ҚУББАТУС-САХРА МЕШІТІНЕ ЗИЯРАТ

ҚУББАТУС-САХРА МЕШІТІНЕ ЗИЯРАТ

Жолжазба Оңғар Өмірбек
Әл-Ақса мешітінен соң оған іргелес алтын жалатылған күмбезі күн көзімен шағылысқан «Қуббатус-Сахра» мешітіне зиярат еттік. Ғимарат биік дөң үстінде. Дөңгелек сегіз бұрышты екен. Бас сұғып екі бас сәлем намазын оқысымен ішін аралап, одан соң оның астындағы «Мағаратул әнбия», яғни пайғамбарлар үңгірі деп аталатын жертөлеге түстік. Онда Зәкәрия (а.с.) мен Сүлеймен (а.с.) пайғамбарлардың михрабтары бар екен. Зәкәрия (а.с.) пайғамбардың михрабының алды кеңірек болғандықтан соған қарап нәпіл намаз оқып, дұға тілектерімізді жасап, біршама уақыт отырдық. Бұл мешіттің де тарихымен таныстық. Енді бұл жайлы кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Арабша «Қуббатус-Сахра» атауы қазақша «тас күмбез» дегенді білдіреді. Бұлай аталуы мешіт күмбезінің астында «ауаға барып келген тас» орналасқандықтан екен.
Оны көзімен көрмеген мұсылмандар әлі күнге бұл тасты ауада қалқып, жерге тимей тұр деп ойлайды. Расында бұлай емес. Бұл тас – «сахра» деп аталатын үлкен жартас. Оның астындағы үңгір. «Мағаратул әнбия», яғни пайғамбарлар үңгірі деп аталады. Үңгірдің ішінде намаз оқыған адамға дөңес тас төбесінде тұрғандай. Анықтап қарасаң ауада қалқып тұрған дәнесі де жоқ, төрт жағы да қабырғаға тиіп тұр.
Оның біз үшін ерекшелігі сол пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) осы тастың үстінен пыраққа мініп жеті қат көкке көтерілуі. Кейбір ғұламалардың айтуынша, бұл тас та ауаға көтерілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тастың өзімен бірге көтерілгенін көріп: «Орныңа қайтып бар!» - деп бұйырған. Сонда бұл тас ауада қалып қоймай орнына қайта келген.
Тастың тағы бір ерекшелігі туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадис шәріпінде: «Кімде-кім бұл дүниеде жәннаттың тасын көруді қаласа, сахраға қарасын», - деген.
Осыған сүйеніп, сахра бұл дүниедегі жәннаттың тасы әрі жәдігері деген пікір қалыптасқан.
Хазреті Омар (р.а.) Құдысқа келгенде осы тасты іздеген. Өйткені, бұл тас туралы пайғамбарымыздан естіген-ді. Бұл тасты тауып, күл-қоқыстан тазартқан хазреті Омардың (р.а.) қуанышында шек болмапты. Бірден тасты айналдыра қоршатып, мешіт салғызады да оны жұрт «Омар мешіті» деп атап кетеді. Мешіт ағаштан салынады. Уақыт өте оның ағаштары ескіреді де 685 жылы Омауия әулетінің халифасы Уәлид ибн Әбдулмәлік оны бұздырып, қайта салуды ең танымал мұсылман шеберлерге тапсырады. Мешіттің әдемі, көз тартарлық ислами нақышта болуына жіті көңіл бөледі. Құрылыс 6 жылда аяқталады. Сахраны 8 бұрышты етіп күмбездің астына келтіріп салады. Іші-сырты түрлі түсті ұсақ тастардан қалатады. Көз тартарлық күмбезіне алтын жалатылады.
Қазіргі заманға да сай бұл әйгілі мешіт әлемдегі ең көрікті ислам өнерінің керемет жәдігері деуге болады.
831 жылы Аббассидтер әулетінің халифасы әл-Мамун бұл қалаға зиярат етіп келеді. Сол жылы жер сілкініп, мешіттің қабырғалары жарылған-ды. Мұны көрген халифа ғимаратты қайта жөндеуден өткізіп, оны бұрынғы әсем қалпына келтіреді.
