Қазақ қоғамдық санасындағы пиғыл ұғымы
Пиғыл қазақ қоғамдық санасындағы адамның ниеті, пейілі, ішкі пікірі дегенге саятын моральдық-психологиялық категория. Халықтық түсінікте адамның пиғылы оның басқаларға, ортақ іске, жекелеген амал-әрекетке, т.б. деген қатынасын анықтайтын, дәлірек айтқанда, осы қатынастың оң не теріс сипаттарын көрсететін ерекше көңіл қалауы, діті. Пиғыл ұғымы қазақтардың этномәдени санасында ислам дінінің құндылықтарымен берік байланыста қалыптасты. Діни түсінікте пиғыл пенденің ішкі райы, ынтасы, бір әрекетке немесе соны жасауға, т.б., әдетте Алланы тануға, оған құлшылық-ғибадат етуге, сауапты амал жасауға, ислам қағидаттарына, шариғатқа сәйкес әдеп сақтауға деген ынтасы. Пиғыл осы бейтарап мағынадан басқа оң және теріс сипаттарға да ие.
Бір іске деген әр пенденің пиғылы әртүрлі болады. Бірінің көңілі сол істі қалап, оған оң баға беріп тұрса, екіншісінің ынтасы жоқ, істі бағалауы теріс болуы мүмкін, үшіншісі қасақана оң баға берген болып, ол істің жүзеге аспауын көздеуі мүмкін. Осыған қатысты «...Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді. Фиғыл (пиғыл) —пəнденің қазығы — осы жақсы хакимдер əр нəрсе дүниеде солардың истихражы бірлəн рауаж табады....Жә, ол (Алланың) сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол - Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Өз пиғылдарыңды соған өз халінше ұқсатуды шарт қыл» деген Абайдың отыз сегізінші қара сөзінің үзіндісінде пиғыл адамның бір іске, құбылысты тануға т.б. деген бекіген ұстанымы, беталысының дені деген бейтарап және оң мәнінде көрініп тұр.
Сондай-ақ, пиғыл сөзі теріс мәнді сөздермен де жиі тіркеседі. Абайдың осы қара сөзінде бұған қатысты:«...Бұл заманның моллалары хаким атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бəлки бұзық фиғыл, «əлинсан ғəддү лəма жəһилгə» хисап. Олардың шəкірттерінің көбі біраз ғараб-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мəз болып, өзіне өзгешелік беремін деп əуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады...Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген ынсап, құры өзімшілдік һəм һəрбір өзімшілдік — əрбір адамды бұзатын фиғыл» - деп көрсетілсе, Жүсіп Баласағұни еңбектерінен «Көкезу – жаман пиғыл, нәмәрт кісі, адамның қадірлісі – жомарт кісі» деген нақыл сөзі халық арасында кең таралған.
Қазақы ортада қалыптасқан тұрмыстық исламның түсінігінде пиғыл біржақты бағыттағы, яғни тек қана оның иесінің қатынасын ғана білдіретін құбылыс емес, екі жақты бағыттағы, яғни оның иесінің қатынасына қарай қайтарылатын жауаптан қоса тұратын күрделі ахлақтық құбылыс саналады. Осымен байланысты қазақта «пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады; пиғылынан тапты, Құдай пиғылына қарай береді» деген сияқты мақалдар мен тұрақты тіркестер қалыптасқан. Адамның пиғылы оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі де артады, ары таза болады, ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетеді, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын алады деп түсінген. Бұл таным рухани дүниенің саламаттығы мен тұрақтылығына қатысты метафизикалық заңдылықтарды терең түсінуден туындайды. Материалдық дүниенің экологиясы үшін ондағы элементтер арасындағы өзара байланыстың сақталуы қаншалықты маңызды болса, рухани дүниенің де саламаттылығы үшін адамдардың ішкі дүниесінің тазалығы да соншалықты маңызды екенін түсінгеннің дәлелі. Дүниеде еш нәрсе жауапсыз қалмайтыны туралы философиялық қағидат халық даналығында пиғылдың мысалымен де түсіндіріліп отырған. Сондықтан халықтық ахлақта жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады, «жақсы сөз жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетілсе, теріс, жат, арам пиғылға «өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер; пиғылы терiс хан iс етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер, арам пиғыл Алланың сүймес құлы» - деп, теріс баға беріліп, жат арам пиғыл айыпталып отырған. Бұл жерде бір ескере кететін жайт: халықтық ахлақта ол тек моральдық норма ретінде көрсетіліп, дұрыс/терістігі бала жастан түсіндіріліп, қоғамдық пікір арқылы дұрысы құпталып, терісі айыпталып отырған, алайда теріс пиғыл танытқан адамға нақты жаза қолданылмаған, ол үшін жазалаудың тетіктері де болмаған, себебі халықтық діни түсінікте оның жазасы пендесіне Алладан болатын, рухани жаза, адамның ішкі күйзелісі түрінде көрінетін тән жазасынан әлде қайда ауыр жан мен ар жазасы саналған, сондықтан қазақта «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» - деп арды бәрінен биік қойған. Ол қаншалықты биік құнды болса, оның жазасы да соншалықты ауыр болмағы хақ.
Пиғыл кейде ашық білдірілсе, кейде жасырын да болады. Жасырын пиғылға құптарлық танытпаған. «Жақсы болса несіне жасырар еді»- деп, ондай пиғылдың дұрыс-бұрыстығына күмәнмен қараған. Бір істі бағалауда оның не үшін істелгеніне, яғни істеушінің пиғылына баға берген. Сырт қарағанда жақсы іс болғанымен, жат пиғылмен жасалған істің соңы, көздегені жақсылық емес деп, оны теріске шығарған. Сондықтан қандай істе де пиғыл қымбат саналған. Бұл жөнінде Абайдың «Адамның адамдығы істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан» білінеді деген сөзі ел ішінде нақыл сөзге айналып кеткен.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Жүсіп Баласағұни. Қутадғу Билиг транскрипциясы // құраст: Қыраубаева А. Алматы: Ана тілі, 1991ж. 92-112бб.
Абай. Қара сөз. Поэмалар. Алматы: Ел, 1993ж.
ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
Астана қаласы Археография және деректану
ұлттық орталығы Қазақстанға қатысты шетелдегі мұраларды
зерттеу және мәліметтер жинақтау
бөлімінің меңгерушісі
Жабықбайұлы Әділәлі
baq.kz/kk/news/asil_kazina/kazak_kogamdik_sanasindagi_pigil_ugimi20160719_130800