Құпиялық деген- ең алдымен қауіпсіздік, тыныштық.
Кез-келген отбасының, мекеменің, мемлекеттің өз құпиясы болады. Құпиялық деген- ең алдымен қауіпсіздік, тыныштық. Сондықтанда ол тәртіп, бірлесіп өмір сүріп отырған адамдардың амандығы мен сенімділігі болып табылады. Құпия деп саналған мәселенің үлкен-кіші болуына қарамастан қатаң сақталуы қадағаланады. Егер алда-жалда әшкереленіп басқалардың құлағына жетсе отбасы жөнінен тіршіліктеріне зардап тудыруы, ең кемінде сол әулетті ұятты жағдайларға қалдыруы мүмкін. Ал, егер мекеме болса, сырдың шашылуы ол ұжымның іс-шараларына тиімсіздік әкелумен бірге ондағы адамдарды алатайдай бүлдіріп ынтымағын бұзуы ғажап емес. Мемлекет жөнінен тіпті бөлек. Экономикалық, мемлекет қорғанысы, ғылым техникасы жақтарынан да көптеген құпиялық ережелері белгіленеді. Оны қатаң сақтау назарда ұсталады, оның аса маңызды болғандығынан да арнаулы қауіпсіздік мекемелері жұмыс істейді. Құпиялықты сақтауға, оны әшкерелеушілерге қарсы ымырасыз күрес ашып қатаң жазалау амалдарына барады. Әрине, бұның бәрі қажеттілік, болуға тиісті қағидалар. Құпиялықтың сипаты екі түрлі болады, біріншісі, пайдалы, ешкімге залалсыз, сақталуы жақсылыққа кепіл болатындары. Екіншісі, қаскүнемедікке, зұлымдыққа құрылған құпиялық. Әрине мұндай халыққа, оның мал-мүлкіне апат алып келетін жоспарларды әшкерелеу, алдын алу құдай алдында да, қоғам алдында да ең дұрыс жол. Бұл арада біздің айтпағымыз мемлекетке, әлеуметке қарсы бағытталмаған ішкі құпия сыр. Жоғарыда айтқанымыздай әр орынның, әр әулеттің өзіне ғана тән ұстанымдары деуге болады. Ендеше сөздің таралуы, сырдың шашылуына не себеп? Ертеден келе жатқан «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген мәтел бар. Ақыл-есі толыспаған, келер-кетерді, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын сәбилердің алдында үлкендер ауызын бағып сөйлеген, жүріс-тұрыс, іс-әрекетте де қатты абай болған.Олардың көзінше қатты сақтық жасап отырады. Бұл әдептілік және тәрбие тәсілі еді. Кезі келгенде ескерту жасап аузына берік болуды қадағалап отырады. «Бала, баланың ісі шала»- деп айтатынымыз осы. Ал, енді дапдардай үлкендер жағынан сөз таралуы мүмкін бе? Әрине мүмкін. Ең алдымен аңқау және ақымақтау адамнан сыр шашылады, сонан соң айтпаса тұра алмайтын, сөйлемесе жүре алмайтын жүйкесі бұзылған «ауру» адамнан әңгіме шығады. Енді үшіншісі, ашуға алдырған әлде ниеті бұзылған бір жанның қаса-қана өсектеуінен, ғайбаттауынан өрттей қаулайды. Бұның зардабы да үлкен болып асқынса адам өлтіріп тынады, ең кемі оның ақыры абыройсыздыққа апарып соғады. Сөз тасу деген- үлкен дерт. Ол сонау замандардан қазірге дейін адамдар арасын жайлап алған жайсыз жағдай. Адамдық құқық мәселесіне айналса заң арқылы қудаланады және ақшалай төлем салынады. Одан бері әдептен аттау болып саналып, айып тағылады. Діни жағынан айтар болсақ өсек айтып адамдарды ала жаңқа жасау, сырттан ғайбат айтып бірді бірге соғу күнә деп саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Ғайбат айтпаңдар, ғайбат сөйлеу жаңа ғана қайтыс болған бауырыңның етін жегеніңмен бірдей»- деген. «Болған жағдайда айту да ғайбатқа жата ма?»-деген де; «Болған жағдайды басқа жерде айту ғайбат. Ал, болмағанды айту залымдық»- деген қатаң тиым салып. Демек, бұл дүниелік және ақыреттік қасіреті бар.
Османлы заманында (қысқартып айтайын) Ыбырайым тақияшы деген кісі ескі қорасының бұрышын қазып жатып үш құмыра алтын тауып алыпты да «Осыны әйеліме айтсам ба екен, айпасам ба екен»-деп ойлайды да әйелін сынап көру үшін алтынды көміп қоя тұрып үйіне келіп «Түнімен ішім ауырып шығып еді, таңға жуық ұйықтап кеткен екем, оянсам мына жұмыртқа жатыр, сен оны ешкімге айтпа»-деп әйеліне тауықтың жұмыртқасын ұстатып үйінен шығып кетіпті. Бесін намазынан соң көшеге шығып базарды аралап жүрсе, жұрттың бәрі «Ыбырайым қыт-қыт...»-деп мазақтап жүр дейді. Күдігі шынға айналған Ыбырайым әлгі тауып алған алтынды әйеліне сездірмей, шып-шырғасын шығармай түгелімен мешіт салуға жұмсапты. Сол құтпиялықтың арқасында Топқапының қасында «Ыбырайым тақияшының мешіті» «Алллаһу әкбар!»- деп әлі күнге дейін азан салып тұр...
Дәулетбек Байтұрсынұлы
ақын, журналист