Құл ұйықтағанымен оның иесі ұйықтамайды
Иә, әні, міні деп жүргенде ел де жатып қалыпты. Құранда айтылғандай түн де адамдар үшін ғажап нәрсе. Адам болған соң бәрі де ұйықтайды. Ұйқының өзі бір нығмет. Кейбір жылдар бойы ұйықтамайтындар болады. Ал ол - дерт. һәм түнде Аллаға құлшылық қылу үшін ұйықтмайтындар болады. Иә, түн пендені Аллаға күндізден қарағанда құлшылық арқылы тез жақындататын маңызды сеп болатын нәрсе. Әйткенмен Алланың әулие құлдары да ұйықтайды. Дүние солай жаратылған. Әл-қисса:
Хазіреті Рабиға бірде түн бойы құлшылық етіп таң атқанда ұйқыға кетеді. Осыны аңдыған бір ұрып келіп үйіне түседі. Ол оның үйіндегі қатталып жиналған киімін алып есіктен шығып кетпек болды. Бірақ қанша іздесе де есікті таба алмайды. Ақыры болмаған соң киімін жерге қойғанда есікті таба кетеді. Ол осыны үш мәрте қайталайды. Бір кезде үйдің бір бұрышынан: Киімді қой да үйден шығып кет. Құл ұйықтағанмен оның Иесі ұйықтамайды» - деген дауыс естіледі.
Иә, ұйықтамайтын Біреу бар. Ол - Хақ Тағала. Өйткені ұйықтау, қалғу, мүлгу, отыру, көтерілу, түсу, туу- туылу жаратылғанға тән нәрсе. Алла Тағала жаратылысқа ұқсамайды. Жаратылыс атаулыдан пәк, сол жаратылыстың иесі - Құдай Тағала қашан да Өзінің сүйікті құлдарына сүйеу, тірек, дос болмақ. Иә, дос іздегенге шынайы дос - Алла ғана болмақ. Ал Ол құлына дос болса күллі дүние сол құлына дос болып құрақ ұшпақ. Әншейінде біреу басшы, патшамен дос болса елдің бәрі соған жылы шырай танытып, жақын болуға тырыспайтын ба еді?!.
Мухитдин Иса,
PhD докторы