Рамазанның алғашқы күні ораза ұстай алмасаң, қалған күндері ауыз бекітуге бола ма
Көпшілік "Рамазан айының басталғанына бірнеше күн болды, ораза ұстауды енді бастауға кеш емес пе? Намаз оқымайтындар ораза ұстаса бола ма?" деген түрлі сұрақ қойып жатады. Бұл сұрақтарға Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы өкілдері жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Zakon.kz cілтеме жасап.
Елімізде ораза ұстап, ауыз бекіткен жандардың қарасы жыл өткен сайын көбейіп келеді.
Алайда кейбір отандастарымызды "қасиетті айдың басталғанына бірнеше күн өтті, кешігіп қалған шығармын" деген түрлі күмәнды ойлар билейтін көрінеді.
Сондай-ақ, намаз оқымаймын, ораза ұстауға бола ма деген сұрақтар да тұрғындарды толғандырса керек.
Бұл сауалдарға қатысты Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілдері жауап берді.
"Бізге де дәл осындай сұрақтармен келетіндер бар: Кешігіп қалдым, енді бастасам бола ма, әлде кеш пе? Әрине, болады. Егер бұрын ауыз бекітпеген адам өз күшіне сенбей, Рамазан айы басталғаннан кейін шешім қабылдап, бастауға бел буса, оған ешбір шектеу жоқ. Алайда ертерек бастаған дұрысырақ. Бастысы – адамның ниетінің таза әрі шынайы болуы. Ал қарыз күндерді Рамазан айы аяқталған соң да өтеуге болады", – дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров.
Ершат Оңғаровтың айтуынша, егер адам ешбір себепсіз оразаның алғышқы күндерін әдейі өткізіп, содан соң ұстамақ болса, мұндайға жол берілмейді. Мұсылман адамның "жарайды, басында 5 күн өткізіп жіберейін, кейін бастармын" деп ойлауы дұрыс емес.
"Біз оразаны Құран аятының негізінде ұстауымыз шарт. Бұл мұсылманның парызы, сол себепті оразаны кейінге қалдыруға болмайды. Егер адам ораза ұстап, бірнеше күн себепсіз ауыз ашып қойса, Рамазан айы аяқталған соң, әр қарыз күні үшін 60 күн ораза ұстауы керек болады. Оразаны алғаш ұстағандарға жеңілдік қарастырылған, олар өткізіп алған күндерін, ай соңында өтеулеріне әбден болады.
"Кейбіреулер "намаз оқымасам, ораза ұстауға бола ма" деп сұрайды. "Исламда намаз – өз алдына бір парыз, ораза – бұл бөлек парыз. Яғни, олар бір-бірімен байланысты емес және оразаның шарты намаздың міндетті түрде орындалуын қамтымайды. Сондықтан намаз оқымаған адам оразаны ұстай алады, қабыл болады", – деп түсіндірді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай.