Қасиетті Қағбаның тарихы
Қасиетті Қағба – адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы Алла үйі. Оның Қағба аталуы сыртқы бейнесінің шаршы болуымен түсіндіріледі, яғни, «Қағба – тік төртбұрышты болғандықтан осылай аталған[1]». Қағба – мұсылман баласының көзі мен жүрегі талпынып тұратын құбыласы. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) – бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол[2]»,–дейді. Қолда бар тарихи деректерге сүйенсек, Қағбаның бүгінгі күнге дейін бірнеше рет қайта құрылғанына көз жеткіземіз. Алайда, Көне үйдің[3] кірпішін ең бірінші қалаған кім екендігі – тарихшылар арасында даулы тақырып. Өйткені, Қағба жөніндегі тарихи деректердің басым бөлігі жоғалған. Әйтсе де, бұл құрылыс Адам (ғ.с.) ата жерге түспестен бұрын тұрғызылған.
Қағбаның қақ төбесінде жетінші қабатта періштелер құлшылық ететін Бәйтул Мағмур[4] (тұрғызылған үй), ал, оның үстінде Аршы бар.
Мұсылмандар бес уақыт намазда сол тарапқа бет түзеп құлшылық етеді. Қағбаны Алланың құлдары күні-түні тәуеп етеді. Тек намаз уақытында ғана тоқтатады.
Құран Кәрімде: «Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп жасадық…[5]»,-деп айтылғандай, Қағба Алла елшілері әкелі-балалы Ибраһим мен Исмаил (ғ.с.) көтергелі бері ешуақытта өз қасиетін жоғалтпаған. Қағба мұсылмандардың жүрегінде қастерлі болғаны сияқты, Мекке мүшріктері де оны ерекше құрмет тұтты. Сол дәуірлерде діні мен құлшылығы бөлек мүшріктер де мұсылмандармен қатар өз рәсімдерін жасайтын еді. Осылайша, олардың өз құлшылығы болғанымен, Жалғыз Жаратқанға құлшылық етушілер мен пұтқа табынушылар бірдей Қағбаны құрмет етті.
Алла тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) келіп қасиетті жерді көпқұдайшылық және пұтқа табынушылықтан тазарта бастады. Һижреттің 10-жылы Мекке шаһары және Қағба рухани ластықтан толығымен тазарды.
Мекке оның ішінде Қағба барлық пұт пен оның нышандарынан құлан-таза етілді. Сол жылдан бастап кәпірлердің Қағбаға қажылық етуіне тыйым салынды.
Қағба Алла тағала үйі болғандықтан, оны түрлі қауіп-қатер мен айлакерлердің зиянкестігінен қорғалған. Оның түбегейлі бұзылып кетуінен сақтайды. Қағба Ибраһим (ғ.с.) тұрғызғаннан бері 4 мың жыл бойы өзінің қасиеттілігі жоғатпады. Қиямет күніне дейін осылайша жалғаса береді. Қағбаны қиратпақ болған әрекеттер де тарихта болған. Оның ең үлкені –Йемен патшасы Әбраһаның әрекеті. Ол жер қайыстырарлық қалың қолмен Қағбаны қиратпақ болып Меккеге бет алады. Алайда, қалаға он шақырым қалғанда Муздалифа мен Мина арасындағы ойпатта Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Бұл оқиға Құрандағы «Фил» сүресінде баяндалады.
Қағбаның қызметі
Қағбаның қызметі – хижаба (қақпа күзеті), ал, Қағба қызметкерлері – сәнәдә (қасиетті орын қызметкерлері) деп аталады. Бұл – Бәну Шәйбә әулетінің атадан балаға мұра етіп қалдыратын қызметі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол әулетке:
خذوها خالدة تالدة لا ينزعها منكم إلا ظالم
«Бұл қызметті мәңгілікке ұрпақтан-ұрпаққа алыңдар. Сендерден бұл қызметті тек залым тартып алады»,– деген екен.
