ҚАЖЫЛЫҚҚА НЕ ҮШІН БАРУ КЕРЕК?
Қажылық – мұсылманның бес парызының бірі. Алайда зекет сияқты қажылық та тек жағдайы жеткен адамдарға ғана парыз болғандықтан, әдетте бұл ғибадат жайлы көп айтыла бермейді, тіпті кейде көлеңкеде де қалып жатады. Былтыр Алланың қалауымен қажылық парызын өтеу бақыты бізге де бұйырды. Осы мақалада қажылық парызының мұсылман өмірінде қаншалықты маңызды екендігі жайлы ой қозғап, арасында өз тәжірибеммен де бөліскім кеп тұр.
Қажылыққа аттанбастан бұрын әркім «Қажылыққа қандай мақсатпен барамын?», «Қандай нәтижелерге қол жеткіземін?» деген сауалдарға жауап іздеуі керек. Өзі үшін осыларды айқындап алған адам қажылықтың мән-маңызын терең түсінеді әрі өзгелерге де жеткізе алады. Қажылығын өтеп болған соң алға қойған мақсаттарына, көздеген нәтижелеріне жеткен, жетпегені жайлы өз-өзіне есеп беретін болады. Қажылыққа барудың негізгі мақсаттары мен себептерінің әрқайсысына тоқталып кетсем деп едім:
1. Алланың бұйырған парызын орындау
Біраз аят-хадистерде қажылықтың адамға жүктелген парыз екендігі айтылады. Мәселен, «Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Алла үшін қажылық жасау парыз» («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Күмәнсіз Алла тағала сіздерге қажылықты парыз қылды, қажылықты орындаңыздар» (Муслим) және «Раббыларыңның үйіне қажылық етіңдер» (Муснәд Ахмад) деген хадистері де бар. Мұсылман адам қажылықты ең әуелі бес парызының бірі ретінде қабылдайды. Сол парызды орындау арқылы Алланың разылығына, Жәннатына жетуді көздейді. Аллаға ең ұнамды істер – оның парыз етіп бекіткен амалдары. Әрбір мұсылманның жүрегінде Байтуллаһты өмірінде бір рет болса да, зиярат етуге деген ұмтылыс, соған деген зор ынтызарлық болуы керек. Аллаға шүкір, қазіргі таңда бұрынғы заманмен салыстырғанда қажылық парызын өтеу әлдеқайда жеңіл. Кезінде ата-бабаларымыз алыстан ат арытып, арып-ашып Қасиетті Мекке-Мәдинаға жететін. Бүгінде миллиондардың аңсаған мекеніне ұшақпен бар-жоғы 5-6 сағатта жете қоясыз. Осы жерде Алланың бізге берген тағы бір жеңілдігі жайлы да айта кету керек. Бүгінде Қазақстаннан жылына 3000 адам қажылыққа аттана алады. Негізі Сауд Арабиясы әр мемлекетке қажылық квоталарын үлестіргенде, әрбір миллион мұсылманға 1000 квотадан береді екен. Бізде шартты түрде 10 миллион мұсылман тұрады деп алсақ, 10 000-ға дейін квота алуға мүмкіндігіміз бар. Алайда бізге берілген 3000 орынның өзі толмай жатады. Басқа елдерде жағдай күрделірек. Мәселен, 60 миллион мұсылманы бар Малайзияда қажылыққа ниеттенгендер жылдар бойы кезегін күтеді екен. Көршілес қырғыз елінде жеребе тартады дегенді естідік. Бізге, қазақстандықтарға, қажылыққа еш кедергісіз баруға мүмкіндік жасаған Аллаға сансыз шүкірлер айтып, бесінші парызымызды өтеуге асығуымыз керек.