913 жылы мешіт ескіргендіктен, құлау қауіпі турды. Аббассидтер әулетінің халифасы Мухтадир Билләһ мешітті бұрынғы қалпына келтіруге күш салды. Ол анасының айтуымен ғимараттың сыртқы 4 ағаш есігін де алтынмен жалатып, қайта салғызды. Бұл туралы мешіт күмбезінің ішкі жағына жазылып баяндалыпты. Халифалардың осындай қамқорлығымен мешіт өз қалпына келтірілген.
1016 жылы Құдыста тағы да күшті жер сілкініп, одан мешіттің кейбір бөліктері құлаған. Фатимидтер әулетінің халифасы Хакім Биәмрилләһ мешітті қайта салуды қолға алады. Әкесі бастаған істі ұлы Иғзәз Динилләһ жалғастырып, құрылысы 1023 жылы аяқталады. Бұл туралы да күмбездің ішкі қабырғасына жазылыпты.
1099 жылы Құдысты крестшілер басып алады. Бұл уақытта олар жәннат тасының қасиетін жою мақсатымен мешіттің үстінгі қабатын мал соятын қасапханаға айналдырады. Шіркеу қызметшілері сахраның кейбір тастарын сындырып алып, қажыдан келе жатқан мұсылмандарға сатып, ақша табу көзі етеді. Мұсылмандар болса оны жәннаттың тасы тәбәрік деп сатып алған. Шіркеу қызметшілерінің құныққандары соншалық, тастың бағасы таза алтынмен теңеседі. Мұны білген Еуропа патшалары сахраны темірмен қоршап, тастың үстін торлармен жауып тастады. Осылайша жоғалмай аман қалады.
1187 жылы Аллаһтың жәрдемімен, Ұлы қолбасшы Салахуд-дин Аюби Құдыс қаласын крестшілерден азат етеді. Қасиетті қала мұсылмандардың қолына өтісімен мешіт қайта қалпына келтіріледі. Бұл туралы да күмбездің ішкі бетінде жазылып баяндалған.
Салахуддин Аюби Қуббатус-Сахраны жөндеумен қатар сақталуына да мұқият көңіл бөледі. Мешітке имам тағайындап, оның күтіміне көптеген қызметкерлер бөліп, оларға арнайы еңбекақы белгілейді.
Мұнан кейін көптеген патшалар сахраны өз қолдарымен сыпырып, тасты райхан суымен жууды әдетке айналдырады. Өз қолдарымен хош иісті әтірлерді жағады.
1193 жылы Осман ибн Салахуддин мешіттің бұған дейінгі қоршауларын алдырып, орнына темір қоршау орнатады.
Мәмлүктер билік басына келгенде Қуббатус-Сахра мешітін сақтап, қорғауға зор көңіл бөлді.
1270 жылы Сұлтан әз-Захир Бейбарыс бабамыз мешіттің сыртқы нақыштарын толығымен жаңартты.
1318 жылы Сұлтан ибн Қалауын мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, күмбезін қайтадан алтынмен безендірді.
1422 жылы Сұлтан Барысбай бабамыз мешітке арнайы қаражат бөліп, күрделі жөндеуден өткізді.
Осман империясы билік жүргізген ұзақ ғасырларда да мешіт қараусыз қалмады. Бұл мешітке келген әрбір сұлтан да оған қамқорлығын аямады.
1566 жылы билік басына келген Осман империясының сұлтаны Сүлеймен әл-Қануни Қуббатус-Сахра мешітін күрделі жөндеуден өткізіп, көптеген ою, нақыштарды басқа үлгіге ауыстырып, мешіттің әдемі көрінісін басқа жақтарынан құлпырта бастады, есік-терезелері жаңартылды.
Осман империясының басқа да сұлтандары арнайы қаржы бөлгізіп, ең танымал шеберлерге Қуббатус-Сахра мешітін безендіруді жалғастырды.
1876 жылы Сұлтан Абдул Хамид ІІ-нің тұсында Қуббатус-Сахра мешітінің сыртына Құрандағы қасиетті «Иасин» сүресі 8 бұрышын да толық қамтып араб әріптерімен жазылды. Бұл жазу сол күйі әлі күнге дейін сақталған. Бұған қоса мешіт кілемдері де жаңарды. Сахраның астындағы үңгірге кіре берістің батыс жағынан арнайы орын жасап, онда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) екі тал мүбәрак сақалы қойылды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сақалы жылына бір рет Қадір түнінде намазхандарға көрсетілетін болды.