Мекке қаласы азат (фатх) етілген соң, Қағба кілтін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Осман бин Талха мен оның ұлы Шәйбәға табыс еткен. Сол күннен осы абыройлы қызметті атқару – Бәну Шәйбә әулетінің міндеті.
Қағба қызметін ең алғаш Ибраһим, одан ұлы Исмаил алды. Сосын оның ұрпақтарының қолына көшті. Олардан нағашылары Жұрһум тартып алады. Кейінірек күшпен Хузаға руы иелік етті. Хузаға қолында бұл қызмет бірнеше ғасырға созылды.
Бұдан кейін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) төртінші атасы – құрайыштық Құсай айналысты. Ал, Құсай Қағба кілтін ең үлкен баласы Абдударға берді. Оның қолында жаһилиет және Ислам кезеңінде сақталды. Сосын Шәйбәнің әкесі Осман бин Талханың қолына келіп тиді.
Қағбаның сипаты
Қағба құрылысы – жоғарыда айтқанымыздай, тік төртбұрышты текше (куб). Ибраһим (ғ.с.) оның ұзындығын 9 зирағ етіп салды. Және шығыс пен батыс жағында есік орнын жасады. Алайда, ашып немесе жауып қоятын есігі болмаған. Сондай-ақ, Қағбаның төбесі жабылмаған ашық күйінде тұрды. Ішінде сыйлықтар сақталатын құдығы бар еді.
Ішінде ірі үш бағанасы бар. Сондай-ақ, солтүстік жағынан тәубе есігінен өтіп баспалдақ арқылы төбесіне көтерілуге болады. Ал, ішке енетін есік қарсысында михраб орналасқан. Қалған қабырғасы түрлі түсті мәрмәрмен көмкерілген. Үлкен сандық ішінде көне жәдігер заттар сақтаулы.
Қағбаның өлшемі
Меккедегі «Умму Қура» университеті жанындағы Қажылық Зерттеулер Орталығы бұған қатысты мынадай мәліметтер келтіреді:
1.Қара бұрыш пен Шам бұрышына дейін (Қағба есігімен қоса) – 11.68м.
2.Йемен және Батыс бұрышы арасы – 12.04м.
3.Қара және Йемен бұрышы арасы – 10.18м.
4.Шам мен Батыс бұрышы арасы – 9.90м.
Ал, биіктігі әр заманда әртүрлі болған. Ибраһим (ғ.с.) заманында 4.32, Құрайыштар кезінде 8.64м., ал, Абдулла бин Зубайыр (р.а.) 12.95м. етіп көтерген.
Қағба пайда болғалы бері 12 рет қайта тұрғызылған. Бұл тарихи хронология бойынша келесі ретпен баяндалады:
1.Періштелер;
2.Адам (ғ.с.);
3.Шис (ғ.с.);
4.Ибраһим (ғ.с.);
5.Диюлар;
6.Жұрһум арабтары;
7.Қусай – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) 4-ші атасы;
8.Абдулмутталиб – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы;
9.Құрайыш руы;
10.Абдулла бин Зубайр (р.а.);
11.Хажжаж;
12.Осман сұлтаны Мұрад хан.
Құрайыш руы құрылыс жұмысын жүргізген кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) отыз бес жаста еді. Алла елшісіне (с.ғ.с.) бұл құрылыста маңызды міндет саналған қара тасты орнына қою тапсырылды.
Қағбаның құрамдас бөлшектері
Қағба – жер бетіндегі ең көне және ең қасиетті мешіт. Оның діни және тарихи құны жоғары. Қағбаның құрамдас бөліктерін ретімен қысқаша баян етіп көрелік.
Қара тас
Ибраһимге (ғ.с.) мұны Жәбірейл періште үнді жерінен әкеліп береді. Тас ақ жақұттан еді. Бұл тасты Адам (ғ.с.) жәннаттан алып түскен. Алайда, адамдардың күнәсі оны қарайтып жіберді. Ол жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
كان أشد بياضاً من اللبن، وإنما سودته خطايا ابن آدم
«Ол сүттен ақ еді. Бірақ адам баласының күнәсі оны қарайтып жіберді[6]»,-деген екен.
