Пітір садақаны Айт намазына дейін беру керек
Қазақстан мұсылмандары Дiни басқармасы биылғы Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшерін еліміз бойынша 200 теңге етіп бекіткен болатын. Яғни, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан биылғы пiтiр садақасы 200 теңге көлемiнде бекітілді.
Пiтiр садақасы – дененiң зекетi немесе нисап мөлшерiндегi байлыққа ие (85 грамм алтын) мұсылманның беруi тиiс садақасы. Пітір садақасын Рамазан айы басталысымен алғашқы күннен бастап-ақ беруге болады. Бұл садақаның Ораза айт намазына дейін берілгені дұрыс. Айт намазынан кейін берілген садақа пітір садақа емес, жай ғана садақа болып есептеледі. Пітір садақа тек тірілер үшін беріледі, қайтыс болған адам үшін жәй садақа беруге болады. Пітір садақасын берерде ниет ету керек. Бірақ пітір садақасын берген кісіге оның садақа екенін айту қажет емес.
Құрметті оқырман, сіздерге пітір садақа туралы кеңірек мағұлмат беру үшін islam.kz сайтындағы пітір садақаға қатысты кейбір мәліметті назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Пітір садақа һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір садақа уәжіп болды. Пітір садақасын беру әрбір дәулетті мұсылман ер мен әйелге – уәжіп
Пітір садақа не үшін беріледі?
Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) пітір садақаның мәнін былай деп түсіндірген:
«Алла елшісі Пітір садақаны ораза кезінде ауыздан шыққан ұнамсыз сөздер мен (абайсызда жасап қойған) жағымсыз әрекеттерді тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын деп міндеттеді...»[3]
Құран Кәрімдегі пітір садақасы туралы айтылған сүрелерден мынандай қорытынды жасауға болады.
Біріншіден – пітір садақа ораза ұстау барысында жіберіп алған қателіктерімізді жуып-шаюшы және кем-кетігін толықтырушы рөлін атқарады.
Екіншіден – тұрмысы нашар, зорға күнелтіп жүргендерге жәрдем беріп, оларға қол ұшын созу. Бұл бір жағынан қалталы жандарды жомарттыққа баулиды және қоғамда бауырмалдылық пен жәрдем берушілікті қалыптастырады.
Үшіншіден – пітір садақа беру арқылы көптеген сауапқа кенелері сөзсіз. Өйткені, Рамазан айында садақаның сауабы еселеніп беріледі. Дүниемізге береке кіреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «Сендер жақсы көрген нәрселеріңнен садақа бермесеңдер, жақсылыққа қол жеткізбейсіңдер»[4], – дейді.
Пітір садақа кімдерге парыз?
Пітір садақаны - қалталы, мұсылман, азат кісінің беруі уәжіп. Тұрмысы нашар кіс пітір беруге міндетті емес. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «(Пітір) Садақаны беру қалталы адамдарға міндеттеледі», – деген.[5]
Бұл жерде «қалталы кісі» ретінде, негізгі қажеттіліген тыс 85 грамм алтынға тең келетін дүние-мүлкі бар мұсылман адамды есептейміз (85 грамм алтын - 669 375 теңге). Дәлірек айтқанда, әлдекімнің тіршілігіне қажетті дүниелерінен тыс «85 грамм алтынға» тең келетін қандай да бір мүлікке ие болса, оған пітір садақасын беру парыз. Мысалы: Бір кісінің екі машинасы бар делік. Бірін өзі және отбасы мінсе, екіншісі үйінде тұр. Онда ол кісінің пітір садақа беруі - уәжіп. Немесе күнделікті ішім-жемінен, киім-кешегінен, отбасының нәпақасынан артылып жиналған ақшаның мөлшері 85 грамм алтынға жеткен болса да үкім сол. Тіпті ертеректе ғалымдарымыз: кімнің үйінде қажетсінбейтін, яғни қолданбайтын 85 грамм алтынға тең келер заты болса, онда оның пітір садақаны беруі уәжіп деген[6].
