Қайғының жалғыз дауасы

Қайғының жалғыз дауасы

2001-ші жылы Алматыға ауылдан бір топ абитурент әкеп, оқуға дайындап жаттық. Жатақхананың 5-ші қабатынан бірнеше бөлмені жалға алғанбыз. Күндіз-түні тест жаттап, жарысып жатқан жастар. Бір күні астыңғы қабаттан қырықтар шамасындағы ер кісі келіп:
— Жігіттер, байқаймын сендер діннен хабарларың бар сияқты. Мұнда бір туысымыз қайтып еді. Соған Құран оқып беретін адам бар ма араларыңда, — деп сұрады.
Мен келістім де, оған ілесіп төменгі қабатқа түстім. Бөлмеге кірсем азалы жүректен пайда болған ауыр атмосфера елдің еңсесін езіп тұр екен. Ұсынған орынға жайғастым да, дауыстап Құран оқып, марқұмның әруағына бағыштап дұға жасадым. Сосын барып үнсіз отырған тума-туыстары 7 шелпектен үзіп жеп, асқа қол созды. Мен оларды танымайтын болғандықтан үнсіз ғана астан алып отырдым. Менің ұққаным былай болды. Бұл бөлмеде отыз бестер шамасындағы жігіт ағасы тұрған. Ол таяуда жол апатына түсіп қаза тапқан. Себебі отыздан асқан жас келіншек бір баласын бауырына алып жылап отыр. Жиналған жұрт оған көңіл айтып жұбатқан болып жатыр. Шыны керек, олардың жұбату сөздері көңілімнен шықпады. «Аллаға да жақсы адам керек», «Құдайдың жазғаны да енді», «Ажал айтып келмейді деген осы да», «Тағдырыңа жазғанды көресің де енді» деген сыңайдағы жаттанды сөздер қаралы келіншекті одан сайын қайғыға батырып жатқандай көрінді. Бейне бір оған айналасы «Болды, осыған көнесің. Бұл қайғы мәңгіге созылады. Енді сенде жарқын күндер болмайды» деп айтып жатқандей сезілді. Мен одан ары шыдамадым. Маңызды бір нәрсе айтқым келелетінін білдіріп, даусымды көтердім де:
— Мен сіздерге ауыр қазаның қайғысын азайтатын бір аңыз айтып берейін,- дедім. Бәрі мен жаққа жалт қарады. Осы сәтті пайдаланып, «Будданың кезінде болыпты» деп айтылатын ғибратты бір аңызды баяндай жөнелдім.
Аңызды айтпас бұрын осы оқиғаны не үшін есіме алғанымды айта кетейін. Ұлы Британияның ең атақты дінтанушы ғалымдарының бірі Карен Армстронгтың ең соңғы еңбегінің бірін оқып отырғам. Сонда Карен біздің заманда діни танымның әбден шатысқаны туралы толғай отырып, қызық тұжырым жасайды. Ғалымның ойынша діни даудың шиеленісуінің бір себебі – қазіргі адамдар классикалық екі түрлі танымды орнымен қолдана алмайды. Ол осы ойын былайша тарқатады. «Ежелгі заманнан бері білім игерудің, сөйлеудің, ойлаудың әбден мойындалған екі түрі бар еді. Гректер оларды МИФ және ЛОГОС деп атаған. Екеуі де адам үшін өте маңызды. Біреуі біреуінен артық емес. Олар ешқашан да бір біріне қарсы шықпай, керісінше бірін бірі толықтырып келе жатты. Екі танымның да өз кезегінде қолданысқа түсетін кезі бар-тын. Бұл екі танымды шатыстыру надандық боп саналды. Логос деген (ақыл) ойлаудың прагматикалық пайым түрі. Ол адамдардың осы дүниеде қолайлы тұрмыс кешуіне көмектесті. Адамдар қуатты қару жасағанда, қоғам құрып, қала салғанда, сапарын жоспарлаған кезде үнемі логосқа мұқтаж болды. Логос ылғи да назарын алдыға қарай тігіп, қоршаған ортаны бақылаудың жаңа әдістерін іздеп табатын. Ол ескірген көзқарастарды жаңартып, жаңа заттар жасап шығуға шебер. Логос адам баласының тірі қалуы үшін таптырмайтын таным. Бірақ оның да шама-шарқы шектеулі. Логос жүрегін қайғы мен мұң торлаған қаралы кісіге жұбаныш сыйлай алмайтын. Бұл таным өмір үшін күрес басталғанда пенденің тіршіліктен мән тауып, табанды болуына септеспейтін. Сол себепті де адамдар аңыз бен әпсанаға арқа сүйегенді жақсы көретін», — дейді.
