ҚАБІРДЕН АРЫ НЕ ӨТЕДІ?
Адамның сөзі мен іс-әрекеті оның кім екенін көрсетеді. Алайда әдемі сөйлеп те, кісі көзі үшін боямалап әрекет жасауға да болатыны белгілі. Дінімізде «рия» деп аталар бұл қауіпті кемшіліктен құлан-таза адам кемде-кем. Тіпті бір қырынан қарағанда «мұсылманның өмірі – осындай олқылықтардан арылудың, іші-тысын тазалыққа, біртұтастыққа жеткізудің жолы» десе де болғандай...
Негізі, адамның шынайы бағасы – оның істеген ісі арқылы емес, оның КІМ екеніне қарай бағаланады. Өйткені ол адамнан сыртқа шығып жатқан бүкіл әрекет-амал – оның жан-дүниесінің (жүрегінің) сапасына тәуелді. «Жүрек – қазан, тіл – ожау, қазанда барды сапырар» дегеніміз сол. Мінеки, осы себепті Рухани өзегімізді, ішкі дүниемізді, жүрегімізді таза сақтау – ең басты мақсат-мұратымыз. Қасиетті Құрандағы «Ақыреттің игілігі – сау жүрек» («Шұғара» сүресі) деген тұжырым, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Алланың назары – жүректе» деген өсиеті, Абай хакімнің жүректің көзі тазалықпен ашылатынын айтқан сөзі – бәрі-бәрі осы Мұраттың дұрыстығын паш етеді.
Ішкі дүниеміздің көрінісі, амал-әрекетіміздің қалыбы – мінез-құлық десек, мінездің маңызы туралы мынандай тамаша хадис бар: «Расында, жаман мінез жасалған жақсы амалдарды, сірке суының балды бұзғанындай, бұзады» (Табарани, Ибн Әбу Дуния жеткізген хадис). Яғни мұсылман адам сыртқы амалдарына емес, сол амалдардың қайнар бұлағына, орталығына ерекше мән беруі керек. Әйтпесе, хадистерде айтылғанындай, көреалмаушылық пен ғайбат секілді күнәлар арқылы жинаған сауапты бір сәтте жоқ қылуға, қасықтап жинаған абыройдан бір демде айырылуға болатыны белгілі. «Сауап жинау – қиын емес, сақтап қалу, Ақыретке алып бару – қиын» деген сөз осыдан шыққан.
Біз әдетте «Бұл дүние – Ақыреттің егіні» деген түйінге және аят-хадистердің үстіртін мағынасына сүйеніп, «қабірден ары өткен адамға иманы мен амалдары жолдас болады» дейміз. Бұл – хақ сөз! Бірақ, басқа қырынан қарасақ, жоғарыда айтылған ойларды ескерсек және жасаған құлшылықтар – иманның қуаттаушысы; көркем мінезді, адами қасиеттерді қалыптастырушы себеп екенін ескерсек, адамның арғы дүниеге алып кететін негізгі нәрсесі – жан-дүниесіндегі байлықтар екенін, жүрек хәлі екенін түсінеміз. Телміріп терең ойдың соңына түскен Абай хакім бүй дейді:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббатпен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Адам ғапыл дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі – Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,
«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін.
Әркімнің мақсаты – өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.
Абай хакім бұл өлеңінде: ««Әділеттік, арлылық, махаббат» деген қасиеттер бойыңда болса, арғы дүниеге сол өтеді», - дейді. Ұлт ұстазының бұл сөзінің дұрыстығын қасиетті Құранның мына аяты дәлелдейді: «Ол күні (Қияметте) байлық та, балалар да пайда бермейді. Тек Аллаға сау (таза) жүрекпен келгендер ғана басқа (солар жеңіске жетеді, игілікке бөленеді)» («Шұъара» сүресі, 88,89-аяттар). Яғни, сау жүрек иелері, жан-дүниесін адами қасиетпен безендірген, өзегін Махаббат пен Парасатқа толтырған; сол тазалығының арқасында айналасына шуақ шашқан жандар – жеңіс пен жетістіктің иелері!
Енді мына хадиске құлақ түрелік: «Үмметімнің жақсылары Жұмаққа ораза мен намаздың, садақаның көптігімен кірмейді; Алланың рахметі, өз басының жомарттығы, кіршіксіз жүрегімен Жұмаққа кіреді». (Хасаннан Ибн Әбу Дуния жеткізген хадис) Яғни, құлшылықтың саны емес, сапасы, сіңірген құндылық-қасиеті маңызды. Пайғамбарымыз «Ғылымның қақпасы» деп атаған атақты сахаба Әли ибн Әбу Толиб (Ол кісіге Алла разы болсын!) айтқандай: «Жақсылықты істеуші – жақсылықтың өзінен жақсы, жамандықты істеуші – жамандықтың өзінен жаман»...
Иә, біз назарымызды атқарған амалдарымызға емес, жүрегімізге, өзіміздің КІМ екенімізге, КІМ болып бара жатқанымызға аударсақ, өкініш аз болар. Құдіретті де Мейірімді Иеміз баршамызға нағыз Мүмін болуды, Мухсин болуды нәсіп етсін!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