Сабыр еткен анаға берілген сый
Өмірге келген соң, сені мәпелеп қана қоймай келер күннің жақсылығына қарай жетелейтін де, жамандыққа қимайтын жүрегі нәзік, сезімтал жан бар. Ол – ана жүрегі. Бұл жүрек – мейірімді жүрек. Ол ұрпағы үшін еткен қызметіне пұл сұрамақ емес. Бар сұрар пұлы, біреу ғана – баласының амандығы. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дейміз. Ал баласын жоғалтқан ананың қартаймасына ешкім кепіл емес. Тіпті, жаны қырық саналатын әйел заты жүрегінің жыртығын жамаған сыңай танытқанымен... Ана жүрегінің жыртығын оның жүрек соғысынан көре алмасақ та, көз кірпігінің қағысынан байқап қаламыз.
Аяулы жан дүниеге әкеліп өсірген ұрпағын, баласын жоғалтса, иә-иә, «екінші өмірге» ұясындағы балапанының қанатын Хақ тағаламыз Өзіне ғана белгілі ажал сағатында алып кетсе... Аяулы жанды тағдырдың аямағаны ма? Жо-жоқ, аямауы мүмкін емес! Әрбір қайғының артында сабыр еткендер үшін бір қуаныш барын білетін мұсылманбыз. Уақытқа шегініс жасап, көп нүктенің көлеңкесін ашып, ойымды әріден өрбітейін.
Құрбым екеуміздің ағылшын тіліне арнаған ортақ сөздік дәптеріміз бар еді. Бір күні соның арасынан ол жазған мына бір өлеңді тауып алдым. Шимайланған, аяқталмаған еңбек. Десе де, мені кілт бұрылтқан өлең еді.
Жаралған еді -
Алланың қарапайым құлы боп.
Ер жетіп еді –
Дархан көңілді пендесінің бірі боп.
Ғайып болды бейнесі,
Жүректе тұр орны от боп...
Қадалды енді,
Жанымызға мұң оқ боп...
«Марқұм бауырыммен сырласу» деп атаған бұл өлеңінің соңына «жалғасы бар» деп жазған күнін көрсетіпті. Одан бері екі айдай уақыттың сырғығанын есептеп, әрқашан күліп жүретін құрбымның көзінде мұң пайда болғанын, жазғы демалысты ауылда өткізіп, кезекті оқу жылына келген кезінде байқап едім. Құрбымның студент үйіне оралуын тағатсыздана күттім.
Қоңыр күз. Кеш батты. Саябақтағы орындықтай көріп терезе алдына жайғасып алыппын (ойға көмілген әрбір студенттің әдеттегі орны сол болатын). Есік алды толған кісі. Қиын да болса қызығы мол студенттік өмірдің бал дәмін татып жүрген жайдары жастардың сыңғырлаған күлкісінен бөлменің есігінің қалай ашылғанын да естімей қалыппын.
- Мына өкшесі бір қарыс аяқ киімді кимесем, мені біреу оқу орнына кіргізбей қоя ма, айтшы өзі? - деп биік өкшелі аяқ киімнен аяғының талғанын білдіріп, кезекті қалжыңын жалғастыра құрбым да кіріп келді. Менің көңіл-күйім жоғын байқады ма, аянышты жүзіме күлкі үйіргісі келіп: «қалжың ғой, әзіл екен деп қалма» деді.
Бір шатырдың астында отырғандықтан, әрқашан бір-бірімізге демеу болып жүретін едік. Онымыз кішкентай ғана бөлменің ішінде қаланған үлкен достықтың шоғын жандырған-тын. Қатарлас жүзіп келе жатқан көрші қайықтағы жолаушының ескегі қанша мықты болса да, көңілі сынық, шаршаңқы күймен ескекті қанша сермегенмен діттеген мәресіне уақытылы әрі тура жетеріне күмән бар. Сондықтан да көрші қайықтың иесіне моральдық көмек көрсету, кеудесінде жаны бар әрбір пенденің ісі деп ұқтым. Іштен тынып жүрген құрбымның кермаралдай, жас әдемі жүзіне кері ықпалын тигізетін «мұң» атты алып күштің бетін қайтаруға кішкене де болсын септігімді тигізгім келді.
- Бауырыңның арты қайырлы болсын. Жаны Жәннәттан орын алсын. Жақын жандарына Алланың мейірімі жауғай, - дедім де жанына келіп отырдым. “Не үшін?” “Не себепті?” деген менің ішкі сауалдарым жүзімде жазылып тұрғандай бірден жауап қатты.
