Қазақ Ислам дінін қашан қабылдаған?

Қазақ Ислам дінін қашан қабылдаған?

Қазақ халқының мұсылманшылдығына деструктивті діни топтардың өкілдері күдікпен қарайтынын талайдан бері ашық айтып келеді. Олардың пікірінше ата-бабаларымыз Хақ дінді толық қабылдай қоймаған, қабылдаса да адасқан сенімде болыпты-мыс. Онысына дәлел ретінде Қазақ халқының әдет-ғұрыпқа беріктігін, молаға зиярат жасап, әруақтарды құрметтегенін, сопылықты ұстанып, пірлерге қол бергенін, қала берді көшпелі өмір сүріп, мешіт-медіресе ұстамағанын т.б осындай негізсіз уәждерін алға тартады.

Исламтанушы Қайрат Жолдыбай «Дін мен Діл» атты еңбегінде бұл мәселелердің басым көпшілігінің негізсіз екеніне жан-жақты дәлелмен жауап берген болатын. Сондықтан, аталған мәселелерді қайта қоздатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймыз. Ал, біз бүгін Қазақ халқының Ислам дінін қашан қабылдағаны жөнінде өз ойымызды ортаға салмақпыз.

Саяси күрделі кезең
Ілкі саяси-фатх кезеңге тоқталмай тұрып, алғаш рет ата - бабаларымыз хақ дінмен қай кезеңде қауышқан деген мәселеге тоқталсақ деймін. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде түріктердің алғаш рет исламды қалай қабылдағаны туралы тың деректер айтылады. Бабамыздың келтірген деректеріне қарағанда түркілер Исламды Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның өмір сүрген дәуірінде қабылдай бастаған. Хақ діннің келгені туралы хабар алғанда түркілердің бір тобы араб түбегіне сапар шегіп, Мұхаммед (с.а.у)-мен жүздесіп өздерін: «Озған (Оғыз қаған) пайғамбардың үмбетіміз деп таныстырғанда, Алла Елшісі түркілердің сенімін терістемеген көрінеді. Осыдан кейін түркілер исламды қабылдап, Алла Елшісі өзінің сахабасы Үкаш атаны оларға ұстаз ретінде жіберіпті. Исламды қабылдаған жүз қаралы адам елге келіп хақ дінді насихаттайды. Үкаш ата мен оның үзеңгілес серігі Ер Қоян (тегі түрік) сахаба дінді тарату жолында шейіт болады. Осы екі тұлғаның қабірінің оңтүстік өңірде жатқанын ескерсек, Мәшһүр Жүсіптің бұл дерегін жоққа шығара алмаймыз. Яғни, түркілер Исламды Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның көзі тірісінде-ақ қабылдай бастаған деп тұжырымдауға негіз бар.
Ал, фатх жорығына келетін болсақ, Құтайба ибн Мүслимнің 705-714 жылғы Бұхара, Самархан, Шаш, Ферғана және Қашқарияны күшпен жаулап алғаны белгілі. Алайда, осы аймақта өмір сүретін соғдылар мен түркілер Омаяттардан саяси тұрғыдан жеңіліс тапқанымен рухани тұрғыдан Исламға бірден мойынсұна қоймады. 720-740 жылдары Түркеш қағанаты Омаяттарға қарсы ұдайы қарсы тұрды. Тегінде, түркештердің бір бөлігі Көк тәңірі сенімінде болса, келесі бір бөлігі (билеушілері) будда сенімінде, сондай-ақ, Орталық Азияның көптеген қалалық аумақтарында зорастаризм мен манехейлік сенімі салтанат құрған болатын. Осы ескі сенімдер мен жаңа Ислам дінінің арасындағы күрес ондаған жылдарға созылды.
VIII ғасырдың орта тұсында Орталық Азия күрделі геосаяси ахуалды басынан кешірді. Күн шығыстан Тан империясы Орталық Азияға үлкен қауіп тудырса, күнгей тұстан Омаядтар ұдайы фатх жорықтарын жасады. Сол кезеңде түркілердің қос өкпеден қысқан алпауыттарға қарсы тұратын қауқары болған жоқ еді. Сөйтіп, Орталық Азия үшін Омаядтар немесе Тан империясы тайталасқа түсті. Ал, түркілер осы екі саяси күштің біріне таңдау жасауы керек болды. Орталық Азиядағы сол кезеңдегі белсенді саналған қарлұқтар Тан империясына қарсы тойтарыс беруі үшін Омаядттардың көмегіне сүйенді. 751 жылы Талас өзенінің Атлах  жазығында болған Омаядтар мен Қарлұқтардың біріккен әскери күші Тан империясының әскерін тас-талқан етіп жеңді. Бұның нәтижесінде Орталық Азияда Ислам діні саяси тұрғыдан басым күшке ие болды. Дегенмен, бұл жеңістен кейінде Орталық Азия халықтары Исламға біріңғай бет құра қойған жоқ. Оған Омаядтардың билігі тұсында қылаң берген араб ұлтшылдығының әсері себеп болды. Тарихшы Наршахидің «Бұқара тарихы» атты еңбегінде Омаядтар династациясының жергілікті наместниктерінің халықты ескі түркі жазуынан күштеп бас тартқызғаны, ономастикалық атауларды күштеп өзгерткені туралы жазылған. Ал, араб үстемдігіне қарсы Орта Азиядағы халық көтерілісі 776 – 783 жылдары орын алды. Көтерілісті Мервтегі қолөнерші Муканна Хашим ибн Хаким басқарды. Әсілі, бұл көтерілістің басқыншылыққа қарсы сипатынан көрі, діни сипаты басым еді. Муканнаның діни сенімі  мен саяси көзқарасы шииттердің ғулат тобына жататын. Ол хулул сенімінде болды (өзінде тәңірдің рухы бар деп санады). Орталық Азиядағы екінші үлкен көтерілісті VIII ғасырдың аяғында Мубайдиттер (ақкиімділер) жасады. Көтеріліс басшысы Ысхақ ат-Түрік (бүгінде Созақта жерленген Ысқақ баб) шииттердің Кайсания ағымын жақтаған тұлға болатын. Яғни, бұл көтерілістің тұрпатында араб басқыншылығына қарсылық байқалғанымен, негізінен көтеріліс шииттердің саяси қозғалысына жататын еді. Осы саяси кезеңде Омаядтардың билігіне қызмет еткен билеуші әулеттер ислам дінін қабылдай бастады. Сонымен бірге, араб елдеріне барып келіп жүрген саудагерлердің бір шоғыры да хақ дінге мойынсұнды. Сөйтіп, түркілердің бір парасы исламды ресми түрде қабылдады.

