Қазақстанның жаһандық конфессияаралық үнқатысу және пікіралмасуды дамытудағы ролі

Қазақстанның жаһандық конфессияаралық үнқатысу және пікіралмасуды дамытудағы ролі

 XXI ғасырдың басында Қазақстан алғаш рет зайырлы мемлекет әрі халықаралық құқық субъектілерінің бірі  ретінде іргелі бастама көтеріп, жаһандық және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасында үнқатысу мен бейбіт пікіралмасуды нығайту, сондай-ақ өркениетаралық  қарым-қатынастар мен өзара түсіністіктерді жолға қоюға бағытталған аса жауапты миссияны іске асыруға белсене  кірісіп кеткен болатын.

Себебі дәл сол кездерде күллі әлемдегі халықаралық қарым-қатынастар ғана емес, жаһандық конфессияаралық қатынастар да шектен тыс шиеленісіп кеткен-ді. Өкінішке орай, бұл үрдіс, әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған Нью-Иорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйымының қос ғимаратының жарылуы - «Аль-Каидамен тамырлас мұсылман экстремистерінің қолымен жасалған қылмыс» деген күллі әлемді бір сәтте шарлап кеткен жағымсыз ақпараттан кейін мүлде өршіп кеткен-ді. Артынша, Батыс ақпарат құралдарында ислам әлемін артта қалған, кертартпа, білімнен жұрдай, надан, ғылым мен техникадан мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық өркениет етіп көрсету белең алып кете барды. Соның салдарынан мұсылман емес күллі әлемнің қоғамдық санасында мұсылмандарға деген көзқарас күрт өзгеріп, оларды шеттету мен кемсіту, олардың мектептері мен мешіттерін өртеу немесе қиратып кету, мұсылмандарды сабау  немесе атып кету, ия болмаса мұсылмандардың діни бостандығына шек қою, сол сияқты мұсылман бейіттерін бүлдіріп кету секілді вандализм жиілей бастаған-ды. Мұндай қылмыстар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерде де орын алған-ды. Мәселен, мұсылман дінін әлемнің ең іргелі діндерінің бірі екенін мүлде мойындамай, оны аса қатерлі идеология деген шындықпен  мүлде жанаспайтын теріс пікір қалыптастырылып, Еуропаның кейбір елдерінде Мұхаммед пайғамбарды келемеждейтін карикатуралар шығарылып, оларды ақпарат құралдары арқылы жаппай тарату белең алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне Аль-Каидамен байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету,  соғыс ашып, оларды басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиілеп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кейбірінде мешіт салуға рұқсат берілсе де, мұнара тұрғызуға тыйым салу, мұсылман әйелдеріне дәстүрлеріне сәйкес киінуге, ия болмаса  білім алуына, жұмысқа тұруына, баспана алуына, тіпті  балаларын бала-бақшаларға орналастыруға да шектеу қою  жиі бой көрсетті.

Сондықтан да, Қазақстанның саяси билігінің жоғарыдағыдай іргелі бастаманы дер кезінде қолға алып, 2003 жылы 24 қыркүйекте Еуразия жүрегіндегі Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Бірінші Съезін өткізуі Еуразия құрылығында  бұрын-соңды болмаған елеулі іс-шара болатын және бұлай деуге толық негіз бар. Мәселен, Бірінші Съезге Еуропа, Азия, Таяу Шығыс және Америка құрылығынан христиан, ислам, иудаизм, буддизм, индуизм, даосизм және синтоизм сынды жаһандық діндердің атынан 17 делегация қатысып, бір үстелдің басында басқосты және бұл Съез кейінгі адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған ең елеулі оқиға болатын. Оның үстіне жаһандық және дәстүрлі діндер көбасшыларының арасында көптен бері қордаланып қалған белгілі бір діни немесе саяси қарама-қайшылықтардың салдарынан мұндай басқосуды мүлде қаламайтын тұлғалар да ұшырасты.  Бұл орайда көп жылдар бойы Қазақстан Парламенті Сенатының бұрынғы төрағасы әрі аталмыш Съез Хатшылығының жетекшісі қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаевтың журналистерге берген бір сұхбатында айтқан мына бір сөзін келтіру артық емес: «Съезді бос жиналыс немесе БАҚ-қа арналған қарапайым шара деп санау үлкен қателік болар еді.  Өйткені дін көшбасшыларын Астанада бір үстел басына жиналуға көндіру үшін елеулі дипломатиялық күш-жігер қажет болды.»

Солайы солай болғанмен, келе-келе, нақтырақ айтқанда, Астанада 2003 жылдан бері өтіп үлгерген  алты съезге қатысқан делегация мүшелерінің арасында жоғарыда аталған кейбір діни немесе саяси қайшылықтардың болуына қарамастан, дінаралық диалогтың жаһандық мәні бар әрі өркениеттерді бір-бірімен жақындастыратын өте қажет шара екенін толық мойындай отырып, діндер көшбасшыларының бір-біріне деген түсіністігі мен сыйластығы жылдан-жылға нығая түсіп, бұл үрдіс тұрақты дәстүрге айналып үлгерді.

