ҚҰРАН СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ
Құран – Алла Тағала тарапынан түскен, осы уақытқа дейін ең көп зерттелген кітаптардың бірі. Мұсылман ғалымдары Құран Кәрім туралы «Алла Тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) мұғжиза етіп түсірген, оқылуының өзі құлшылық болып табылатын, бізге мұтауатир жолмен жеткен сөзі» [1] деген қорытынды жасайды.
Біз бұл мақаламызда екі түрлі мәселені қамтымақ ойдамыз. Бірінші – Құран сөзінің түбіріне қатысты ғалымдар арасындағы көзқарастар, ал екіншісі – Құран сөзінің шығу төркіні.
Ғалымдар арасында Құран сөзінің түбірі туралы ортақ пікір жоқ. Кей ғалымдар Құран сөзінің түбірінде һамза бар десе, кейбір ғалымдар һамза жоқ деп санайды. Айталық,
1) Имам Шафиғидің пікірінше, Құран сөзі белгілі бір түбірден шықпаған және оның түбірінде һамза жоқ. Ол – Алла Тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) түсірген кітабына берілген атау. Ол сөз قرأ «қара’» (оқу) түбірінен шықпаған. Егер قرأ «қара’» (оқу) түбірінен шыққанда кез келген оқылатын нәрсе «Құран» деп аталар еді. Яғни ол Таурат пен Інжіл сияқты Алла Тағаланың кітабының атауы [2]. Бұл пікірді қолдаушылардың мұндай ұстанымға келуіне Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) түсірген кітабынан басқа ешқандай да оқылатын нәрсе «Құран» деп аталмайтындығы негіз болған. Бұл пікірді имам әс-Суюти де қолдаған.
2) Имам әл-Фарраның пікірінше, «Құран» сөзі көпше түрде тұрған قرائن «қара’ин» (жекеше түрі قرينة «қарина» сөзі) сөзінен туындаған сөз [3]. Ол «ұқсастар» деген мағынаны береді. Себебі Құран аяттары бір-біріне ұқсайды. Егер имам әл-Фарраның пікірін басшылыққа алатын болсақ, «Құран» сөзіндегі «нун» әрпі түбір әріп болып табылады және бұл түбірде де «һамза» жоқ [4].
3) Имам Ашғаридің пікірінше, «Құран» сөзі قَرَنَ «қарана» (қосу, біріктіру) деген түбірден шыққан [5]. Себебі Құранның сүрелері мен аяттары бір-біріне қосылып жинақталған [6]. Бұл пікірде де «Құран» сөзіндегі «нун» әрпі түбір әріп болып табылады және бұл түбірде де «һамза» жоқ. Бұл пікірді әл-Һарауи мен Әбу Абид қолдаған.
4) Имам әз-Зажжаздың пікірінше, «Құран» – һамзалы сөз [7]. Оның түбірі قرء «қар’ун» сөзі және сол сөзден فعلان «фуълан» уазнында (араб морфологиясындағы сөздің формасы) келген туынды сөз. Араб тілінде قرء «қар’ун» сөзі «жинау» деген мағынаны береді, яғни Құран Кәрім өзіне дейінгі түсірілген кітаптардағы ақиқи хабарды қамтығандықтан, солай аталған. Бұл пікірді атақты араб тілінің маманы әл-Жауһари де қолдаған. Бірақ әр-Рабиғ бұл пікірді негізсіз деп санаған.
5) Имам әл-Лихиянидің пікірінше, «Құран» сөзі – فعلان «фуълан» уазнында туынды сөз. Оның түбірі قرأ «қара’» (оқу) сөзі.
Ғалымдар арасында «Құран» сөзінің түбіріне қатысты осындай бес түрлі ұстаным бар. Қазіргі кездегі ғалымдардың көпшілігі соңғы пікірді, яғни имам әл-Лихиянидің пікірін қолдайды. Мысалы, кей ғалымдар әл-Лихияни ұстанымын қолдайды да, қалған пікірлерді ғылыми тұрғыдан, араб тілінің ережелері тұрғысынан әлсіз деп санайды.
Бұл пікірдің негізсіз емес екенін Құрандағы: Шын мәнінде, оны (Құранды) жинау және оқу – Бізге міндет. Ал қашан Біз (Жәбірейіл арқылы) оны (Құранды) оқығанда, оның оқуына ілес) (Қияма, 17-18-аяттар) деп келетін аяттардан байқаймыз. Аталған аяттағы «оның оқуына ілес» деген тіркесте кездесетін «оқылуына» деген сөз араб тілінде «Құран» деп келеді.
«Құран» сөзі قرأ «қара’» (оқу) сөзінен шықты дейтін ғалымдардың арасында осы сөздің түбірі қай тілден келгендігіне қатысты да ортақ ұстаным жоқ. Бірі бұл сөз араб тіліне арамей тілінен енген деп санайды. Өйткені арамей тілінде قرأ «қара’» сөзі «оқу» деген мағынада келген. Кей ғалымдар бұл пікірді негізсіз деп біледі.
Қашан да Құран Кәрімнің әрбір аяты мен сүресі терең зерттеулерге ие. Өйткені алғашқы аяттарынан-ақ оқу, білімнің маңыздылығын үгіттеп адамзат баласын ілімге шақырған Құран Кәрімнің насихатына сай амал ету – баршамызға парыз. Бұл ретте қасиетті кітап атауының мағынасын жете түсіну Құран Кәрімге деген ыстық ықыласымызды арттыра түсетіні анық.
Рашид Мұхитдинов,
теолог-исламтанушы
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Әбу Бәкір әл-Хатиб әл-Бағдади. Тарих Бағдад. Бейрут, Дәл әл-кутуб әл-илмия. 1417 һ.
2. Жәләлуддин әс-Суюти. Әл-Итқан фи улум әл-Қуран. Каир, Әл-Һайа әл-мысрия әл-амма лил-кутуб. 1974.
3. Әбу Абдуллаһ әз-Зәркәши. Әл-Бурһан фи улум әл-Құран. Дәр ихия әл-кутуб әл-арабия. 1957.
4. Субхи ас-Салих. Бабахис фи улум әл-Қуран. Бейрут, Дәр әл-кутуб лил-мәләин. 1996.
5. Нуруддин Итр. Улум әл-Қуран әл-кәрим. Дамаск, Матбағату әс-сабах. 1996.
6. Ас-Саих Али Хусайн. Мадхал әд-дирасат әл-Қурания. Тарабулус, Жамғия әд-дағуа әл-исләмия, 2000.
7. Ибн Манзур. Лисан әл-араб. Бейрут, Дәр Садир. 1444 һ.