Исламның бейбіт уағыздалуы
Ислам діні фатх жорықтары кезінде саяси тұрғыдан жеңіске жеткенімен, Хақ шұғыласы халықтың жүрегінен орын алуы үшін ислам өз табиғатына сай бейбіт насихатталуы керек-тін. «Адамды күшпен бағындыру оңай, бірақ оның жүрегі алынбас қамал» деген сопылардың тәмсілі тікелей осы біздің тарихымызға қарата айтылған. Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Мубайдиттердің көсемі Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарақан қағаны Мұса Ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Задында, бір дінді мемлекеттік дін етіп жариялау үшін сол дінге халықтың басым көпшілігі илануы тиіс. Яғни, Мұса қағанның бұл шешімінен сол кездегі Қарақан мемлекетіне бағынышты елдің Исламды қабылдағанын аңғарамыз. Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй қыпшақ-түркі исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. ІХ ғасырда Муғтазалияілімінің Аббасидтер идеологиясына айналуына байланысты Орталық Азияда Исламның рационалистік ағымдары өмір сүрді. Осының нәтижесінде Фараби, Ибн Сина, Бируни, Матуриди секілді шариғатпен қатар пәлсапа ілімін менгерген ғалымдар шықты. Сондай-ақ, наклді (Құран мен Сүннет) жоғары қойған Бұхари, Муслим секілді хадистанушылар төбе көрсетті. Факиһтер мен сопылардың арасындағы қақтығыс кезінде Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи секілді фыкһ ғалымдары бой көрсетті. Тіпті, Қарақан дәуірін терең зерттеген З.Кабакшы осы кезеңде Мәуреннахрдан үш жүзден астам фыкһ ғұламаларының шыққанын айтады. Ал сопылық ілімнің таралуына келетін болсақ, Жүсіп Хамадани, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидденн Кубра секілді сопылар өз тарихаттарын құрды. Бұл екінші кезеңде де Орталық Азия біркелкі Исламды толық қабылдай қойған жоқ. Орталық Азияның Хорасан, Иранмен шекаралас аймақтарындағы халықтар көбінесе шииттік сенімде болды. Сондай-ақ, көшпелі тұрмыс кешетін қыпшақтар ескі Тәңір сенімінде еді. ХІІ ғасырдағы Елуй Дашы бастаған Қидандардың Орталық Азияға басып кіруі, сонымен бірге ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның  шапқыншылығы кезінде Исламның қанат жаюуы біршама уақытқа тоқырауға ұшырады. Әбілғазының «Шажра-ат Түрік» атты шығармасында Шыңғыс ханның Исламға қарсы болмағандығы айтылады. Десек те оның ұрпақтарының бірі Исламға қарсы болса, бірі Исламның жоқтаушысына айналды. Мысалы, Шағатайдың баласы Күйік Орталық Азиядағы Ислам өкілдерін қыспаққа алса, Батудың баласы Сартақ христиан дінін қабылдап, осы діннің сойылын соқты. Ал, Жошының баласы Берке Кубравия тарихатының мүриді болып, Исламның туын көтерді. Тіпті, Алтын Орданың ханы Өзбек хан ХІV ғасырдың басында Ясауи тарихатының өкілдерінің ықпалымен  Ислам дінін мемлекттік дін етіп жариялап, сол кезде шииттерден қысым көрген Тафтазани секілді сунниттік ғұламалар Сарай Беркеден пана тапты.

