Құрбандық шалуға қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Құрбандық шалуға қатысты жиі қойылатын сұрақтар

1.Құрбан шалу кімге уәжіп? Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?
Ханафи мәзһабы бойынша төмендегі талаптарға сай әр адамға құрбандық шалуы уәжіп:
• Мұсылман болуы керек
• Тұрғылықты (жолаушы болмау)
• Ақыл-есі дұрыс
• Балиғатқа толған
• Бақуатты. (Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе осы құнға тең келетін артық мүлікке ие болу).
Бұл дегеніміз, бір отбасыдағы кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және де өзінің жеке байлығы бар ұл-қыздары мен өзінің жеке байлығы бар зайыбы да өз алдына бір қой құрбандық шалуы тиіс. Әкесінің шалған бір қой құрбандығы оларға жүрмейді.
Бірақ, өз дүниелері болмаса, отағасының шалған құрбанының сауабы оларға да жазылады. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) шалған құрбанының сауабын үмбетімен де бөлісетіндігі риуаят етіледі. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді:«Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) намаздан шығып, бір қошқар алып келді. Оны құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл (құрбандық) менің және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандар атынан», – деді.

2.Құрбандыққа атаған малым жоғалды, не істеймін?
Арнайы құрбан үшін атаған малы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, мал иесінің жағдайына қараймыз: мал иесінің жағдайы төмен болса, әлгінің орнына басқасын шалуына міндетті емес. Ал, бақуатты болса орнына басқа мал шалуы шарт.

3.Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға бола ма?
Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып оған құрбандық шалатын болсаңыз, оның еш ағаттығы болмайды.

4.Шек беру дұрыс па?
Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айты мен Құрбан айттан бұрын мал сойып, туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады. Бұны бізде «шек беру» дейді. Шекте қайтыс болған кісілердің аты аталып, әруақтарына құран бағышталады.
Өлген кісіге сауап болсын деген мақсатпен мал сойып, құрбан шалу шариғатта да бар. Бұған дәлел, Әбу Дәуідте келген бір хадисте Әзірет Али Пайғамбарымыздың да рухына арнап бөлек бір қошқарды құрбанға шалғаны айтылады. Сондықтан шек беріп, сауабын өлген кісіге бағыштау шариғатқа теріс емес.
Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айтынан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар да бар.
Шариғат бойынша, сойылған мал «уәжіп құрбандық» боп есептелуі үшін Құрбан айт намазы басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында шалынуы керек. Бухари риуаят етілген хадисте: «Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбаның қайта шалсын!», – делінген.
Ендеше, арапада шек беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса, Құрбан айты келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал, бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс. Арапа күні шек беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны санатына кіреді.
5.Жесір әйелге құрбан шалуға болмайды деген рас па?
• Ассалямуалейкум! Сіздерден сұрайын дегенім: Құрбан шалуға ниет еткен әйел кісіге бір танысы «жолдасыңның (күйеуі) қайтыс болғанына 3 жыл болған жоқ, саған құрбан шалуға болмайды» депті.
Енді ол кісі түсініксіз жағдайда, не істесе болады? Маржан.
Уағалейкумуссалам! Маржан, егер әйел кісі бақуатты болса, құрбан шалуы – уәжіп. Бақуатты болмаса, құрбан шалуға міндетті емес, дегенмен сауап үшін құрбан шалуына да болады, етін таратпай өзіне қалдыруына құқылы. Ерінің қайтыс болуы құрбан шалуына кедергі емес. Әрбірден соң, мүмкіндігі болса, қайтыс болған ерінің атына арнап бөлек құрбан шалып, сауабын марқұм жарының рухына бағыштап жібергені дұрыс. Бірақ міндет емес.

6.Құлағына ен салынған мал құрбандыққа жарамды ма?
• Шалатын құрбандықтың құлағы кесілген болса, яғни ені салынған болса, ол жарамды ма? Тілік көлемі қаншалықты болуы керек? Ақылжан Мырзалин
Қадірлі Ақылжан, малды құрбандыққа жарамды деуіміз үшін кейбір кемшіліктен ада болуы шарт. Сол кемшіліктердің бірі болып малдың құлағы мен құйрығының кесілгендігін айтамыз. Өйткені, Әзірет Әлидің: «Пайғамбарымыз (с.а.у) бізге құрбандық малының екі көзі мен екі құлағы сау болуына мұқият қарауымызды бұйырды», – дегендігі риуаят етіледі.
Сондықтан, құлағы мен құйрығының жартысынан астамы кесілген болса, ол мал құрбандыққа жарамсыз, ал жартысынан аз кесілген болса, құрбандық ретінде шалуға рұқсат. Бұл Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің тұжырымы. Әбу Ханифа бойынша үштен бірінен көп кесілсе жарамсыз. Десе де, Әбу Ханифа екі шәкіртінің пікірін құптағандығы деректерде бар.
Ендеше, ен салынған малдың құлағының жартысынан көбі аман болса, ол мал құрбандыққа жарамды.

7.Құрбандық ты өзге біреуге шалдыруға бола ма?
Құрбандық шалуы уәжіп кісі басқа бір адамды тікелей болмаса, телефон немесе хат жолдау арқылы өзінің орнына өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Сондықтан туыстарыңыздың біріне айтып, құрбан малын бауыздата аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз. Пайғамбарымыздың да қасапшыларға құрбан шалдырғандығы хадистерде айтылған.

8.Құрбанға шалынған малдың терісін сатуға бола ма?
Құрбанға шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп үй қажеттілігіне де қолданса болады. Себебі, етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат болуы заңды. Оның үстіне Айша анамыз құрбанға шалынған малдың терісінен мүтара (сиқа-سِقاء) жасап қолданатыны деректерде келген.
Бірақ, оны (құрбан терісін) ақшаға сату – мәкрүһ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): «Кім құрбанынын терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп», – деп теріні сатпауды баса айтуда. Дегенмен, түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуына болады.

9.Қыз баласына құрбан шалуға болмайды дейді, сол рас па?
Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ. Бұған дәлел келтірер болсақ, «Әл-Мүстәдрак» атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.у.) қызы Фатимаға: «Ей, Фатима! Құрбан малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: «Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!», – деп кеңес еткен.

10.Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә ма?
Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.
Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқылысыз.

11.Садақа «құрбан орнына» жүре ме?
Құрбан шалудың шарты – малды бауыздап, қан ағызуында. Бұл дегеніміз – құрбандық болып есептелуі үшін міндетті түрде айт күндері мал сойылу керек деген сөз, малдың орнына оның ақшасын садақа етіп тарату арқылы міндетінен құтыла алмайды. Бұл пәтуа құрбан шалуға міндетті болған бақуатты кісілерге арналған.
Ал, сауап алғысы келген тұрмысы нашар кісінің – өз ықтиярында. Дегенмен, жылына бір рет келетін Құрбан айт мейрамында садақа етіп бергеннен гөрі құрбандық шалғаны дұрыс. Өйткені, құрбандыққа шалынған малдың әрбір қылшығы үшін сауап жазылатындығы хадистерде айтылған.
• Тағы бір ескерер жайт, өзіңіздің орныңызға басқа бір адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай аласыз. Және ол құрбандықты сіз шалған болып есептелесіз.

12.Құрбандыққа қандай малдар жарамды?
Тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа ша-луға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жа-райды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) құрбандыққа жарамайтын мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрі-нетіндей өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.
Ханафи мәзһабының ғалымдары хадисте айтылған құрбандыққа жа-рамайтын малдардағы кемшіліктерге қиас (салыстыру) жолымен басқа да кемшіліктерді қосқан. Ол кемшіліктер мыналар:
• Бір көзі соқыр
• Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз
• Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі ке-сілген
• Тістерінің көбі түсіп қалған
• Емшектерінің басы жұлынып қалған
• Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал өзіне құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен ке-дей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол мал-ды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам, бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйтке-ні, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта ке-шірім бар.

13.Құрбан малының қай ағзасы желінбейді?
Жалпы, еті адал малдардың мына ағзалары желінбейді: аққан қаны, аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті. Өйткені, Алла тағала Құранда: «Жақсы нәрселерді олар үшін адал етіп, жек көрінішті жаман нәрселерді харам етті», – дей келе, таза азықпен азықтануымызды білдіріп тұр. Ал, жоғарыдағы ағзалар, жалпы алғанда, адам табиғаты ұнамсыз санайтын нәрселер. Сондықтан оларды жеу – харам.
• Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан келген мүрсәл бір хадисте: «Алла Елшісі қойдың мына ағзаларын (харамға жақын) мәкрүһ санайтын: аталық-аналық мүшелерін, дорбасын, бездерін, өтін, қуығын, қанын» делінген.

14.Құрбандықты уақытында шала алмаса, не істеу керек?
Құрбандық шалу ниетімен сатып алынған малды уақытысында соя алмаған тұрмысы төмен кісі ол малды тірідей садақа етіп береді. Ал, бай-бақуатты кісі малдың құнын ақшалай кедей-кепшікке таратуы тиіс.
Сондай-ақ, құрбандық ниетімен сатып алынған малы өліп қалса, тұрмысы төмен кісі басқа мал сатып алып, құрбандық шалуына міндетті емес. Бақуатты кісіге – міндет.

15.Құрбандық етін христиан көршіме берсем, бола ма?
Құрбандық етінен өзге дін иелеріне де садақа етіп беруге шариғатымызда рұқсат. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «Алла (Т.) дін үшін сендермен соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық қылуларыңа, әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Расында Алла (Т.) турашылдарды жақсы көреді», – дей келе, өзге дін иелеріне жақсылық жасауға болатындығын айтуда. Ал, құрбандық етін беру де өзгеге жасалған жақсылық болып есептеледі. Демек, оны өзге дін иелеріне берудің ешбір ағаттығы жоқ. Бұл әрекет бір шетінен сауап, екіншіден өзге діндегілердің Исламға деген жақсы көзқарастары қалыптасуына септігін тигізуі мүмкін.
Ертеректе сахабалар да құрбандық етінен өзге дін иелеріне бергендігі деректерде келтірілген. Мысалы, Тирмизидін хадис жинағында келген риуаятта Мүжәһид былай дейді: «Сахаба Абдулла ибн Амрдің үйінде бір қой құрбандыққа шалынды. Сонда Абдулла ибн Амр: «Көршіміз Яһудиге (етінен) бердіңдер ме? Көршіміз Яһудиге (етінен) бердіңдер ме? – деп сұрады да ары қарай сөзін – Мен Пайғамбарымыздың былай дегенің естідім: «Жәбрайыл маған көршіге жақсылық жасауды көп кеңес еткендігі соншалықты, көршіні де мүрагерлікке кіргізеді ме деп ойлап қалдым»,– деп өрбітті».
Ендеше, құрбандыққа шалынған малыңыздың етін көршіңіз христианға да берсеңіз, сіз үшін сауап болмақ.

Muslim.kz сайтынан алынған
Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста