Рамазан айында алғаш түскен қандай сүре?
Расында да Құран бір сәтте толық түскен жоқ. Ол жиырма үш жыл бойына аят-аят болып түсті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Ал енді Рамазан айында түсе бастаған Құранның алғашқы аяттарына келсек, онда бұл «Алақ» сүресінің алғашқы аяттары еді. Ол Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) Мекке шаһарының маңындағы Хира үңгірінде уахи болды.
Ислам тарихы кітаптарында бұл жағдай былай баяндалады:
Жәбірейіл періште келіп: – Оқы! – деп бұйырды.
Мұхамед (с.ғ.с.):
– Мен оқи алмаймын, – деді.
Сонда періште оны қатты қысып, сосын босатып жіберіп тағы да: – Оқы! – деп әмір етті.
Мұхаммед (с.ғ.с):
– Мен оқи алмаймын, – деді. Жәбірейіл (ғ.с) оны тағы да қысып:
– Оқы! – деп бұйырады.
Пайғамбар (с.ғ.с):
– Мен оқи алмаймын, – деп айтады.
Сол кезде Жәбірейіл:
«Оқы, жаратқан Раббыңның атымен. Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Сенің Раббың – Жомарт. Ол қалам арқылы үйретті. Адамға ол білмеген нәрселерін үйретті», – деген Алақ сүресінің алғашқы аяттарын оқыды.