Хақ діннің Қазақ халқының жан-дүниесінен орын алуы
Ислам дінінің Қазақ халқының жүрегінен орын алуына Ясауи тарихаты мен Нахшбандия тарихатының (бұдан өзге кувравия, каландария, хуруфия секілді т.б сопылық қауымдастықтар болды) өкілдері екпінді ықпал етті. Қазақ халқы негізінен көшпелі ғұмыр кешкеннен кейін мешіт-медресе ұстай алмады. Бірақ, Қазақ халқы Исламмен ел кезіп адақтаған сопылардың уағызы арқылы танысты. Сопыларда Исламды халықтың таным-түйсігіне қарай жырмен, өнермен насихаттады. Ясауи бабамыздың ілімі «Диуани хикметте» жыр жолдарымен насихатталды. Оның шәкірті Сүлеймен Бақырғани бабамыздың «Ақырзаман кітабы» да өлең жолдарымен дәріптелді. Ясауи ілімі жыраулар дәуіріне ұласып, олардың үнін естумен қазақ халқы исламға шын мәнінде мойынсұна бастады. Осы тұрғыда Сайф Сарай, Сыпыра жырау, Асан қайғы, Доспанбет, Қазтуған, Шалкиіз секілді жыраулардың сіңірген еңбегі ерен еді. Ал, Нахшбандия өкілдері қазақ халқының тұрмыс-салтта Исламды қалай ұстану керектігіне баулыды. Олар қазақ халқының сүннет, неке қию, балаға ат қою т.б. сол секілді жөн-жоралғылардың исламмен сабақтасуына әсер етті. Жалпы, Қазақ хандарының ішінде Қасым ханнан (1509-1521 жылдары билік құрған) бастап көптеген хандарымыз бен жырауларымыз осы Нахшбандия пірлеріне мүрид болды. Қазақ халқының Исламды қабылдауына қатты әсер еткен қожалар институты болса, сол қожалар Ясауия мен Нахшбандия тарихатының өкілдері еді. Ясауия мен Нахшбандия ілімінің кең таралауына орай қазақ халқының әрбір руының өз қожасы, яғни пірі болды. Бұл үшінші кезеңде дін таратушылар бұрынғыдай жалпы халықты емес, әрбір ру мен әулет жеке нысанаға алғандықтан, Ислам шын мәнінде халықтың ішкі жан-дүниесінда салтанат құрды. Оған қазақтың дәстүрлі дүниетанымынан көптеген мысалдар беруге болады. Мысалы, қазақтар қуанса: «Алла һай» дейді, қиналса «Ілдебайлап (Иллалап жәрдем сұра) көр» дейді. Бесіктегі баланы да «Әлди-әлди» деп Алланың атымен тербетеді. Тағдырды жазған жалғыз Тәңірді «Қу Құдай» (арабшада «һу» ол, жалғыз деген мағынада) дейді. «Садағаң болып кетейін» (жанқиярлық) деп, өзге үшін өзегін жарып беруге әзір тұрады. «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы», «Малым жанымның, жаным арымның садақасы» («Ұят иманнан» хадис) деп ар-намысты, иба-ұятты бәрінен жоғары қояды. Дүниенің өткінші қызығын «Шіркін-ай» деп қиялдап, оны шірікке теңейді. Өзімшілдікке салынып жасаған қателігін «ағаттыққа» (дінімізде Алла ғана «ахад», яғни, тек, жалғыз) балап, онысына өкініш білдіреді. Тіпті, кісі есімдерін де Ұлы Жаратушының есім-сипаттарымен Алдаберген, Құдайберен, Әбдірахман, Рахымберді, Әбдімәлік, Әпсалам, Әбдіғаппар, Разақ, Хакім, Жәлел, Хамид, Сабыр деп атаса, Хақ Елшісі (с.