2. Қажылықтың пайдаларына қол жеткізу
«Қажылық пен ұмраны қатар жасаңдар. Өйткені темір, алтын және күмістің дағын көріктің кетіргені секілді қажылық пен ұмра кедейлік пен күнәларды жоқ қылады» (Тирмизи), «Қажылық жасаушылар мен ұмраға барғандар – Алланың сыйлы қонақтары. Егер бұлар тілек тілесе, Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді» (Ибн Мәжа) деген хадистер Қажылықтың маңызын айқындай түскендей. Қажылықта рухани, материалдық және физикалық көптеген пайдалар бар. Қажылыққа аттанған адам Алланың қорғауында болып, зор сауапқа кенеледі. Мәселен, Нұрлы Мәдина қаласындағы Пайғамбар мешітінде оқылған бір намаз басқа жерде оқылған намаздан сауабы жағынан 1000 есе артық. Ал әл-Харамдағы бір намаз басқа жердегі 100 000 намазға тең. Тіпті харам аймағындағы әрбір сауапты амал 100 000-ға еселенеді екен. Сонымен қатар, қажылық рәсімдерін толық өтеген адамның бейне бір емдік терапиядан өткендей, денсаулығы жақсара түседі. Мысалы, қажылардың зәм-зәм суын күнде ішуге мүмкіндігі бар. Ал ол өз кезегінде денсаулықтың түзеліп, көптеген аурулардан айығуға себеп болады. «Кім зәм-зәмді қандай ниетпен ішкен болса, сол ниетіне жетеді: ауруынан жазылу үшін ішсе, ем болады, шөлін қандыру, тою үшін ішсе, шөлі қанады, тоқтық сезімі пайда болады» деген мағынадағы Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздері бар. Ал тәуап жасаудың өзі адамға едәуір энергия береді. Бүгінде ғалымдар Меккенің – Жер кіндігі, ал Қағбаның Мекке кіндігі екенін және ол жерде адамға Жердің магнит өрісі әсер етпейтінін дәлелдеп отыр. Яғни, Қағбаны сағат тіліне қарсы жеті мәрте айналған адам шаршамайды, керісінше бойына күш-қуат жинайды. Жастардан еш қалыспай, бірнеше реттен тәуап жасап жүрген көптеген қарт адамдарды көрдік. Елде жүргенде сүйектері қақсаған болса, одан да айығып жатты. Арқасы, белі ауырған болса, оның дымы білінбей кетті. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Меккеде ауадағы оттегі үлесі өзге жерлермен салыстырғанда 30%-ға артық екен. Оттегінің адам өміріндегі орны жайлы айтпаса да, түсінікті. Осындай зор пайдалардың өзі үшін де қажылыққа баруға тырысуымыз керек.
3. Пенденің Алла алдындағы дәрменсіздігін, Оған мұқтаждығын сезінуі және бойында Оған мойынсұнуды тәрбиелеуі.
Өзге құлшылықтармен салыстырғанда қажылық кезінде өзіңнің шынайы табиғатыңды, қайдан келіп, қайда баратыныңды терең сезінесің. Күнделікті тірлікте тағып жүрген түрлі маскаларың шешіледі. Қысқасы, өз пенделік ақиқатыңды білесің. Жалпы үлкен қажылық ихрам киіп, тәлбия айтып, Минаға жол жүруден басталады. Ихрам күйінде біраз нәрсе рұқсат етілмеген амалдардың қатарына өтеді. Мысалы, тырнақ, шаш алуға, иіссу, сабын қолдануға, жұбайыңмен жақындасуға болмайды. Ұрсысу, жанжалдасуға рұқсат жоқ. «Қажылығым қабыл болсын» деген мұсылман әрбір ісіне мұқият қарап, сақтығы, тақуалығы артады. Сөйтіп қажылар ең әуелі қажылар үшін арнайы шатырлар тігілген Мина деген жерге кеп табан тірейді. Біз де көптің бірі болып өз шатырымызға келіп, кірдік. Шыны керек, бұл жердегі жағдай Меккедегі қонақүйімізден қолайлылығы жағынан әлдеқайда төмен болды. Кілемдер төселген, желдеткіш қосулы. Бір шатырда 32 адам жатады. Бір адамға бір жатын орын, болды. Басында біраз қолайсыздық тудырғаны рас. Кейін үйреніп кеттік. Келесі күні Арафатты бетке алдық. Ол жерде күн батқанша дұғада болуымыз керек. Арафатта Минадағыдай шатыр да жоқ, желдеткіш те, кілем де жоқ. Тек үсті жабылған лашықтар және астымызда кілемшелер болды. Күн болса, өте ыстық. Әрі үстіміздегі ихрам да қолайсыздық тудырды. Сонда да дұғамызды, құлшылығымызды