Сәбиді жұбатып, сүйгенге де сауап барын білесіз бе?
Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немересі Хасанды өбектеп, сүйгіштеп отырғанда, қасына келген Ақра ибн Хабис: «Ойпырмай, менің бір емес он балам бар, ешқайсысына әлі күнге басынан сипап, маңдайынан сүйген емеспін!» дейді таңданып. Сонда ол: «Сен басқаларға мейірімділік танытпасаң, Алла да саған мейірімділік танытпайды» деген мағынада жауап қатады. (Әбу Дәуіт).
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жылаған баланы жұбатуға да ерекше көңіл бөлетін. «Кімде-кім жылаған баласын жұбатуға тырысса, Алла Тағала жәннатта оған риза болғанға дейін нығметтерін үйіп-төгеді» деген. (Дәйләми). Ол жамағатқа намаз оқып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын.
Бірде таң намазын әдеттегіден жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таңданып: «Уа, Алла Елшісі, бүгін намазды неліктен жылдам аяқтадыңыз?» деп сұрайды. Сонда: «Арт жақтан жылаған баланың дауысын естімедің бе? Анасы барып тезірек жұбатқанын қаладым» деп жауап берген. (Ханбал).