а.у)-ға құрмет ретінде өз ұрпағына Мұхаммед, Маханбет, Мұханбет, Мәмбет, Жармұхаммед, Нұрмұхаммед секілді есімдерді азан шақырып қойған. Әубәкір, Оспан, Ғұмар, Әлі, Сәдуахас, Әнас, Әлі, Мағауия деп әз сахабалардың да атын берген.  Яғни, иман көзімен қарасаңыз, қазақтың тұтас болмысы дін негіздерінен тұратынына көз жеткізесіз.
Қазақ халқының исламды қабылдауын кезең-кезеңге бөліп, бұлайша жіктегенімізге, базбір ескі түсініктегі адамдар ХІІ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің Түркістан аймағында кәпірлерден зорлық-зомбылық көруін, ХІІІ ғасырдың басында Хорезм шаһтың Торғай өңіріндегі қыпшақтарға қарсы жасаған жихад жорықтарын, ХVІ ғасырдың басында Мұхаммед Шайбанидің қазақтарға қарсы ғазауат жасауын, ХІХ ғасырдың екінші жартысында татар молдаларының Арқа жеріне келіп исламды насихаттауын, Ш.Уалихановтың «Қазақ даласына ислам әлі толық сіңген жоқ» деген пікірін алға тартып, бізбен келіспеуі мүмкін. Әрине, тұтас қазақ бір күнде хақ дінге мойынсұна қойған жоқ. Бұл екібастан белгілі жайт. Тарихтың әрбір кезеңінде Исламды жақтаушылар мен теріске шығарушылардың арасында ымырасыз күрестердің болғанын мақұлдаймыз. Сондай-ақ, көшпелі ғұмыр кешкен халықтың мешіт-медресе ұстамауына байланысты, қазақты «мүшрік» деп атап, осы әлсіз негізге сүйеніп, көшпелі елді бағындырғысы келген саяси ойыншылардың болғанын, өз ортамыздан Шоқан сияқты діни құндылықтарға орыстың көзілдірігімен қараған зерттеушілердің шыққанын да мойындауымыз керек. Жоғарыда, даулы кезеңдерді негізінен осындай санатқа жатқызуға болады деп ойлаймын.
Сондай даулы кезеңдердің бірі Мұхаммед Шайбанидің қазақтарға қарсы ғазауат жасаған шағында, Ислам орталықтарынан келген ғұламалардың бабаларымыздың сенімі мен өмір сүру ғұрпына қарап «қазал-хақ» (бұлар хақ жолындағылар екен) деп, содан «қазақ» деген атау шықты дейтін көне деректі өз басым құптаймын. Тіпті, халқымыздың «Алаш» атауын да қалмақтарға «Алла» деп атой салғанына байланысты, қазақтарды «алашылар» деп атағаннан шыққан деп жорамалдаймын. Осы пікірлерімді қазақты «мүшрік», «шала мұсылман болған» деп жүрген деструктивті діни топтардың өкілдеріне ұдайы айтумен келемін.