жасай бердік. Күн батқан соң, Мұздалифаға түнеуге аттандық. Мұздалифаға жеткенде, «нәпсінің нағыз жеңілетін жері осы-ау» деп қалдым. Себебі онда қара жерден басқа ештеңе болмады. Ашық аспан астында жерге жайнамаздарымызды төсеп, жата кеттік. Ішінде министрі бар, байы бар – бәрі-бәрі осында. Әдемі, қымбат киімдер киіп жүрген адам да осы жерде өз ақиқатын таниды. Тәкаппарлық, менмендік, мақтаншақтық сынды қасиеттердің бәрі осы жерде өледі деп ойлайсың. Күні бойы шаршағандық бар, ұйықтай кеттік. Таң намазға тұрғанда, ғажайып көрініске куә болдық. Ихрам киген адамдар орнынан тұрып жатқанда, Қияметте қабірлерінен қайта тіріліп тұрып жатқан адамдарды көз алдыңа әкелгендей болады екен. Жалпы қажылықта ақыретке көптеген ишаралар бар. Мәселен, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасап, жеті рет ары-бері жүгіргенде, Қияметте шапағат іздеп дәл осылай әуре-сарсаң боп, ары-бері жүгіретініңді еске аласың. 3-4 сағаттық ұйқыдан соң, Шайтанға тас атуға Жамаратқа бет түзедік. Ол күні күш-дәрмен азайып, ұйқы қанбай, шаң-шаң болған күйде едік. Сол сәтте өз дәрменсіздігімді, Алланың ұлықтығының алдында өзімнің әлсіздігімді, Оған мұқтаждығымды ерекше сезіндім. Құлшылықтан шаршаудың өзіндік ләззаты болады екен. Нәпсіге ауыр тиетін амалдарды орындап, Аллаға мойынсұнудың, құлшылық етудің парқын білгендей болдым. Шайтанға тас атып келген соң, Минадағы шатырымызға қайта оралдық. Жол бойы Арафаттағы, Мұздалифадағы қолайсыздықтарды көрген соң, әлгі бас кезінде жақтырмаған шатырымыз бес жұлдызды қонақүйден де артық боп кеткендей көрінді. Жалпы қажылық өзіндік машақаты бар кішігірім бір сапар іспеттес. Осы сапар кезінде сабыр, Алланың әмірлеріне толықтай бойұсыну, нәпсіңді тежеу сынды қасиеттер жақсы тәрбиеленеді. Нәпсісін сындырып, өзгергісі кеп жүрген пенделер қажылық жасауға асықсын дер едім.
4. Исламдағы жасампаз бауырластықты сезіну.
Қажылық маусымында Қасиетті жерлерді 2 миллиондай адам зиярат етеді екен. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері Жер шарының әр тарапынан Алланың разылығын іздеп келеді. Әр ұлттың өзіне тән киімі, әдеттері болады. Соны қажылықта ерекше байқайсың. Малайзиялықтардың, индонезиялықтардың, түріктердің жинақылығына, ұйымшылдығына, африкалықтардың өмірге деген позитивті көзқарасына, арабтардың дархандығына, қонақжайлылығына куә болдық. Түрі-түсі, тілі әртүрлі діндес бауырларыңмен намазда бір сапта тұрғанда, ерекше күйге бөленесің. Әр тілде сөйлейтін Жердің әр түкпірінен келген бірін бірі танымайтын жүз мыңдаған адамның азаншы айтқан қаматтан кейін бір-екі минут ішінде түп-түзу сап түзеп тұра қалғаны ғажап емей немене?! Бәрінің ниеті, тілегі бір. Бәрін біріктіретін бір ғана нәрсе – Аллаға деген иманы, махаббаты. Қажылық кезінде өзге елдердің қажыларымен тілдесіп едім. Олардың елдеріндегі жағдайды, қажылыққа қалай келгенін сұрастыру арқылы дүниетанымым біраз кеңігендей боп қалды. Тіл табысу жеңіл болды. Себебі жүректеріміз Алла деп соқты. «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам атамен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттармен ұлыстарға бөлдік. Расында Алла алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Алладан шынайы түрде қорыққандарың). Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар» (Хужурат сүресі, 13-аят) деген Алла сөздерінің өмірдегі көрінісіне куә болдым. Мұсылмандар арасындағы жасампаз бауырластықты, сөбен айтып жеткізе алмас өзара махаббат, сүйіспеншілікті сезінгісі келген адам Байтуллаһты бетке алсын.
5. Алланың құлдарына дайындаған сыйларына қол жеткізу.