1936 – 1948 жылдар аралығында мешітті Жоғары Ислам Кеңесі өз қолдарына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді.
1954 жылы халықаралық келісім бойынша, әл-Ақса және Қуббатус-Сахра мешіттеріне қамқорлық жасау Иорданияға жүктелген, қазір осы елдің мешіт істері комитетінің толық жауапкершілігінде көрінеді.

ИБРАҺИМ (А.С.) ПАЙҒАМБАРДЫҢ МЕШІТІНЕ ЗИЯРАТ
немесе әл-Халил (Хеброн) қаласында болғанда
Ертесіне қазақстандық шағын топ жүрдек көлікпен Құдыстан шығыс түстікке қарай тарттық. Бағытымыз әл-Халил қаласы. Жергілікті арабтар Хеброн қаласын өздері осылай деп атайды екен. Бұл Ибраһим (а.с.) пайғамбардың қаласы дегенді білдіреді. Мұсылмандарға белгілі Ибраһим (а.с.) пайғамбардың қадір-қасиеттері туралы Құран Кәрім мен хадистерде көп әрі кеңірек баяндалған. Оның ең ұлық қасиетінің бірі «Халилур-Рахман» (Рахманның досы). Қасиетті Құранда бұл туралы тайға таңба басқандай: «Алла Ибраһимды дос тұтқан» («Ниса» сүресі, 125-аят), - делінген. Ибраһим (а.с.) пайғамбарды ұлдары Исмаил (а.с.) мен Ысқақ (а.с.) осында жерлеген. Ол (а.с.) 175 жасында бұл пәни дүниеден озыпты.
Қаланың орталық бөлігінде орналасқан пайғамбардың атымен аталатын мешіттегі оның зиратына бардық. Амангелді Еренғайыпұлы Құран оқып, пайғамбардың рухына бағыштады. Сол мешітте бесін намазын жамағатпен оқыдық.
Жалпы дініміздегі Ибраһим (а.с.) пайғамбардың орны, өсіп-өнген ортасы, өмір жолы туралы не білеміз? «Пайғамбарлар қиссасы» мен қасиетті Құранға сүйеніп, шама-шарқымызша деректерге тіл бітірейік.

Ибраһим (а.с.) Бабыл (Вавилон) жерінде
Самуд қауымының азғындықтың шегіне жетіп, жойылғаны белгілі. Осы барша адам баласына ащы сабақ боларлық оқиғадан кейін уақыт өте келе, шайтанның адамдарды жаңа жолдармен азғыруынан Алланың хақ жолынан қайта ауытқу басталады. Күпірлік Палестинаға, Арабстанға, Ирак және Мысыр елдеріне тарайды. Сол кезде Алла Тағала тағы бір пайғамбарды жіберді. Ол –пайғамбарымыздан кейінгі ең абзалы әрі пайғамбарлардың атасы Ибраһим ибн Тарих еді. Оның әкесін қауымына көп көмектесетіндіктен Азар деп те атайтын.
Ибраһим туралы қасиетті Құранның жетпіс үш жерінде, жиырма бес сүресінде баян етілуі оның дәрежесінің және ғибратқа толы өмірінің ұлылығына айғақ. Ибраһим Нұхтың ұлы Самның ұрпағынан тарайды. Ол Ирактың солтүстігіндегі белгілі Бабыл қаласында ғұмыр кешкен. Бабыл үлкен өркениетті мекен болатын. Есесіне пұтқа табынушылық кең етек алған-ды. Алла Тағала Құранда: «(Ибраһим): «Шын мәнінде, сендер дүние тіршілігінде өзара достық үшін Алладан өзге пұттар жасап алдыңдар», - деді» («Әнкабут» сүресі, 25-аят);
«Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Мына сендер шоқынған мүсіндер не?» - деді. Олар: «Біз ата-бабаларымызды осыған сиынған түрде таптық», - деді» («Әнбия» сүресі, 52-53-аяттар);
«(Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға Ибраһимның қиссасын баян ет. Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Неменеге табынасыңдар», - деді. Олар: «Пұттарға табынамыз және оларға шоқынамыз»,- деді. (Ибраһим): «Олар шақырғандарыңды ести ме? Немесе олар сендерге пайда не зиян келтіре ала ма?» - деді. Олар: «Жоқ, ата-бабаларымызды осылай істеген түрде таптық», - деді («Шұғара» сүресі, 69-74-аяттар).