Йемен бұрышы
Йемен бұрышы қара тастың оң жағында тұрған бұрыш. Тауаф жасаған кезде қара тастан бұрын осы бұрыш келеді. Йемен бұрышы мен қара тас ортасында мына дұғаны айту – сүннет:
اللهم إني أسألك العفو والعافية في الدين والدنيا والآخرة، ربنا آتنا في الدنيا حسنة وفي الآخرة حسنة وقنا عذاب النار
«Я, Алла, Сенен дінде, дүниеде және ақыретте жарылқау мен амандық сұраймын. Раббым, дүние және ақырет жақсылығын бере гөр. Және тозақ азабынан сақта». Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Йемен бұрышына қолын тигізетін, сондықтан осылай ету сүннет болып табылады.
Хижр Исмаил
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша (р.а.) анамызға:
إن قومك استقصروا من بنيان البيت، ولولا حداثة عهدهم بالشرك أعدت ما تركوا منه
«Сенің жұртың Қағбаны қысқартып салды. Егер олар ширк заманынан жақында құтылғаны болмаса, мен оны бастапқы қалпына қайтарар едім…[7]»,-деген.
Бұл – Қағбаның солтүстік жағында тұрған доғал пішіндегі қабырға. Хижр сонымен қатар Хатим (қысу) деп те аталады. Оның себебі – адамдар оның ішінде дұға жасау үшін қысылысып әрең тұрады. Бір жағынан онда жасалған дұға сөзсіз қабыл болады.
Қағба шазрауаны
Бұл – Қағбаның шығыс, батыс және оңтүстік жағынан сыртқа шығып тұрған іргетасы. Шазрауан 68 мәрмәр тастарды құрайды. Әдетте, қажылар Йемен бұрышынан кейін шазрауан үстіне шығып қара тасты сүюге Қағба түбін жағалап жүреді.
Мүлтазам
Бұл – қара тас пен есік ортасындағы аралық. Мүлтазам (тұруды әдетке айналдырған орын) деп аталуы адамдар сол жерде көп дұға жасайды. Себебі, Мүлтазам – дұға қабыл болатын орындардың бірі. Абдулла бин Амр (р.а.) сол орында тұрып: Бұл орында Алла елшісі (с.ғ.с.) тұрып:
الملتزم موضع يستجاب فيه الدعاء ما دعا الله فيه عبد دعوة إلا استجابها
«Мүлтазам – дұға қабыл болатын жер. Пенде ол жерде дұға етсе Алла Тағала қабыл етеді»,-деген деп риуаят етеді.
Қағба мизабы (суағары)
Суағар ең алғаш Құрайыш құрылысында орнатылды. Суағар – Қағбаның солтүстігінде Хижр Исмаил жағында. Суағардың іші мен сырты алтынмен қапталған. Оны ең алғаш Уалид бин Абдумалик халифа жасады. Суағарды жөндеу үшін немесе патшалар мен бай тұлғалар Қағбаға өз атынан сыйлық ету үшін ауыстыратын. Ең соңғы суағарды Осман халифасы сұлтан Абдулмажит хан Константинопольде 1276 һ.ж. 50 ратль алтынға жасатқан.
Қағбаның есігі
Қағбаның есік орны болғанымен есіктің өзі кейін орнатылғаны белгілі. Ең алғаш Йеменнің 3 Патшасы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) көп уақыт алдын салды[8]. Оның ұзындығы 11 зирағ болды. Жерге тиіп тұратын. Ал, құрайыш қалаған адамын кіргізіп, қаламағанын кіргізбеу үшін есікті жоғары етіп орнатқан екен.
