Рулас жандардың жанұя құруына бола ма?
Исламда рулас адамдардың үйленуіне тиым салатын қандай да бір үкім бар ма? Тіпті, жеті атасы асып кетсе де сүйіктілерінен ажырататын ата-аналарға не деуге болады?
А.Бақытжан
Құран Кәрімде: «Сендерге аналарыңа, қыздарыңа, әпке-қарындастарыңа, әкелеріңмен бір туған әйелдерге, аналарыңмен бір туған әйелдерге, бір туған бауырларыңның қыздарына, бір туған әпке-қарындастарыңның қыздарына, өздеріңді емізген сүт аналарыңа, бірге еміскен сүт бауыр әпке-қарындастарыңа, әйелдеріңнің аналарына, үйленіп жақындасқан әйелдеріңнің қолдарыңдағы өгей қыздарыңа үйленуге тыйым салынады...[1]»,–деп отасуға болмайтын әйелдер қатарын санамалап өткен.
Демек, мұнан басқа қыздармен отбасын құруға болады. Дегенмен, халқымыздың «Жеті атаға дейін қыз алыспайтын» игі дәстүрі бар. Бұл – қан тазалығымен қоса ертең дүниеге келетін ұрпақтың физиология мен психологиялық жағынан дені сау ұрпақ болуының бірден бір кепілі.
Ал, шариғатта «әл-Ғадату мухаккама[2]» «Әдет-ғұрып – үкім ретінде орындалады» деген қағида бар. Дін үкіміне қарсы шықпаған салт-дәстүрге шариғат тарапынан ешбір сын жоқ. Сіз жеті атаңызды анықтап, қыздың да шежіресін түгендеп үлкендерден бата алыңыз. Байсалдықпен, ақыл-парасатпен мақсатыңызға жетіңіз.
Руслан Камбаров
muslim.kz