн Мутғим өзінің әкесінен жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Менің бес есімім бар. Мен Мұхаммедпін, мен Ахмедпін, мен Алла Тағала мен арқылы күпірлікті жоятын әл-Мәхимін (Жоюшы), мен қиямет күні адамдарды өз жаныма топтастыратын әл-Хаширмін (Жинаушы), мен Ақибпін (менен кейін пайғамбар болмайтын соңғы ізбасармын)»[1] - деген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі fatua.kz-ке сілтеме жасап.
Пайғамбарымыз дүниеге келмей жатып арабтардың кейбірі бақсылардың және яһуди раввиндерінің болжамдарынан пайғамбардың сол дәуірде шығатынын әрі есімі Мұхаммед болатынын естігенде ұлдарының есімін Мұхаммед деп атаған.
Әрине олар сол балалардың бірі пайғамбар болып қалар ма екен деген үмітпен қойған. Бірақ олардың біреуі де өздерін пайғамбармын деп айтпаған.
Алайда жәһилет дәуірінде «Мұхаммед» деп қанша бала аталғандығы ғұламалардың арасындағы дау тудырған мәселе.
Имам әс-Суһайли: «Олар үшеу болған» дейді. Ол жөнінде «Әр-Рауду әл-Унфу» атты кітабында былай келтірген: «Бұл есіммен арабтардың ішінде Пайғамбарымыздан бұрын үш адамнан басқа ешкім аталмады. Олардың әкелері Мұхаммед (с.а.у.) туралы, оның шығатын уақыты жақындағаны әрі ол Хижаз жерінен және араб отбасынан болытындығы жайлы хабарды естіген кезде ұлдарына осы атты қойған.
Ибн Фәурак өзінің «әл-Фудул» атты кітабында олардың есімдерін атап былай келтірген: «Ақын әл-Фәраздақтың арғы атасы Мұхаммед ибн Суфян ибн Мужашағ, Мұхаммед ибн Ухайна ибн әл-Жулах ибн әл-Хәриш ибн Жумәхи ибн Кулфә ибн Ауф ибн Амру ибн Ауф ибн Мәлик ибн әл-Аус, Мұхаммед ибн Хумран ибн Робиға.
Осы аталған үш адамның әкелері кейбір патшаларға елші болып барады. Ол патшаның бұрынғы кітаптардан хабары болатын. Патша оларға Мұхаммед есімді пайғамбар келетіні туралы хабар береді. Сол кезде әлгі үшеуінің үйде қалған әйелдерінің аяғы ауыр еді. Бұл хабарды естігеннен кейін олардың әрбірі ұлды болса есімін Мұхаммед қоятынына ниет етеді. Сосын үшеуі де ұлды болады. Барлығы ұлдарының есімін Мұхаммед деп қояды»[2].
Дегенмен, Хафиз Ибн Хажар «Фәтху әл-Бәри» атты кітабында осы мәселеге байланысты әс-Суһаилиді сынға алып: «Бұл сөзді әс-Суһайлиден бұрын Әбу Абдулла инб Халәуаһи өзінің «Ләйса» атты кітабында айтқан болатын.
Бірақ, мұны бұлай шектеп қоюға болмайды»[3] деген.
Қази Ғияз: «Олар алтау болған, жетіншісі жоқ» дейді. Ол туралы «әш-Шифа би тәғрифи хуқуқи әл-Мустафа» атты кітабында: «... «Мұхаммед» деген есіммен арабтар да, олардан басқалары да аталмаған. Тек Пайғамбарымыздың шығуына әрі дүниеге келуі жақындаған уақытта, жіберілетін пайғамбардың есімі Мұхаммед болатыны туралы хабар тараған кезде арабтардың бірен-сараны сол аталмыш пайғамбар болып қалар деген үмітпен ұлдарына осы атты қойған.
«Алла елшілігін кімге беретіндігін жақсы біледі»[4]. Олар: Мұхаммед ибн Ухайна ибн әл-Жулах әл-Әуси, Мұхаммед ибн Маслама әл-Ансари, Мұхаммед ибн Бәрро әл-Бакри, Мұхаммед ибн Суфян ибн Мужашиғ, Мұхаммед ибн Хумран әл-Жуғфи, Мұхаммед ибн Хузағи әс-Сулми. Бұлардың жетіншісі жоқ.
Кейбіреулер: «Ең бірінші Мұхаммед деп Мұхаммед ибн Суфян аталды» десе, әл-Яману: «Әл-Узд тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн әл-Яхмад» аталған дейді»[5].
Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани «Фәтху әл-Бәри» атты кітабында: «Бұл есіммен аталғандардың есімдерін біртіндеп жинақтағанымда олар шамамен жиырмаға жетті. Бірақ кейбіреулерінің есімдері қайталанып келсе, кейбіреулері жай негізсіз айтылған-ды. Бұларды алып тастағанда он бес қалды»[6] - деп келтірген.
Сондықтан, жоғарыдағы келтірілген деректерге сүйене отырып Пайғамбарымыздан бұрын «Мұхаммед» есімімен аталған адамдар болған деген тұжырымға келуімізге болады. Алла толық білуші.