Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-сипаты, дене бітімі қандай болған?
Ассалмуалейкум, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр сипаты, бойы, денесі қандай болған? Әлде бұл тұрғыда әңгіме қозғауға болмай ма?
Азамат
Уағалейкум ассалам, Азамат! Ардақты Пайғамбарымыздың түр-сипатын, жүріс-тұрысын, дене бітімін егжей-тегжейлі зерттеп, сол тұрғыда айтылған хадистерді жинақтап жазылған еңбектер бар. Мысалы беделді хадис ғұламасы Имам Тирмизидің (р.а.) «әш-Шәмә'илул Мухаммадия - Мұхаммедтік қасиет» атты еңбегін атасақ болады. Имам Тирмизи аталмыш еңбегінде Пайғамбарымызды жән-жақты сипаттаған 400-ге жуық хадис келтірген. Бұл еңбекке көптеген түсіндірмелер жазылды. Олардың арасында ең ауқымыдысы ретінде Ханафи ғұламасы хадисші әрі фиқһші Мулла Алиюл Қаридің (қ.ж.м.1606/х.1014ж.) «Жәмъул Уәсәил фи Шархиш Шәмә’ил» атты шархын (түсіндірмесін) атап өтсек болады.
Біз мұнда аталмыш кітапта айтылған хадистердің бірнешеуінде келген сипаттаманы келтіретін боламыз:
Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша Алла елшісінің (с.а.у.):
1. Бойы өзгеден ерекшеленіп тұрардай ұзын да, қысқа да емес еді (яғни орта бойлы немесе орта бойлыдан сәл ұзын, бойшандау еді).
2. Реңі боп-боз дейтіндей шамадан тыс аппақ та, қап-қара да емес. Яғни, реңі қызылшырайлы немесе қызыл мен ақтың қосындысындай.
3. Шашы қатты бұйра емес не қатты түзу емес (толқындай төгілген еді).
4. Шашы мен сақалында бірен-саран ғана ақ бар еді. Санмен білдіретін болсақ, шашындағы ақ пен сақалындағы ақ жиырмаға жетпейтін.
5. Жүргенде қадамын нық басатын.
Сахаба әл-Бәра’ ибн Ъазибтің айтуына қарағанда Алла елшісі (с.а.у.):
1. Орта бойлы
2. Кең иықты
3. Құлағының жұмсағына жететіндей қалын шашы бар.
Әзіреті Алидің айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.):
1. Ұзын да, қысқа да емес еді.
2. Қолының саусақтары, аяғы ірі, алақаны етті (толық, тығыз, бірақ жұмсақ).
3. Басы үлкендеу.
4. Сүйегі ірі.
5. Жүргенде қадамын нық басатын. Құдды еңісті жерден түсіп келе жатқандай.
6. Шаштары қатты бұйра да, түзу де емес, толқындай төгілген.
7. Жүзі жылы.
8. Бет сүйектері сорайған да, шығыңқы да емес.
9. Дөңгелек жүзді (аса қатты дөңгелек емес).
10. Реңі - аққа қызыл арласқан. Қызылшырайлы.
11. Қап-қара көзді. (яғни, көзі үлкен, жанары аппақ)
12. Қалың қасты;
13. Жауырыны қақпақтай.
14. Бір нәрсеге қарағанда немесе біреуге сөйлейтін кезде, денесімен бұрылып қарайтын, тек басын ғана бұрып қоймайтын.
15. Екі жауырының ортасында Пайғамбарлық мөрі бар еді.
16. Кең пейілді
17. Адамдардың ішіндегі ең сенімдісі
18. Адамдардың ішіндегі ең жұмсағы;
19. Текті болатын;
20. Біреу оны бірінші рет көргенде үрейленуі мүмкін, бірақ жақын тани келе жақсы көріп кетеді.
21. Оны сипаттағысы келген кісі сөз таппай, бір сөзбен: «Одан бұрын да, кейін де ондай адам көрмедім», - деп таңданады.