Кейін Сауд патшалығы кезінде есік екі рет ауыстырылды. Абдулазиз патша 1944 жылы аллюминиден қалыңдығы 2.5см. және биіктігі 3.10м. темір тұтқалы етіп жаңа есік қойды. Оны алтынмен апталған күміс парақтармен қаптады. Екінші рет 1977 жылы Халид бин Абдулазиз патша жасады. Бұл жолы есік он екі ай бойы жасалды. Оның өлшемі: биіктігі – 3 м., ені – шамамен 2 м., Қағбадан 0.5м. ішке еніп тұр. Есік екі бөліктен тұрады.
Есікке Діни мәтіндер жазылды. Алла Тағала және Мұхаммед Алла елшісі (с.ғ.с.) деген жазумен қатар мынадай аяттар жазылды:
ادْخُلُوهَا بِسَلامٍ آمِنِينَ
«Жәннатқа амандықпен кіріңдер[9]»
جَعَلَ اللَّهُ الْكَعْبَةَ الْبَيْتَ الْحَرَامَ قِيَامًا لِلنَّاسِ وَالشَّهْرَ الْحَرَامَ
«Алла тағала құрметті үй Қағбаны адам баласы үшін тұрақ етті және құрметті айды…[10]»
رَبِّ أَدْخِلْنِي مُدْخَلَ صِدْقٍ وَأَخْرِجْنِي مُخْرَجَ صِدْقٍ وَاجْعَلْ لِي مِنْ لَدُنْكَ سُلْطَانًا نَصِيرًا
«(Мұхаммед (ғ.с.) Раббым! Мені (кірер жеріме) шындықпен кіргіз де (шығар жерімнен) шындықпен шығар. Әрі маған өз қасыңнан жеңіс көмек ет»,-де[11]»
كَتَبَ رَبُّكُمْ عَلَى نَفْسِهِ الرَّحْمَةَ
«…Раббыларың мәрхамет етуді өз үстіне алған…[12]»
وَقَالَ رَبُّكُمُ ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ
«Раббыларың: Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын…,-дейді[13]»
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
«(Мұхаммед (ғ.с.) әй өздеріне зиян еткен құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені, Ол – тым жарылқаушы, төтенше мейірімді»,-де[14]».
Сонымен бірге, екі есіктің ортасында шеңбер түрінде «Фатиха» сүресі жазылған. Ал, оның астына кішкене әріптермен «алғашқы есік екі харам қызметшісі патша Абдулазиз бин Абдурахман Сауд әулеті 1363һ.ж. тарапынан жасалды. Бұл есік екі харам қызметкері Халид бин Абдулазиз Сауд әулетінен тарапынан 1399һ.ж.» деп жазылған.
Сондай-ақ, есіктің қатпалдарында Алла Тағаланың 15 көркем есімі жазылған, үстінгі жағына:
يا واسع يا مانع يا نافع
«Иа Уасиъ, иа Маниъ, иа Нафиъ»
Оң жағына:
يا عالم يا عليم يا حليم
يا عظيم يا حكيم يا رحيم
«Иа Ъаалим, иа Ъалиим, иа Халим, иа Ъазым, иа Хаким, иа Рахим»
Сол жағына:
يا غني يا مغني يا حميد
يا مجيد ياحنان يا مستعان
«Иа Ғани, иа Мұғни, иа Хамид, иа Мажид, иа Ханнан, иа Мустаъан» деп жазылған. Бұл жазбаларды шейх әс-Саға орындаған.
Қағба жайлы қысқаша дерек осы.
Руслан ҚАМБАР
[1] Мұжаһид тәпсірі
[2] Әли Ғимран сүресі, 96-аят
[3] Көне үй – Қағбаның атауы. Хаж сүресі 29-аятқа қараңыз
[4] «Тұрғызылған үйге (Көктегі құбылаға) серт» (Тұр сүресі, 4-аят)
[5] Бақара сүресі, 125-аят
[6] Сүнән
[7] Бұхари
[8] Сира, Ибн Һишам
[9] Хыжыр сүресі, 46-аят
[10] Мәида сүресі, 97-аят
[11] Ісра сүресі, 80-аят
[12] Әнғам сүресі, 54-аят
[13] Ғафыр сүресі, 60-аят
[14] Зүмәр сүресі, 53-аят