Дәл осы тұста осындай түсіністік пен сыйластық дәстүрінің қалыптасуына Съез Хатшылығының үлкен роль атқарғандығын ерекше атап өту парыз. Өйткені, Хатшылық - әр үш жыл сайын Қазақстан астанасында өтіп тұратын жаһандық және дәстүрлі дін көшбасшылары Съезінің жұмысшы органы ғана емес, сонымен қатар құрамы әлемдік және дәстүрлі діндердің көбасшыларының өкілдерінен тұратын Хатшылық съезаралық кезеңдерде өтетін барлық іс-шаралардың да негізгі ұйтқысына айналды. Сондықтан да, Хатшылық әр жыл сайын тұрақты жиын өткізіп, кезекті съездің күнтәртібін алдын-ала айқындайды, сол сияқты съез жұмысына қатысатын мемлекеттер делегацияларының құрамын олармен алдын-ала келісе отырып жасақтайды, сондай-ақ, оларға Хатшылық атынан ресми шақырулар жіберуді ұйымдастырады, сонымен қатар делегецияларды әуежайдан қарсы алу, делегаттарды қонақүйлерге орналастыру, олардың транспортпен жабдықтау, делегациялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тіпті съез отырыстарында баяндамашыларға сөз беру сияқты көзге көріне бермейтін логистикалық ұсақ-түйектермен қатар Съез шешімдерін үйлестіру және даярлау, съез қабылдаған шешімдерді іске асыру секілді аса жауапты мәселелермен де Съез Хатшылығы бастан-аяқ айналысады.

Осы тұста әлемдік және дәстүрлі діндер көбасшыларының VI съезінде қабылданған және бір бастама туралы бірер сөз айтудың реті бар. Аталмыш Съез ұсынған ол бастаманың негізгі мақсаты Елбасы атындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог орталығын құру болатын. 2019 жылы 25 сәуірде Қазақстан үкіметінің шешімімен құрылған әлгі Орталықтың құзырына мыналар жатады:

-         Күллі діндер арасында өзара сыйластық атмосферасын қалыптастырып, бейбіт келісім орнатуға атсалысу;

-         Тұрақты негізде отандық және шетелдік  діни бірлестіктер мен олардың лидерлерінің арасында өзара ықпалдастық орнатуды қамтамасыз ету;

-         Халықаралық құрылымдармен (ұйымдармен, орталықтармен т.с.с.) дінаралық және мәдениетаралық қарым-қатынастар  орнату;

-         Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері Съезін, сол сияқты Съез Хатшылығы мен оның Жұмыс тобының отырыстарын ұйымдастыру және өткізу;

-         Дінаралық және мәдениетаралық диалогтарды нығайтуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинрлар, акциялар мен конкурстарды ұйымдастыру және оларға қатысуға бағытталған іс-шараларды іске асыру;

-         Шетелдерде және өз елімізде діни тақырыптарға қатысты БАҚ-та жаряланған материалдарды зерделеу;

-         Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының жұмыстарына атсалыса отырып, әртүрлі деңгейдегі ақпараттық-түсіндірмелік топтардың дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған іс-шараларына қатысу және оның ішінде діни экстремизм мен оның өзге  көіністеріне  қарсы тұру;

-         Халықаралық деңгейде конфессияаралық диалогты өрістетудің қазақстандық тәжрибесін дәріптеу.

Көріп отырғанымыздай, Съездің, Съез Хатшылығының, сол сияқты жоғарыда аталған Елбасы Орталығының мақсат-мүдделері мен көздейтін нысаналары ортақ және олардың бірін-бірі өте үйлесімді толықтырып тұрғаны күмән тудырмайды. Сосын, олардың мүдделері де әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезінің  төмендегі нысалаларымен сабақтас екені көзге ұрып тұр:

-         Әлемдік және дәстүрлі діндердің формаларынан жалпы адамзатқа пайдалы бағыт-бағдарлар іздеу;

-         Бейбіт өмір, келісім және шыдам мен сабыр секілді құндылықтарды күллі адамзаттың мызғымас қағидаларына айналдыру;

-         Діндераралық диалог пен жан-жақты келісілген шешімдер қабылдай алатын халықаралық және конфессияаралық тұрақты институттың қызметін нығайту;

-         Дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған съездерді дәстүрлі құрал ретінде күшейте түсу;

-         Болашақ съездердің жан-жақты келісілген идеологиясы мен концепцияларын объективті әрі құзырлы деңгейде даярлау үшін Съездің тұрақты жұмыс органын құру;

-         Әртүрлі мәдениет және дін өкілдерімен диалогты кеңейте түсу мақсатында олардың бұхаралық ақпарат құралдарын, жастар бірлестіктерін, ғылыми және творчестволық интеллигенциясын тарта отырып іс-шаралар өткізуді кеңейту;

-         Діни қоғамдастықтар арасындағы түсіністік пен сыйластықты тереңдету және нығайту;

-         Сабырлық пен сыйластық мәдениетін дамыта отырып, оларды экстремизм мен жеккөрушілік идеологиясына қарсы қою;

-         Өркениетарлық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты жаһандық деңгейге көтеру;

-         Дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты күшейту үшін күллі халықаралық ұйымдар және құрылымдармен ықпалдаса отырып, қарым-қатынас орнату.

Бұл тұрғыдан келенде, жоғарыда аталған қазақстандық құрылымдардың миссиясы кейбір халықаралық институттардың, атап айтқанда, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы   немесе Human Rights First сияқты адам құқықтарын қорғайтын халықаралық институттардың мақсат-мүдделерімен де үндеседі. Сосын, мұндай институттар Біріккен ұлттар ұйымымен қатар Еуропа Кеңесінің аясында да жұмыс істейді.

 Аталмыш институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғамайды, олар сонымен қатар анти-семитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзылмауын қоса қадағалайды. Солай бола тұрғанмен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті немесе ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқтатуға жоғарыда аталған институттардың шамасы  жете бермейді.

 Сондықтан, мәдениетаралық, дінаралық және өркениетаралық диалогтарға арналған Қазақстанда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді тұрақты халықаралық форумдардың жүйелі түрде жүргізілуі - өте құптарлық шара. Өйткені ондай форумдардың мінбелеріне көтерілетін шешендердің бәрі дерлік халықаралық аренадағы абырой-атағы биік, қоғам, дін және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогқа, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық айырмашылықтардан гөрі олардың арасындағы ортақ құндылықтарды дәріптеуге  шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда,  көзі тірі кезінде Қазақстанда болып қайтқан Ватиканның бұрынғы басшысы, Иоан Павел Екіншінің мына бір сөздері ойға оралады. Ол өзінің естеліктерінің бірінде: «Діндердің арасындағы айырмашылықтарға таң қалудың орнына олардың арасындағы ортақ ұқсастықтар мен құндылықтарға таңданған жөн,» – деген өсиет қалдырған.

Сосын, ислам діні мен басқа діндердіің араларындағы қайшылықтарды жоюдың және бір мүмкіндігі бар. Бұл мемлекет басшылары мен саясаткерлердің құзырында жатқан мәмілегершілік шеберлік дер едім. Мұның бір жақсы үлгісін 2009 жылы 4 маусымда Америка Құрама Штаттарының президенті  Барак Обама көрсетті. Ол өзінің Египетке жасаған ресми сапары кезінде Каир қаласындағы мың жылдан аса тарихы бар Аль-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлемін сүйсіндірген үндеу салды.

 Барак Обаманың бұл үндеуі  Мұсылман өркениетінің алдында Батыс өркениетінің қарыздар екенін бүкіл әлемге паш етті. Сонымен қатар бұл үндеу қиуы кетіп бара жатқан Батыс пен Шығысты татуластыруға, жақындастыруға аз да болса жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды.

 Шындығында да мұсылман әлемі Барак Обаманың Каирдегі сөзін жылы қабылдап, бір сәтке болса да Батысқа риза болып қалған-ды. Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда қалыптасып отырған шиеленістер жоғарыда аталған жақсылықтарды жуып-шайып кетті. Солай бола тұрғанмен, ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлемнің көшбасшы саясаткерлерінің атқаратын ролі мен жауапкершілігі ерекше екенін бүгінгі болмыс дәлелдеп отыр. Өйткені абырой-атағы биік ел басшылары мен сардар саясаткерлердің шынайы да жүрекжарды  сөздері ақпарат құралдары арқылы тез тарап, көрермен мен тыңдаушының санасына сәуле түсіріп, ойын түзейді. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез келген азаматтың да, бүкіл адамзаттың да іс-әрекеті  түзеледі.

Міне, осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ЕҚЫҰ-ның 2010 жылы төрағасы болған Қазақстанның аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісі мол болды. Бұған «Сырт көз сыншыл келеді» демекші, аталмыш Ұйымның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки Комиссиясының мүшелеріне баяндағанда өз көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгресмендерден тұратын әлгі Комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында Комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп этносты және көп конфессиялы Қазақстандағы  ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге атазаңымыз – Конституцияның жол бермейтінін көлденең тарттым.

Кездесу соңында Хельсики Комиссиясының төрағасы – АҚШ сенаторы Бенджамин Карден ризашылығын білдіріп, Қазастандағы этносаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның өзге мемлекеттерге үлгі екенін  ашық айтты. АҚШ-тың ақпарат құралдарының өкілдері әлгі ресми пікірді лезде бүкіл әлемге таратып жіберді.

«Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын», деген осы болар, сірә.  Вашингтондағы АҚШ Конгресінің күмбезді ғимарартынан Қазақ Елінің атына айтылған әлгі әділетті бағаны өз құлағыммен естіп, қуана-қуана шыққанымды жасырмаймын.

 

Әділ Ахметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

2009-2013 жылдар аралығында ЕҚЫҰ іс

басындағы төрағасының мұсылмандарды

кемсіту және шеттетумен күрес жөнідегі

жеке уәкілі

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста