Рамазан айына дейін оразаның қарыз күндерін қашан өтеу керек?
Көптен күткен айлардың сұлтаны, уақыттың төресі Рамазан жақындап та қалды. Бір ай бойы Алла разылығы үшін иман еткен мүміндер астан тиылып, құлшылыққа ден қойып, нәпсісімен күреседі деп жазады Ihsan.kz.
«Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» , - деп Алла Тағала ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына жеткен мұсылманға Рамазан оразасын міндет қылды. Осы сүренің 185 - аятында «Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар.Әрі Алланы ұлықтаңдар», - деп жеңілдігі барын да айтты.
Енді қарыз күндерді қашанға дейін өтеу керек деген сауал туады. Әлбетте, жіберілген күндерді қолдан келгенше тезірек өтеген абзал. Ғалымдар Құран яки хадисте белгілі уақыт белгіленбегендіктен, келесі Рамазанға дейін өтеуді міндеттемеген.
Ережеп, Шағбан айлары Исламда Рамазанға дайындық болып саналады. Осы қасиетті айларды да тиімді пайдаланып, былтырғы Рамазаннан қалған қарыздарды өтеп алуға да болады.