Түйін
Жалпы, ата-бабаларымыздың Исламды жатсынбай қабылдауының себебі, түркілердің байырғы Тәңір сенімі монетеистік наным  болатын. Бұл концепцияны, бүкіл өмірін осы тақырыпқа арнаған даңқты тарихшы Китапшы айтқан. Х ғасырда ибн Фадлан түркілдердің ішінде болғанында, тәңірлік сенім мен Ислам дінінің ұқсастығына таң қалғанын жазған болатын. Мәшһүр Жүсіптің дерегіндегі түркілердің: «Озған пайғамбардың үмбетіміз» дегенінде, Хақ Елшісінің бұл сенімді терістемеуі, ата-бабаларымыздың ханиф сенімінде болғанын көрсетеді. Яғни, арғы бабалырымыздың ұстанған Тәңірлік сенімі Хақ дінді қорашсынбай, тез қабылдауына игі әсер етті. Әдепкіде, Орта Азия халықтары Ислам дінінің радикалді ағымдарымен бетпе-бет келгенін жоғарыда айтып өттік. Бірақ, оларға мойынсұнбауының себебі, өр кеуделі Ер түріктің ұрпағы Исламды күшпен қабылдағысы келмеді. Ақыр-аяғында Орталық Азия халықтары «ахлу суннаның» рационалистік бағыты саналатын Ханафия және Матурудия мазхабын қабылдады. Себебі, бұл ағымдар әрбір мәселеге ақыл-парасатпен қарауға шақыратын еді. Сондай-ақ, Исламның сопылық бағыты да ежелгі түркілердің алып-ерендік, озандық, жыраулық, сал-серілік дәстүрімен қабысатын. Осы үндестік сопылық ілімнің қазақ халқының жүрегінен орын алуына игі ықпалын жасады. Сөйтіп VIII ғасырдың орта тұсында қарлұқтардың Ислам дінін қабылдауымен басталған илаһи үдеріс, XVI-XVII ғасырда Керей мен Найман тайпаларының Хақ дінді қабылдауымен толықтай аяқталды. Сондықтан да бүгін де Қазақ халқының мұсылманшылығына күмәнмен қарауға еш негіз жоқ деп білеміз. Ал, айдың күннің аманында «тұлыпқа қарап мөңіреген аусыл қарадай» жоқ дүниені бар етіп жүрген деструктивті діни топтардың өкілдеріне Хақ-Тағала ынсап берсін деп тілейміз.

Жетісу газетінің тілшісіне берілген сұхбаттан ықшамдалынып алынған

ummet.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста