Қажылыққа барғаны үшін сотталған ұйғыр имамы “лагерьде” рактан қайтыс болды
Қытайдағы “қайта тәрбиелеу лагеріне” қамалған ұйғыр имамы қатерлі ісік індетіне шалдығып, тиісті ем-шара жасалмағандықтан өмірден озды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Kazislam.kz тілшісі IslamNews сайтына сілтеме жасап жазды.
55 жастағы Омар Хусейн Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Корла қаласындағы Қараюлгун мешітінде имам болып қызмет етті.
2017 жылы ол Меккеге қажылық сапарына барып, мұсылмандық парызын өтеген еді. Сол жақтан келе сала 5 жылға “түзеу” колониясына тоғытылды.
Имаммен бірге оның үш бауыры да діни міндеттерін орындағандары үшін қамауға алынған болатын.
Түрмеге дейін Омар Хусейннің денсаулығы жақсы еді. Алайда темір тордың арғы жағындағы қолайсыз жағдай мен тамақ жағының нашарлығы, сондай-ақ ауыр еңбектің салдарынан бауыр рагына шалдығады.
Кешігіп әрі сапасыз көрсетілген медициналық көмектің кесірінен имам жуырда қайтыс болды.
Оның туған ағасы Самат та 2021 жылы асқазан қатерлі ісігінен түрмеде көз жұмған еді. Ал Рахман және Албет есімді өзге бауырлары 2 жылдық мерзімдерін өтеп, бостандыққа шықты.