ҚҰРАНДА ҚАБІР АЗАБЫНА ДӘЛЕЛ БОЛАР АЯТ ЖОҚ ДЕЙДІ, ОҒАН НЕ ДЕЙСІЗДЕР?
"Қабір азабына" қатысты сенім, көбіне хадис шәрифтерге сүйенеді. Оның ақиқат екендігіне қатысты айтылған хадистердің деңгейі «мәшһур» дәрежесіне жететіндіктен, ол риуаяттар ақида мәселесінің бірі болып табылатын қабір азабына нақты дәлел бола алады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі mazhab.kz-ке сілтеме жасап.
Ислам сенімінде "қабір азабы" хақ нәрсе. Қабір азабы кәпірлер мен кейбір күнәһар мұсылмандарға болады. "Қабір азабына" қатысты сенім, көбіне хадис шәрифтерге сүйенеді. Оның ақиқат екендігіне қатысты айтылған хадистердің деңгейі «мәшһур» дәрежесіне жететіндіктен, ол риуаяттар ақида мәселесінің бірі болып табылатын қабір азабына нақты дәлел бола алады. Алайда, бұл дегеніміз Құран Кәрімде қабір азабына дәлел болар аят жоқ деген сөз емес. Мәселен, «Ғофир» сүресінің 46 аятында, Перғауын және оның жендеттері күндіз-түні азапқа салынатыны айтылған:
«Олар ертелі-кеш отқа ұсынылады. Ал қиямет-қайым болған күні: "Перғауынның жақындарын (жақтастарын) азаптың ең қаттысына кіргізіңдер» (делінеді)».
Аталмыш аятта перғауын және оның жақтастарына екі түрлі азаптың болатыны айтылуда. Оның бірі – «ертелі, кеш отқа ұсынылатындығы», екіншісі – қиямет күні болғандағы жазасы. Біріншісі – қабір азабын білдірсе, екіншісі қиямет күнінде тасталатын тозақты білдіреді.
Сондай-ақ, «Нұх» сүресінің, 25 аятында топан су кезінде кейбір күнәһар, залымдардың суға батырылып, одан кейін отқа кіргізілгендігі айтылады:
«Қылмыстары себепті суға батырылды да, бірден отқа салынды...».
Осы аяттың түпнұсқасында «бірден» деген мағынаны тудырар «фә» жалғауы жалғанып тұр. Одан біз, Нұх пайғамбар заманындағы топан су кезінде Нұх ғалейһиссәләмға сенбеген кейбір кәпірлердің суға тұншығып өліп, артынан бірден қабірдегі отқа тасталғанын ұғынамыз. Өйткені бұл аяттағы «от» сөзі, қабір емес, қиямет қайымдағы тозақ оты болғанда, «фә» жалғауы жалғанбай, жай ғана «және отқа тасталады» делінетін еді. Сондай-ақ, ол жерде «тасталды» деп өткен шақта айтылып тұрғанынан да, бейнебір отқа суда тұңшығып өлгеннен кейін кіргізілгенін ұғынамыз. Ол оттың қабірдегі от екендігін сенімді түрде айта аламыз.
Бұнымен қатар «Әнғам» сүресінің, 93 аятында да қабір азабы жайында ашық айтылған. Ол аятта Алла Тағала былай дейді:
«Залымдардың өлім қиналысындағы жағдайды көрсең ғой. Періштелер оларған қолдарын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаға қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарына менменсігендерің себепті қорлаушы азаппен жазаланасыңдар» (- дейді)».
Осы аятта "Бүгін" деп, залым, кәпірлердің жаны шыққан күні қорлаушы азапқа салынатындығы ашық айтылуда. Мұндағы азаптың "қабір азабы" екендігі даусыз.
Міне осы сияқты аят-и кәрималар сахих хадистерде баян етілген «қабір азабына» қатыста Құранда да айтылғандығына дәлел. Осындай аяттарға және мәшһур хадистерге қарай отырып, Қабір азабының ақиқаттығына ешбір суннит ғұламасы шүбә келтірмеген. Тарихта бой көрсеткен Мұғтазилия және Жәһмия атты адасқан діни-философиялық ағымдардың өкілдері, кезінде қабір азабын және қабірдегі сұрақ-жауапты жоққа шығарған еді. Алайда, әһли сунна ғұламалары қажетті жауап жазып, олардың күмәндарының негізсіз екендігін дәлелдеп берген болатын. Бүгінде қабір азабын жоққа шығаратын бұл ағымның өкілдері қалмаған.