Ибраһим хақ дінге шақыруын әкесінен бастайды. Бұл туралы Алла Тағала:
«(Мұхаммед! (с.ғ.с.) кітаптағы Ибраһимды есіңе ал. Расында ол шыншыл пайғамбар еді. Сол уақытта әкесіне: «Ей, әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ, өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасың?! Ей, әкетайым! Расында, маған саған келмеген (бір) білім келді. Сондықтан маған ілес. Сені тура жолга салайын. Ей, әкетайым! Шайтанға сиынба! Өйткені, шайтан, Рахманға қарсы болған. Ей, әкетайым! Сені Рахманның азабына ұшырап, шайтанға дос болып қалуыңнан қорқамын», - деді. Сонда (әкесі): «Ей, Ибраһим! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер мұны қоймасаң, әрине, саған тас лақтырамын. Енді өзің менен аулақ жүр», - деді», - деген («Мәриям» сүресі, 41-46-аяттар).
Сонда да көңілі қалмаған Ибраһим мейірбандылық мен жанашырлық сезімімен әкесіне: «Саған амандық болсын. Сені Раббымның кешіруін тілеймін. Өйткені, Ол маған аса қамқор», - деді» («Мәриям» сүресі, 47-аят).
Ибраһим әкесінің Аллаға дұшпан екеніне көзі жеткенде одан бойын аулақ салады. Алла Тағала:
«Ибраһимның әкесі үшін кешірім тілеуі; оған берген бір уәде бойынша ғана еді. Өзіне оның Алланың (ашық) дұшпаны екені білінген кезде, одан бойын аулақ салды. Расында, Ибраһим қажырлы әрі жұмсақ еді», - деп айтқан («Тәубе» сүресі, 114-аят).
Сонымен Ибраһим олардан алшақтап:
«Мен сендерден де, Алладан өзге шоқынғандарыңнан да арамды ашып, Раббыма жалбарынамын. Ал, Раббыма жалбарынсам, құр қол қалмайтыныма үміт етемін», - деді» («Мәриям» сүресі, 48-аят).

Пұттарды қиратуы
Ибраһим не істеу керектігі жайлы көп ойланды да жамандықтың тамырын біржола жойғысы келді. Жамандықтың көзі пұттар еді. Ол пұттарды сындыратыны туралы ескерту жасап:
«Алламен ант етемін! Сендер бұрылып кеткеннен кейін, әлбетте, пұттарыңа тиісемін», - деді («Әнбия» сүресі, 57-аят).
Бұған қатысты тағы да Қасиетті Құранда:
«Рас, бұрын Ибраһимге туралық берген едік. Сол уақытта ол әкесі мен еліне: «Мына сендер шоқынған мүсіндер не?» - деді. Олар: «Біз ата-бабаларымызды осыған сиынған түрде таптық»,- деді. (Ибраһим): «Расында, сендер де, аталарың да анық адасудасыңдар», - деді. Олар: «Сен бізге шындықты әкелдің бе, әлде ойнап жүрсің бе?» - деді. (Ибраһим): «Олай емес. Негізінде, сендердің Раббыларың – көктер мен жердің Раббысы; соларды Ол жаратты. Мен осыларыңа айғақ болушыларданмын. Алламен ант етемін! Сендер (Жаратушының тура жолынан) бұрылып кеткеннен кейін, әлбетте, пұттарыңа соқтығамын», - деді. Сонда оларды быт-шыт етіп, мүмкін, осыған оралар деп үлкенін ғана қойды», - деп жазылған («Әнбия» сүресі, 51-58-аяттар),
Сондай-ақ, оның адамдармен бірге мерекеге шығудан қашқақтағаны да Құранда: «Сонда Ибраһим жұлдыз жаққа назар аударып: «Мен науқаспын», - деді. Сонда (елі) одан сырт айналып кете барды. (Ибраһим) олардың тәңірлерінің жанына (оңаша) барып: «Жемейсіңдер ме? Неге сөйлемейсіңдер?» - деді және аңдып барып, оларды оң қолымен ұрды», - деп баяндалған («Саффат» сүресі, 88-93-аят).
Ибраһим барлық пұттарды қиратты да олардың ішінен тек ең үлкен біреуін ғана қалдырып, оның желке тұсына балтасын қойған күйі шығып кетті. Адамдар қайта оралған да пұттарының қиратылғанын көріп: «Мұны тәңірлерімізге кім істеді? Ол анық залым екен», - десті» («Әнбия» сүресі, 59-аят).
Сонда олардың кейбірі: «Ибраһим деген бір жігіттің осыларды сөз етіп жүргенін естідік», - десті. «Оны көрулері үшін адамдардың көз алдына алып келіңдер», - десті» («Әнбия» сүресі, 60-61-аяттар).
Олар Ибраһимді алып келіп, тергей бастады. Пайғамбардың да қалағаны осы еді. «Олар: «Ей, Ибраһим! Осыны тәңірлерімізге сен істедің бе?» - десті. (Ибраһим): «Бәлкім, мұны олардың үлкені істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, содан сұраңдар», - деді» («Әнбия» сүресі, 62-63-аяттар).
Олар өзара ойласа келе: Қалай тәңір тәңірлерді (соғып) қиратады? Қалайша ол тәңір бола тұра сөйлемейді?! Балта оның желкесінде ғой, мүмкін, сол бәрін сындырған шығар? - деп дал болысты. Сөйтіп, «олар өзара: «Шынында, сендер залымсыңдар», - десті» («Әнбия» сүресі, 64-аят).
Олар шайтанның азғыруымен осындай ашық дәлелдер мен айғақтарды көріп, біле тұрса да иман келтірмеді. «Сосын бастары салбырап: «Расында, бұлардың сөйлемейтінін білесің ғой», - деді. (Ибраһим): «Онда сендер Алланы қойып, өздеріңе ешбір пайда да, зиян да келтіре алмайтын заттарға табынасыңдар ма? Сендерге де, Алладан өзге табынатындарыңа да... Енді де түсінбейсіңдер ме?» - деді» («Әнбия» сүресі, 64-67-аяттар).
«(Қолмен) жонып алғандарыңа табынасыңдар ма?! Алла сендерді де, жасаған нәрселеріңді де жаратқан», - деді» («Саффат» сүресі, 95-96-аяттар).
Яғни, сендер өздерің жасаған нәрсеге табынасыңдар да сендерді жаратқан Алланы мойындамайсыңдар.
Бірақ олар быт-шыты шыққан пұт-тәңірлеріндегі ашық айғақты көре тұра ақиқатты мойындамай, Ибраһим пайғамбарды отқа тастамақшы болды. Іс жүзінде де солай істеді.
«Олар: «Ол үшін бір орын жасап, оны отқа лақтырыңдар», - десті» («Саффат» сүресі, 97-аят) және «Егер бір нәрсе істейтін болсаңдар, оны өртеп, тәңірлеріңе көмек беріңдер», - деді» («Әнбия» сүресі, 68-аят).

Ибраһим (а.с.) пайғамбар от ішінде
Бір үлкен шұңқыр (құрғақ орын) дайындап, оны таспен қоршайды да барлық адамдарға соған ағаш жинауды бұйырады. Адамдар, тіпті, әйелдер мен жас балалар да ағаш тасыды. Отын тау болып үйілді. Сосын от жағып, тас атқыш әкелді. Ибраһимды тас атқыштың оқпанына отырғызып, отқа қарай атты. Сонда Ибраһим: «Алла бізге Жеткілікті, Ол қандай жақсы Уәкіл!» - деді. Бұл жапа шеккен, мұқтаж жанның дұғасы еді. Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла бізге Жеткілікті, Ол қандай жақсы Уәкіл!» Мұны Ибраһим отқа тасталғанда айтқан», - деген (Бұхари).
