Қарыз алып, құрбандық шалуға бола ма?
ҚМДБ төрағасының кеңесшісі Батыржан Мансұров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде «Құрбан шалу үшін қарыз алуға бола ма?» деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Тurkystan.kz-ке сілтеме жасап.
ҚМДБ өкілінің айтуынша, қарыз алып, құрбан шалу міндет емес. Өйткені құрбан шалу үшін адамның жағдайы болуы керек.
«Жағдайы бар адам ғана құрбандық шалады, ал енді жағдайы келмейтін адам қарызданып құрбан шалуға міндетті емес. Алайда осы күндері құрбандықтың сауабынан құр қалмайын, мен де құрбан шалайын деген мақсатта қарыз алса, ол болады», – деді ол.
Бірақ алған қарыз адамның жағдайы келетін шамада болуы тиіс. Батыржан Мансұров құрбандық кезде құрбан шалудағы мақсат қан ағызу екенін айтты. Сондықтан құрбан шалған кезде таңдаған малыңызды көрсетілген уақытта, үш күннің ішінде шалу – міндет. Ал садақа ретінде құрбандық қаражаты жүрмейді. Ал одан тыс берілген садақа бұл күндері беріле береді.
Батыржан Мансұров құрбан шалу кімдерге міндет екенін айтты.
«Бірінші, құрбан шалу балиғат жасына жеткен, ақыл-есі бүтін мұсылман болуы керек. Екінші, Құрбан айт күндері жолаушы болмауы керек. Үшінші, нисап мөлшеріне жететін қаражаты болуы керек. Яғни, нисап мөлшері дегеніміз – шариғатта ол 85 грамм алтын. 85 грамм алтынның құнына тең келетін қаражатпен есептегенде бүгінгі күнімізде 1 400 000 теңгесі бар кісі құрбан шалуға міндет», – деді ол.