ҚМДБ өкілі намаз оқуға кедергі жасаған мұғалімді қатаң айыптады
ҚМДБ өкілі Таразда намаз оқып жатқан оқушыларды балағаттап, бөлмеден қуып шыққан мұғалімді қатаң айыптады.
"Атлетик" спорт кешенінде болған бұл жайттың видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
Аталған оқиғаға байланысты ҚМДБ баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбайұлы Qamshy.kz тілшісіне пікір білдірді. Ағабек Қонарбайұлы мұғалімнің әрекетін адамгершілікке жат қылық деп сынға алуда.
"Біздің халқымыз намаз, жайнамаз сынды шариғаттың асыл құндылықтарын құрметтеп, қадірлеген. Дінімізде намаз оқыған адамға кедергі келтіру былай тұрсын, оның алдынан кесіп өтуге әсте болмайды.
Ал ақпарат құралдарында тарап кеткен бейнежазбада ер азамат намазға жығылған жас баланы балағаттағанымен қоймай, жайнамазын жұлып, желкесінен итеріп жіберіпті. Бұл – адамгершілікке жат қылық. Оның өрескел әрекетін қатаң айыптаймыз. Діни төзімсіздік құлшылыққа құрметсіздік пейілден басталады", - дейді Ағабек Қонарбайұлы.