Мұнан өзге де әлсіз хабарлар бар: «(Ибраһим отқа лақтырылғанда) оған ауада Жәбірейіл (а.с.) келіп: «Ей, Ибраһим! Қажеттілігің бар ма?» - дейді. Сонда ол: «Саған жоқ», - деді». Яғни, кажеттілігім саған емес, Аллаға, деген-ді. Тағы бір риуаятта: «Жаңбыр періштесі: «Қашан бұйрық алсам, жаңбыр жаудырамын», - деген» деп айтылған. Ал, Алланың әмірі бәрінен де жылдам жетті. Құдірет Иесі: «Ей, от! Ибраһимге салқын, зиянсыз бол», дедік», - деп айтқан («Әнбия» сүресі, 69-аят).
Ибраһим отқа түскенде Алла Тағала оған сол отты салқын етеді. Ибн Аббас (р.а.): «Егер Алла: «Ибраһимге зиянсыз бол» деп айтпағанда оған (оттың) салқыны зиян етер еді», - деген.
Ибраһим пайғамбар отқа лақтырылғанда жер бетіндегі бүкіл жан-жануар, жәндіктер отты сөндіруге әрекеттенеді. Тек кесіртке ғана отты өршіту үшін оны үрлейді. Сондықтан Умму Шәриктен (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ол Ибраһимге (а.с.) үрлеген», - деп кесірткені өлтіруді бұйырған (Бұхари).
Сонымен Ибраһим (а.с.) отқа түсті. Өрт ол байланған жіпті ғана жандырады. Адамдар бұл көріністі (тамашалап) бақылайды. От жанып күлге айналғанда олар кенет қызық шоқтың ортасында рақаттанып отырған Ибраһимды көреді. Кейіннен ол: «Ешбір күндер мен түндерде (от) ішінде болғаннан жағымды өмір кешпедім. Өмірім мен тіршілігімнің барлығы сондағыдай болса деп тілеймін», - деген.
Адамдар мұны көріп таңғалды. Ол от ішінде, бірақ жанбаған. Олардың көз алдарында сондай ұлы керемет көрініске куә болды. Сөйтіп Ибраһим оттан сау-сәлемет шықты. Алайда, оған Лұттан басқа ешкім иман келтірмеді. Алла Тағала: «Сонда Лұт оған иман келтірді», («Әнкабут» сүресі, 26-аят) - деген.

Пайғамбардың (а.с.) Раббысын іздеуі
Ибраһим харрандықтарға ақиқатты көрсету үшін олармен сөз таластырады. Алла Тағала:
«(Ибраһим) түн қараңғылығы қоюланған сәтте бір жұлдыз көрді де: «Осы менің Раббым», - деді. (Жұлдыз) батқан кезде: «Бататындарды жақсы көрмеймін», - деді. Шыққан айды көргенде: «Осы менің Раббым», - деді. Ол батқанда: «Егер Раббым тура жолға салмаған болса, сөзсіз, мен де адасқан елден көптің бірі болар едім», - деді және шыққан күнді көргенде: «Осы менің Раббым, мынау үлкенірек», - деді. Ол батқан сәтте: «Ей, қауымым! Расында, сендер Аллаға ортақ қосқан нәрселеріңнен аулақпын. Мен шынайы түрде жүзімді көктер мен жерді Жаратқанға біржолата бұрдым. Және ортақ қосушылардан емеспін», - деді. Елі онымен дауласты. (Ибраһим): «Мені рас тура жолға салған Алла жайында менімен таласасыңдар ма? Мен сендердің Оған ортақ қосқан нәрселеріңнен қорықпаймын. Бірақ Раббым не нәрсе қаласа, (сол болады). Раббымның білімі барлық нәрсені қамтыған. Ойланбайсыңдар ма? Сендердің қосқан ортақтарыңнан қалай қорқамын?! Сендер ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені Аллаға серік қосудан қорықпайсыңдар», - деді. Егер білетін болсаңдар екі топтың қайсысы тыныштыққа лайығырақ? Сондай иман келтіріп, сенімдерін зұлымдықпен былғамағандар, міне, соларда тыныштық бар және олар тура жолға түсірілгендер. Ибраһимның еліне қарсы келтірген дәлеліміз осы. Қалағанымыздың дәрежесін көтереміз. Күдіксіз, Раббың хикмет Иесі, толық Білуші», - деп айтқан («Анғам» сүресі, 76-83-аяттар).
