Құран Інжіл мен Таураттан көшірілген деген сөз негізді ме
Егер мұндай пікір рас болса онда бұл хабар әлемде кеңінен таралып, БАҚ жарыса жариялап жатар еді. Алайда жағдай олай емес, демек бұл пікірді дінді жақсы білмейтін адамдардың халықты адастыру үшін таратып жатқан сөздері, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) оқу-жазуды білмегені мәлім. Ол араб тілінен басқа тілді білмеген.
Ал Таурат VIII ғасырда, Інжіл болса ең ерте дегеніміз IX ғ. араб тіліне аударылған.
Ал енді Құран мен Таурат және Інжілдегі оқиғалардың бір-біріне ұқсауы түсінікті жайт. Себебі бұлар көктен түскен кітаптар.
Алайда, Құран хикаяларындағы негізгі басымдылығы мен мазмұны және стилі жағынан олардан мүлде бөлек.
Мысалы, Таураттағы хикаяларда негізгі тақырып – яһудилер Құдайдың таңдаулы халқы деген идеясы. Онда тарихи оқиғалар толықтай қарапайым стильде берілген. Бұл қиссаларда Алла Тағала Нұхтың топан суын жаратқанына және Талұтты патша еткеніне өкінгені, пайғамбарлар пұттарға құлшылық етті деп айыпталады. Ондағы әңгімелер Исламдағы Құдай мен пайғамбар туралы ұғымдармен үйлеспейді, сәйкестік жоқ және мифологиялық элементтер бар.
Ал енді Иса пайғамбардың өмір тарихы баяндалған Інжілде басымдылық үш құдайға (үштікке) сенуге беріледі. Иса Құдайдың ұлы және Оның ағашқа шегеленгені туралы әңгімесі Құранға қайшы келеді.
Құран қиссаларында тарихи мәліметтер бірінші орында тұрмайды; тұлға, уақыт және мекен сияқты дүниелерге айрықша мәлімет берілмейді; Құранда оқиғаны жеткізу мен мысалдық жағына мән беріліп, айқын суреттеу стилі басым.
Дегенмен, Таурат пен Інжілде Құрандағы деректермен сәйкестеніп келетін мәліметтер де бар екені жоққа шығарылмайды.