Осы бір сөйлемдерді оқып отырып ішімнен «Карен қалай дәл айтқан» деп таңғалдым. Сөйттім де 2001-ші жылы жастай жан жарынан айрылып, есеңгіреп отырған жесір әйелге айтып берген осы аңызды есіме алдым.
Аңыз былай басталады. Будданың заманында сол аймақта бір әйелдің күйеуін джунглиде жылан шағып өлтіреді. Күйеуінің қазасын естігенде жан жары есеңгіреп отырып қалады. Ауыр қайғыдан әзер дегенді ес жинап, бауырында қалған жалғыз баласын сүйеніш етіп, қалған өмірін сүрмекке бел буады. Арада жыл өтпей 3 жасар ұлы суға кетіп, одан да айрылады. Қайғыдан қан жұтқан келіншек есі ауып жатып қалады. Сол кезде оған ауылдың бір қарты келеді де «Балам, басыңды көтер. Әлі де үміт бар. Мына елдің пәлен деген аймағында Будда деген әулие шығыпты. Оның өлген адамды да тірілте алатын кереметі бар екен. Соған барып көр» дейді. Жесір әйел мұны ести сала баласының мәйітін арқалап, Будданың елін іздеп жолға шығады. Көп ұзамай Будданың да үйіне келіп жетеді. Ол келген бойда зар еңіреп, басындағы қайғысы мен қасіретін айта бастайды.
— Ең болмаса жалғыз баламды тірілтіп беріңіз. Мен үшін өмірде басқа
мән де, мағына да қалмады,-дейді.
— Сол ғана ма бар қайғыңыз?-дейді Будда.
— Қалай сол ғана ма? Сіз үшін бұл қайғы болып саналмай ма?
— Әрине, бұл зор қайғы. Бірақ, баланы қайта тірілту түк те қиын емес. Сіз
тек мына көрші үйдің бірінен бір уыс бұршақ әкелсеңіз жетіп жатыр. Қалғаны менің ісім,-дейді. Мына сөзді естігенде келіншек өз құлағына өзі сенбей:
— Бар болғаны сол ма? Бір уыс бұршақпен балам тіріле ме?-дейді.
— Ия, тіріледі. Тез барып әкеліңіз,-дейді Будда. Келіншек сүрініп-
қабынып шығып бара жатқанда Будда оның соңынан:
— Айтпақшы, ұмытып кетіппін, бір шарты және бар. Бұршақты ешқашан
үйінен қаза шықпаған үйден алыңыз. Әйтпесе, дәртке аспайды,-деп дауыстайды. Бақыттан басы айналып, алып-ұшып тұрған әйел оған жете мән берместен «иә,иә» дейді де, жүгіріп кете барады. Ол заулап отырып, бірінші кездескен үйдің есігін шала-шарпы қаққан күйі кіріп келіп:
— Құдай үшін, маған бір уыс бұршақ дәнін беріңіздерші. Өте қажет болып тұр,-дейді алқынып. Үй иесі:
— Жарайды, алыңыз,- дейді де бір уыс бұршақты салып береді.
— Рахмет, – дейді де әйел Буддаға қарай асығады. Есіктен 6-7 қадам ұзай
бергенде ұстаздың ескертуі есіне түсіп, кері қайтады. Есіктен басын сұғып:
— Кешіріңіздер, сіздердің отбастарыңызда ешкім дүние салған жоқ па
еді? — дейді. Үй иесі таңырқай қарап:
— Дүние салмағаны қалай? Осыдан алты ай бұрын алпыстан асқан қартымызды жер қойнына тапсырып, содан есімізді енді жинап жатырмыз,-дейді.
