ҚАБІРДЕ РУХ ҚАЙТА ДЕНЕГЕ КІРЕ МЕ?
Қабір әлемі – біздің күнделікті көріп, сезіп жүрген материалды өмірден тыс әлем екені белгілі. Ондағы құбылыстарға ақыл-ой жүгірту мүмкін емес. Оған байланысты мәліметтерді тек жаратушы иеміз Ұлы Алла Тағаланың сөзі Құран аяттарынан немесе Оның елшісі Мұхаммедтің (ғ.с.) хадистерінен аламыз.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистерінде «адам қайтыс болғаннан кейін, қабірде рухы қайта денесіне оралады да[1] содан соң екі періште оны отырғызып қойып сұрақ сұрайды» делінген [2]. Бірақ бұл қандай кейіпте болатыны бір Аллаға мәлім.
Осы тұрғыда Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Қабірдегі Мүнкәр-Нәкирдің сұрақ сұрауы шындық. Және (сұрақ сұралу барысында) қабірдегі пенденің рухы денесіне оралатындығы да шындық», – дейді.
«Ондағы рахаттықты немесе азапты сезуі үшін, мәйіттің рухы арықарай да денесінде бола ма?» деген сұраққа Имам Әбу Ханифадан ашық тұжырым келмеген[3]. Сондықтан Матуриди ақидасы ғұламаларының бірі Әбу Муъин ән-Нәсәфи:
«Жаратушымыз қайтыс болған адамға кәпір болса – азапты, ал мүмин-мұсылман болса – рахатты тататындай бейне бір жан бітірері сөзсіз. Алла тағаланың мына сөзі де соған мензеп тұр: «Раббымыз, бізді екі рет жанымызды алып, екі рет тірілтті»[4], – делінген аятта. Бұл құбылыс рухтың өлі денесіне қайта оралуы арқылы да болуы мүмкін, немесе өлі денеге рухты оралтпай-ақ, өз алдына бейне бір тірілік жарату арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бұл жайында ғалымдарымыз сөз етпеген…», – дейді ғұлама[5].
Кәләмші Саъдуддин әт-Тәфтәзани де: «Қабірде рахатты немесе азапты татуы үшін Алла тағала бейне бір тірілік жаратады. Бұл жерде рухының денесіне кіруі шарт емес… Тіпті өлі денесінде азаптың белгісі байқалмауы да мүмкін. Әрі бірден соң, денесі суға батып көмілмей қалса, немесе денесі хайуандарға жем болса да, … қабір азабын (немесе қабір рахаттығын) татады,– дейді ғұлама[6].
Демек, қайтыс болған адамның рухы екі періште сұраққа алу барысында өлі денесіне оралатыны ақиқат[7]. Одан ары қарайғы қабір өмірінде рухының денесінде қалуы немесе қалмауы белгісіз. Бұл құбылыстың қалайша орын алатындығы бір Алла тағалаға ғана мәлім. Қабір әлемі – өз алдына ерекше бір әлем болғандықтан, оны осы материалдық әлемге тән заңдылықтармен түсіну әсте мүмкін емес. Оны түсінуге біздің шектеулі ақылымыздың да, мына дүниедегі физикалық заңдылықтарының да өлшемі сай келмейді. Жоқтан бар етуші Ұлы Жасағанның құдірет-күші шексіз.
Абдусамат Қасым