Құран Кәрімде не үшін өсімге тиым салынған?
Алла Тағала Құран Кәрімде: Сондай өciм жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: “Сауда да бейне өciм” дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тиылса өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады. (Бақара, 275) деп бұйырады.
Хақ елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадис-шарфитерінде өсім алушылардың ақырет күні қатты азап шегетінін былайша жеткізеді: «Мен Исра түнінде жыландарға толы үй сияқты қарындары бар қауымға жолықтым. Ол жыландар сол қауымның іштерінен сыртқа қарай шығып жатты. Мен Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл кімдер?», - деп сұрадым. Ол (Жебрейіл ғ.с.): «Бұлар өсім жеушілер», - деп айтты»(Ахмад бин Ханбал. Муснад, Риба)
Иә, ислам қарызға берілген ақшадан өсім алуға тиым салады. Бұл шариғи үкімнің хикметі туралы айтар болсақ, әсілі ешбір адам мәжбүр жағдайда алған қарыз ақшасының үстінен өсім төлегісі келмейді. Сондай-ақ, ешбір дәулетті адам белгілі бір қайтарымы болмаса өз мүлкінен қарыз бергісі келмейді. Алайда, қоғамда орын алатын түрлі жағдайларға байланысты кейде адамдар қарыз ақшаны өсімге алады. Артық қоры бар ауқатты адамдар да ақшаның үстінен ақша жасағасы келеді. Осыдан келіп қоғамда өсім беру мен өсім алу ісі ортаға шығады. Ал, өсімнен пайда табу халықтың кедейлене түсуіне жол ашады. Халықтың еңбекақысы қаналып, қанағатсыз байлардың көбейтеді. Ынсап пен әділет жоғалып, қоғамның рухани шіруіне, әлеуметтік теңсіздіктің орнауына әкеп соғады.
Тегі, әділетсіздік өсімге ақша берудің салдарынан ғана туындамайды, пайыздық келісімнің кез-келген түрінің әу бастағы негізінде әділетсіздік бар. Мысалы, қарыз алушы борышкер ақшаны саудаға салып, бар шынайы ниеті мен жұмсаған күш-жігеріне қарамастан ешқандай табыс таппауы мүмкін. Бірақ, борышкер табыс таппаса да ақшаны өсімімен қарыз берушіге қайтаруды мойнына алады. Бұл дегеніміз өсімге ақша беру келісімшартында тәуекел ету екі тарапқа тең емес деген сөз. Егер, борышкердің ісі алға баспай қалса, онда ол қарызға батады. Қарыз берушіге келетін болсақ, борышкердің ісі алға баспаса да ол табыс табады. Ал, келісімшартта екі жақты қауіп-қатер тең болмаса, ол келісімнің әу бастағы негізі дұрыс емес деген сөз.
Исламға дейін Араб түбегіндегі дау-дамайдың басым бөлігі өсім беруші мен алушының арасында туындайтын. Өсімге ақша беруге тиым салынған соң бұл дау-дамайлар сап тиылды. Ислам өсім келісімшартының орнына мудараба келісімін ортаға қойды. Мудараба келісімінде қаражат салушы мен кәсіпті жүргізуші табысты тең бөліседі. Бірақ, іс кері кетіп, кәсіптен зарар көрген жағдайда, қаражат салушы ақшалай зиян шегеді. Ал, кәсіпті жүргізуші сол жұмысқа кеткен күш-жігері мен уақыты тұрғысынан зиян шегеді. Яғни, мудараба келісімі деп бір тараптың қаражат құйып, екінші тараптың сол қаражатпен кәсіпті жүргізуін айтамыз. Мудараба келісімшартында екі жақты қауіп-қатер тең болғандықтан, мәміленің бұл түрі шариғатта құпталады.
Шариғат адалдығы беймәлім келісімшартты түзбеуге шақырады. Бұл туралы Алла елшісі (с.ғ.с.): «Халал анық, харам да анық, ал ол екеуінің арасында шүбәлі істер бар. Кім шүбәлі істен бас тартса, ол анық (күнәдан) бас тартқан болады, ал кім өзіне күдікті сезілген іске қол ұрса, анық (күнәға) бой ұруға шақ тұрады» (әл-Бұхари. 303) дейді. Осы себептен де фақиһтер шариғат бойынша қарыз беруші адамның қарыз алушының ат-көлігін пайдалануы, оның үйіне барып тамақ ішуі, тіпті, бау-бақшасын саялауы да өсім алуға жатуы мүмкін деген пікір айтады. Яғни, қарыз беруші тараптың мудариб келісімін жасаушы жақтың есебінен жанама түрде болса да пайда табуын шариғат адал емес деп біледі.