Сонда да адамдар қарсы шығып, ешқайсысы иманға келмеді. Сонда Ибраһим екінші рет қоныс аударуға шешім қабылдайды.

Мекке жерінде
Мысыр мен Палестинаға көп тұрақтай алмаған Ибраһимге Ажар мен емізулі сәбиі Исмаилды Меккеге алып бар деген Алладан бұйрық келді де үшеуі солай қарай жолға шығады. Ибраһим жеке өзі сапарға пырақпен аттанатын. Ал, жалғыз болмаса, көбіне көп түйеге мінетін. Сондықтан, олар Меккеге әдеттегідей түйемен, барса керек, анығын Алла Тағала жақсы біледі. Кейін Ибраһим жеке өзі Ажар мен Исмаилды көруге пырақпен келіп-кетіп жүреді.
Сонымен үшеуі Меккенің елсіз, сусыз жазығына жетіп Ибраһим Ажар мен ұлын сонда тастап, оларға бір ыдыс құрма, бір ыдыс су қалдырады да кері қайтады. Ажар Ибраһимның артынан жүгіріп: «Ей, Ибраһим! Қайда барасың?.. Бізді қайда қалдырып бара жатырсың?!.. Мұнда адам баласы да, ештеңе де жоқ ғой?!..» - деп дауыстайды. Пайғамбар артына бұрылып та қарамай кете береді. Ал, Ажар соңынан жүгіріп, бірнеше рет аялдауын өтінеді. Ибраһим тоқтамайды. Сонда Ажар одан: «Мұны саған Алла бұйырды ма?» - деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап қатады. Сонда Ажар: «Олай болса, Ол бізді өлтірмейді», - деген нық сеніммен қала береді.
Сонымен, Ажар анамыз қалып, ал Ибраһим кері қайтады. Пайғамбар әйеліне көрінбейтіндей бір айналмаға жеткенде, Қағба жаққа қарап, қолын көтеріп, Аллаға жалбарынып: «Раббымыз! Ұрпақтарымның кейбірін егінсіз ойпатқа, құрметті үйің (Қағбаның) жанына қалдырдым. Раббымыз! Олар намаз оқитын болсын! Және адамдардың көңілдерін бұларға бұрғыз! Сондай-ақ оларды жемістермен ризықтандыр! Мүмкін, олар шүкіршілік етер», - деп дұға етті («Ибраһим» сүресі, 37-аят).
Анасы мен баласы елсіз, сусыз шөл далада азық-суы таусылады. Ана омырауындағы сүті де шықпай, аштық пен шөл қысқан сәби шырқырап жылайды. Баласының шыңғырғаны жанына батқан ана абыржып, шарасыз күйде қатты сасады.
Бауыр еті баласы үшін қиналып не істерін білмеген ана, әлдебір көмек болар деген үмітпен маңындағы төбелерге шығып, төңірекке көз салады. Сафадан (төбенің аты) айналасын шолып қарайды. Әрине, бұл кезде Қағба құрылмаған, ал зәмзәм суының бұлақ көзі әлі ашылмаған еді.
Енді, Ажардың көзі жақын маңдағы Маруа төбесіне түсіп, соған қарай жүгіреді. Бұл төбеге шығып та жан-жақты шолады. Ажар үшінші бір төбеге де шығып қарағысы келіп еді, баласынан алыстап кетуден қауіптеніп, кері Сафаға қайтады. Сәлден соң Маруаға қайта келеді. Абыржыған ана екі төбенің арасында ерсілі-қарсылы осылайша жүгіре береді. Ана жүрегінің қысылып, қобалжуынан туған бұл әрекет мұсылмандар үшін оның өзінен кейін қажылық үшін бұлжымас рәсім болып қалды. Оның нақты санына келсек, Ажар анамыз Сафа мен Маруаның арасын 7-рет жүгіріп өткен екен. Ажар анамыз екі төбенің арасында осылай жүгіріп жүргенде көктен Жәбірейіл (а.с.) түсіп, Исмаилдың қасынан өзінің қанаттарының бірімен «Зәмзәм» бұлағының көзін ашады. Осылайша Зәмзәм бұлағы ашылып, Ажар анамыз бен Исмаил (а.с.) аман қалады. Зәмзәм бұлағының басына ел қоныстанып, Мекке қаласына айналады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста