Қабірдің жанынан өтіп бара жатып бет сипау дұрыс па?
Ассалаумағалейкум! Бізде көлікпен зират жанынан өтіп бара жатқанда бет сипап жатады. Мұндай шариғатта бар ма? Яғни, қабірдің жанынан өтіп бара жатқанда бет сипау дұрыс па? Ернат.
Уағалейкумуссалам! Ернат, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті бойынша қабірге келген адам сол жерде жатқан әруақтарға Алладан кешірім тілеп, дұға етеді. Бұл – сауапты іс. Сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Жәбрәйіл періште Мұхаммед Пайғамбарға: «Бақиғ қабіріне[1] барып ол жердегі жатқандарға «истиғфар», яғни, кешірім тіле!» деген Құдайдың бұйрығын жеткізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейіл айтқан қабірге келіп, қолын көтеріп дұға етеді. Үйге оралысымен Айша анамыз: «(Қабірдегілерге)Не дейін?», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз: «(Қабірге барғанда) былай де: «Уа мүмин-мұсылман қабір иелері, Алла Тағала біздің өлілерімізге де, тірілерімізге де рақым етсін. Алла қалаған күні біз де сендердің қатарларыңа қосыламыз»[2], – деп жауап берді.
Қазақтардың мұсылман қабірі қасынан өтіп бара жатып бет сипауы хадистен шыққан дүние деуге болады. Алайда, тек бет сипап қана қоймай сол жерде жатқандарға іштей Алладан рахым, жарылқау тілеген жөн. Сонда сіздің әрекетіңіз құр бет сипағандық емес, Пайғамбарымыздың сүннетін орындағандық болмақ.