Пітір садақаны кімдер үшін беру керек?
Пітір садақаны отағасы өзі үшін және балиғатқа толмаған жас балалары үшін жеке-жеке есептеп береді.
Ал, әйелі, үлкейген ұл-қыздары, ата-анасы, ата-әжесі, туған-туыстары, бауырлары, жатырдағы әлі дүниеге келмеген балаcы үшін пітір беру міндеттелмейді[7]. Әзіреті Осман мінген аты үшін де пітір садақа бергендігі деректерде айтылған. Әрине, ардақты сахабаның ол әрекетін міндеттелгендіктен емес, сауап үшін жасалған мұстахаб амал деп түсінген жөн[8].
Алайда сауап іздеген жанға өзінің қарауындағы үлкейген балалары мен әйелі үшін беруіне болады[9]. [10].
Бұнымен қатар ақыл есі дұрыс емес кедей ата-анасы мен ақыл есі дұрыс емес үлкен балаларының орнына пітір беруге де міндеттеледі[11].
Әйел кісі өзінің кішкентай балалары үшін беруге міндеттелмейді.
Мойнындағы пітір садақасын бермей тұрып қайтыс болғандардан міндет түседі. Дегенмен, мұрагерлері сауабы тие берсін деп, оның атынан да пітір садақа беруіне рұқсат, бірақ міндеттелмейді[12].
Пітір садақаны айт күні таң атысымен беру уәжіп болғандықтан, аталмыш уақыттан бұрын дүниеден өтіп кеткен адамдар үшін уәжіп емес. Бірақ осы уақыттан кейін қайтса, артында қалған туыстары қайтқан адам-ның малынан өтейді.
Пітір садақаның мөлшері
Пітір садақамына төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құ-нынан беріледі.
1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны.
2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны.
3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм неме-се осы мөлшердің құны.
4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм не-месе осы мөлшердің құны[13].
Осы жерде мынаны ескерген жөн: кедейлердің кез-келген қажетіне ыңғайлы болғандықтан тізіп өткен дақылдардың өзін емес, ақшалай құнын беру – абзал.
Пітір садақаның берілу уақыты
Пітір садақаны беру Ораза айт күні таң атысымен уәжіп болады. Пітір садақаны айт намазы басталмай тұрып беру – мұстахаб. Өйткені, Пайғамбарымыз пітір садақаны айт намазына шықпай тұрып беретін болған.[15] Бірақ, бірнеше күн бұрын беруге де болады. Тіпті бірнеше жылдық пітір садақаны жинап алдын-ала берсе де болады дейтін ғалымдарымыз бар. Түрлі себептермен аталмыш мерзімнен (айт намазы) қанша кешіктірілсе де, пітір садақа міндетті түрде берілуі тиіс.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедей-лерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлердің де жұрт қатарлы жадырауын көздейді дініміз[16].
Пітір садақаны кімдерге береді?
Құран Кәрімде айтылған зекет берілетін орындарға пітір садақаны да берсе болады. Олар: 1. Пақырлар; 2. міскіндер; 3. Зекет жинауға та-ғайындалған арнайы адамдар; 4. көңілдері жібітілуі мақсат етілгендер; 5. Құлдарды азат етуге; 6. Қарызға батқандар; 7. Аллаһ жолындағылар; 8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар[17].
Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға айтылса, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтады.
Қарызға батқандар деп – қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі дүниеге ие болмаған адамды айтамыз.
Жолда қалғандар деп негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары бар бола тұра, жолшыбай ақшасыз қалып, еліне жете алмай қалған кісілерді айтамыз.
Бұлармен қатар алыс-жақын туған-туыстары, бауырлары арасындағы тұрмысы-нашар кісіге де пітір садақасын беруіне болады. Тіпті оларға беру, өзгелерге бергеннен екі есе сауабы көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: Бірі - туыстық сауабы, екіншісі - садақа сауабы» деген[18].
Алайда, пітір садақасын өзінің туған ата-анасына, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне бермейді.
Мәліметтер islam.kz сайтынан алынды