Қажылық парызын өтеген мүмін адам Алланың оған дайындаған сыйларына қол жеткізуден үміт етеді. Ал ол сыйлардың қандай екенін пенде білсе, өмір бойы қажылық жасасам ғой деп армандайтын еді. Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Ұмра ұмраға дейінгі аралықтағы (кіші) күнәларды шаяды, ал Хаж мабрурдың (шынайы қажылықтың) сыйлығы – тек Жәннат» (Бухари, Муслим) деген сөзі ерекше қуат береді. Ойлап қараңызшы, тек қажылық жасауға ниеттеніп, ниетіңізге жетіп, бүкіл қажылық рәсімдерін толық орындап шықсаңыз, бейне бір Жәннатқа тікелей билетті қолыңызға ұстатқандай болады екен. Бірақ ол билетті өміріңіздің соңына дейін «жыртып алмай, жоғалтып алмай» өту тікелей өзіңізге байланысты. Қажылықтың үлкен сыйларының тағы біреуі – бұған дейін қандай күнә жасаған болсаңыз да, Арафатта тұрып кешірім тілесеңіз, анадан жаңа туғандай пәк болып, күнәларыңыздан арыласыз. Тіпті «Арафатта тұрып, Алла «мені кешірмейді» деп ойлаған адам жазаға лайық» деген сөз бар. «Алла қажыны және ол кімге дұға жасаған болса, сол кісіні де кешіреді» деген хадис те жанға жылу сыйлайды. Қажылықтың негізгі рәсімдерін өтеп болған соң, талай жыл Меккеде тұрып жатқан жергілікті қазақ ақсақалмен кездесу сәті түсті. Ол кісі қажылықтың сыйлары жайлы кеңінен әңгімелеп берді. «Қажылығы қабыл болғанның белгісі бесеу,» - деді ол кісі. – «1) Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек Жәннат; 2) Қажы ақыретте 400 адамға шапағат ету құқығына ие болады; 3) Қажылығы қабыл болған адам ешқашан кедей болмайды; 4) Дұғасы әрдайым қабыл болатын болады, 5) иманы артып, дінде нық бола түседі». Сөз соңында «Елге барғанда, қажылықтарыңды қорғаңдар» деп өсиет еткен еді. Осы айтылған сыйлардан үміт етіп, «Қажылығымыз қабыл болды ма, жоқ па» деп қобалжып біз де елге оралдық. Тірі күнінде Жәннатқа жолдама алғысы келген мұсылман қажылық қамына ертерек кіріссін!
6. Пайғамбарымызбен арадағы байланысты күшейту.
Қажылық кезінде Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін зиярат ету өте маңызды. «Кім мені дүниеден өткен соң зиярат етсе, тірі кезімде зиярат еткендей болады» деп Сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтып кеткен еді. Пайғамбарымыз өзіне сәлем берген адамға жауап беру үшін Алла оған рухын қайтарады екен және зиярат етіп келген адамға Қияметте Пайғамбарлық шапағат уәжіп болады екен. Пайғамбарымыз Мәдина қаласында жатыр. Ол жердегі атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Пайғамбардың табаны тиген жерді басу – біле білгенге нағыз бақыт. Оның қабіріне барып, сәлем беріп, елдегі бауырлардың сәлемін жеткізіп, мінбері мен қабірі арасындағы раудатул-минәл-Жәннатта (Жердегі Жәннат бақшасы) намаз оқып, ерекше әсер алып қайттым. Салауаттарым бұған дейін тілімнің ұшынан шықса, енді жүрегімнің түбінен шыққанын сездім. Қазір Пайғамбарымыздың өмірбаянын оқығанда, көзге ерексіз жас келеді. Қимастық, сағыныш жасы. Алла Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббаты артқанын қалайтын жан бар малын сарп етсе де, өмірінде бір рет болса да, Мекке-Мәдинаға баруға асықсын дер едім.
PS:
Бізде көбіне «қажылыққа жасы келген қарт адамдар баруы керек» деген пікір қалыптасқан. Енді әрине балалары ата-аналарын сыйлап, қажылыққа жіберіп жатса, бұл - мақтауға тұрарлық іс. Дегенмен жас кезде жасалған қажылықтың орны ерекше. Қажылыққа бірге барған біраз үлкен кісілерден «Бұдан он жыл ертерек келгенімде ғой...» деген сынды сөздерді естіп қалдық. Қажылық рәсімдерін толық орындауға біраз күш-қуат, физикалық дайындық керек. Сол үшін әрбір мұсылман жүрегінде қажылыққа деген құштарлығын оятып, жоғарыда аталған қажылық жемістері жайлы ой жүгіртіп, дайындық қамын ерте жастан бастағаны дұрыс деп ойлаймын.