Ризықты арттыратын 11 себеп
Алла Тағаланың бір есімі - «Ар-Раззақу». «Өз құлдарына Ризық беруші, тамақтандырушы» дегенді білдіреді. Құранда: «Жер бетінде азығын Алла бермеген бірде-бір тіршілік иесі жоқ», - делінген.
Ризықты арттыру үшін Шариғат талаптарына сай тірлік жасау қажет. Ризықты арттыруға себеп болатын істер:
1. Истиғфар айту («Астағфируллаh» сөзі). 2. Аллаға тәуекел ету. Алла елшісі: «Егер сендер Аллаға тиісінше тәуекел етіп, үміт үзбесеңдер Ол міндетті түрде таңертең аш кетіп, кешкісін тоқ оралатын құстарға азық бергеніндей, сендерге де азық берер еді», - деген. Құранда: «Аллаға тәуекел еткенге сол жеткілікті. Алла Өз ісін соңына дейін жеткізеді. Алла әр заттың өлшемін белгілеген»-делінген.
3. Туысқандармен байланысты үзбеу. Алла елшісі: «Ризығының артқанын, өмірінің ұзарғанын қалаған адам туысқандарымен байланыста болсын», - деген.
4. Алла разылығы үшін қаражатыңнан, мүлкіңнен жұмсау, садақа беру. «Ол сендердің жұмсағандарыңның бәрін қайтарады. Ол – ең жақсы ризық Беруші» («Caбa», 34:39). Құдси хадистердің бірінде: «О, Адамның ұлы! Қаражатыңнан жұмса, сонда Мен саған жұмсаймын», - делінген.
5. Жасаған күнәларға өкініп, тәубеге келу, күнәлары үшін кешірім сұрау. «Мен айттым: “Жаратқаннан кешірім сұраңдар, Ол – Кешіруші. Ол сендерге көктен жаңбыр жаудырады, мүлік пен бала береді, сендер үшін бау-бақша өсіріп, өзендерді ағызады». («Нұх», 71:10-12)
6. Дұға жасау.
7. Құдайдан қорқу. Береке осыдан басталады.
8. Алланы еске алып, жиі-жиі зікір ету.
9. Алла жолында білім алып жүргендерге қаражат жұмсау. Пайғамбарымыздың заманында екі ағайынды жігіт өмір сүріпті. Ағасы еңбек етіп, екеуіне жеткілікті табыс тауып отырыпты. Ал інісі жұмыс істемей, діни білім алған екен. Алла елшісі Алланың екеуіне жетер қаражатты інісінің діни білім алуы себепті беріп отыруы мүмкін екенін айтқан.
10. Шүкірлік ету.
11. Исламның парыздарын орындау. «Алладан азық сұраңдар, Оған құлшылық қылыңдар және шүкірлік етіңдер». («Өрмекші», 29:17)