— Ой, онда кешіріңіз, бұршағыңыз жарамайды. Маған қаза шықпаған үй
керек,-дейді де, алған бұршағын қалдырып, шығып кетеді. Шыққан бойда екінші көршіге кіріп, өтінішін қайталайды. Бұршақ бұл жерден де оңай табылды. Алып жатып:
— Кешіріңіздер, сіздің үйде ешкім дүние салмаған ба еді? –дейді. Отағасы:
— Былтыр ғана мына үлкен баланың әйелі толғақ үстінде жан
тапсырды. Бұл бала содан бері бойдақ,-деді. Келіншек бұл үйден де құр қол шығады. Үшінші үйге кірген кезде бұршақты алмай тұрып сауалын қояды. Көңілсіздеу отанасы:
— Екі ай бұрын бой жетіп қалған қызымыз құдыққа құлап, ажал құшты. Содан бері өзіме-өзім енді-енді келіп жатырмын, қарағым,-дейді қамыққан дауыспен. Келіншек еріксіз кері шегінді. Осылайша ол қай шаңыраққа кірсе да олардың да әйтеуір бір туысы қайтқан болып шығады. Кейбірінің басындағы қасірет адам айтса нанғысыз ауыр екен. Бір апаттың кезінде бірнеше баласынан қатар айрылып, аңырап қалған аналар да кездесті. Сел жүргенде үрім-бұтағымен суға кеткен жандардың туыстарымен де тілдесті. Өзінің жайын олармен салыстырып, тәуба қылып, іштей шүкіршілік ете бастады. Ауылға дендеп кірген сайын оның сана-сезімі ояна берді. Өлімнің де өмірдің ажырамас бір серігі екенін ақырындап ұққандай болды. Қайғы мен қаза мұның бір өзінің ғана басында емес екен. Барлық отбасы өзі сияқты ажалмен күніге бетбе-бет келіп, өмір мен өлімнің арасында тіршілігін сүріп жатыр екен. Ауылдың шет жағында әлі де бірнеше үй бар еді. Енді ол жаққа барудың пайдасыз екенін ұққан келіншек кері қарай бұрылды. «Өмірдің түпкі сырына ұмтылып, бақыттың кілтін тапсам» деген рухани сұраныс кеудесінде қайнай бастады. Осыған дейін жүрегін жеп қоя жаздаған қасіреттің уы да тарағандай болды. Ол Будданың үйіне тақағанда ұстаз алдынан шығып, салмақты түрмен:
— Бұршақ таптың ба? –деді.
— Құрметті ұстаз, мені шәкірт етіп алыңызшы. Сізден рухани дәріс алғым келеді,- деп ұстазға тағзым етті. Ол осылайша Будданың алдында тәлім алып, талай адамға қызмет етті. Өмірден ауыр соққы алған талай жанның қайғы мен мұңын бөлісіп, өзі де бақытты ғұмыр кешіпті.
Аңызды баяндап біткен соң мен қаралы әйелдің жүзіне назар салдым. Оның екі көзінде кетпей тұрған әлгіндегі мағынасыз мәңгірген көзқарас лезде ғайып болыпты. Ол бейне бір өмірдің келесі күндерінен тек жақсылық пен қуаныш күткендей дүр сілкініп, қайтадан қайратты қалпына еніпті. Бөлмедегі ауыр атмосфера да жойылып, сергек аура пайда болды. Сол-ақ екен, рухани әңгіменің тиегі ағытылды да кетті. Бағанадан бері жаттанды сөздер айтып, жасанды кейіпте отырған тума-туыстары да неше түрлі өмірде болған бақытты оқиғаларды кезек-кезегімен еске түсіріп, әңгімені қыздыра түсті. Ол жерде ұзақ бөгелуіме тура келді. Қызды-қыздымен оларға тура осындай оқиғаға ұқсас Л. Толстойдың «Чем люди живы» деген аңыз әңгімесін де айтып бердім. Одан кейін оларды кездестірген емеспін. Бәлкім, кім біледі, сол жесір келіншектің де бағы ашылып, бақытын қайтадан тапқан шығар.
Карен Армстронгтың дін туралы жазған кітаптары миллиондаған адамдардың дін туралы түсінігін реттеп алуына сеп болды. Британдық ғалым барлық кітабында өмірі өлмейтін бір идеяны арқау етіп алған. Ол идея – мифтік танымды тірілту. Өмір бойы күллі адамзаттың жан-жарасына шипа болған аңыз-әпсаналар мен діни қиссалардың кейінгі кезде қолданыстан шығып бара жатқанына ағылшын әжейдің жүрегі ауырады. Ол 2009 жылы жазған «The case of God» (Ресей ол кітапты 2012 жылы «Биография Бога» деген атпен аударды) атты еңбегінде де осы мифтік танымның адамдар санасынан өшіп бара жатқанын қынжыла баяндайды. Ол туралы алдағы уақытта тарқатып тағы да жазамыз.

Санжар Керімбай
degdar.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста