Қазақ халқы Мәулітті тойлаған ба?
Базбіреулердің көзқарасынша ислам мәдениетіне Мәуліт мерекесін түркілер енгізген көрінеді. Шынында да солай ма? Ал, түбі түркіден тарайтын біз – қазақ халқы Мәулітті тойлағанбыз ба?
Ислам мәдениетіне Мәулітті түріктер енгізді деп кесіп-пішіп айтуға болмас. Мәулітте оқылатын Адамзаттың ардақтысы (с.а.у.) хақындағы бәйітті алғаш рет Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) көзі тірісінде Хасан ибн Сәбит атты ақын сахабасы шығарған. Егер Мәуліт жырын оқу дін негіздеріне қайшы болса, Хақ Елшісі (с.а.у.) өзі туралы өлең шығаруға тиым салған болар еді. Ал, Мәуліт мерекесінің тарихына келер болсақ, бұл мерекені бүкіл халық болып ресми түрде тойлауды іске асырған селжұқ әмірлерінің бірі – Мұзаферуддин Көкбөрі еді.
Мұзаферуддин Көкбөрі Селжұқ түріктерінің Ербил тайпасының Бәйтік әулетінен және осы тайпаның биі болатын. Сонымен бірге, Аюб мемлекетінің сұлтаны Салахаддиннің жездесі еді. М.Көкбөрі шынайы бір мұсылман болған. Ол Хақ Елшісін (с.а.у) бар ынтасымен жақсы көрген. М.Көкбөрінің кезінде тұңғыш рет түріктердің мемлекеттік басқару түзімінде Алла Елшісінің (с.а.у) есімі мемлекеттік рәміз ретінде танылды.
Мәуліт мерекесін тойлау Осман мемлекеті дәуірінде де ерекше қолға алынды. Алты ғасыр бойы Хақ діннің туын желбіреткен Осман билігі Мәуліт мерекесін Пайғамбарымызға (с.а.у) деген ерекше құрметтің символы ретінде қабылдады. Тарихи деректерге қарасақ, Хақ Елшісінің (с.а.у) туған күнін Ыстамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінде падишаһ, шейхулислам, уәзірлер, әмірлер, мәшһүр ғалымдар мен дегдарлар және қалың бұқара ерекше мереке ретінде атап өткенін көреміз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Осман билігі кезеңінде Мәуліт мейрамының мемлекеттік мереке ретінде танылғанын аңғаруға болады.
Біздің бала күнімізде әрбір жылы рабиғул-әууәл айында ауылдағы көне мешітте шалдар жиналып алып, апталап «Мәуліт» оқитын. Кейін ес білгенде барып аңғардым, шалдардың оқитын «Мәуліт» жыры – Шәді Жәңгірұлының «Сияри-Нәби» шығармасы екен. Демек, Шәді төренің «Мәуліт» жырын жазғанына қарағанда, бұл мерекені Хақ Елшісінің (с.а.у.) үмбеті – Алаш баласы да тойлаған деп болжауға болады. Ендеше, Мәулітті бүгінгі ұрпақтың ұласпалы мереке ретінде тойлауының еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймыз.
М.Исахан