- Әмин, - деді, жүзіндегі күлкіні тез ысыра қойып, келесі көңілсіз күйдің бетін аша. - Білесің ғой, құрбыжан, мен туған жеріме жылдың он айын дөңгелетіп жаз түскенде ғана ораламын. Жырақта жүргеніме бесінші жылдың кезегі жетті. Әр жылы барғанда тек шат-шадыман күймен, туған жердің иісі мен суына шөлімді қандырып, масайрап қайтарым бар еді. Ал осы жылы, түсінесің бе, жұпары аңқыған даламның да, туыс-жаранның да көңіліне қаяу түсті. Себебі ағам мен жеңгемнің биыл ғана мектеп қабырғасын тәмамдаған жалғыз ұлдарын, бауырымды «ана дүниеге» шығарып салдық. Суық қаруды иемденген қала жастарының қолынан қаза тапты... Қорғану мақсатында хайуанның өзіне қаруды армен кезейтін ата-бабамыздың ұрпағы бүгінде оны адамға еркін бағыттауда. Мүбәрәк болған ораза айының шапағаты мол Қадір түнінде мешіттен шыққан бір топ жастарға «оқ жауған». Хақ Тағаламыздың дәл осы қасиетті түнде еселеп берер мейірімінен үміттеніп, ешбір жамандықты күтпеген алаңсыз жастардың ішінен оқ екі азаматқа дөп тиіпті. Бауырыммен қоса тағы бір өрен мерт болды. Неліктен? Беймәлім. Одан қалды қаскүнемдердің осы оқиғаны бейнежазбаға түсіріп, ғаламторға мақтана салғандарын айтсаңшы. Құдды бір аң емес, адам аулауға шыққан «жандардай». Асылы, аңшылар да өз олжасын бұлайша жариялай қоймас. Ал қаланың еріккен жастары осылай бір емес екі адамның өмірін парақша жеңіл ұшырды. Сол «жеңілдік», біріне бауыр, біріне дос, біріне аға, біріне іні, біріне шәкірт, бәрін қойшы жалғыз ұлы болған бір үйдің шатырын қопара құлатты, - деді құрбым баяу, көмескі үнмен. - Осы оқиғаға байланысты арнайы органдардың жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесін ғаламтордан қарап отырамын. Ондағы мақалаларда бірнеше ай өтсе де, айыптылардың табылмай жатқандығы жазылуда. Қылмыскерлердің өздері атой сап жариялаған ғаламтордағы видеоның шындықты ашуға көмектесе алмай отырғанына кейимін. Айтшы құрбым, ақиқаттың кемесі жағаға қашан жетеді? - деп шырылдап жылап жіберген құрбымды көргенде, менің тілім күрмелгендей болды. Аяқ-қолым қалшылдап, суық терге түстім. Бар ойыма келгені «бір қайғының артында бір қуаныш барына сенші» деп қайталап айта беріппін. Құрбым сабасына түскен кейіп танытқанымен, оның жүзінде «мына өмірде мейірімсіз адам да, әділетсіз заман да» деген ойлар ұранша жазылып тұрғандай көрінді маған.
Сырғып күндер өтіп жатты. Оқу жылы аяқтала сала кезекті жазғы демалысқа кеткен құрбыммен телефон арқылы тілдесіп, қал-жағдайын сұрамақ болдым. Көңілді сөйлескенімен, даусында діріл бар. Сөйтсем, ұлы қайтыс болғалы бір жылдан бері көрмеген жеңгесінің солыңқы кейпін көріп налыған екен.
- Сөзбен айтып жеткізе алмаймын, құрбым. Ормансыз бұлбұл болмайтыны анық. Дәл солай, баласыз ананың жасауы – жан мен тән жүдеулігімен ұласардай. Жеңгем бір-ақ жылда 10 жылға қартайған. Самайын ақ шаш сипап, тұлғасына дел-салдық тұрақтағандай, - деп күрсінді. Өз ойын анық та, ішкі сезімін әсерлі жеткізе білетін құрбыма айтар менің жауабым әрқашан қысқа қайырылатын. Тағы да, «бұл да сынақ болар, артынан баянды күндер де жетер» дегеннен әрі аспадым. Көңілі құлазыған жанға жылы сөздер көбірек қажет қой. Бірақ әншейінде көп сөйлейтін мен мұндай сәттерде эмоцияға беріліп, жаттанды сөзді қайталап тұрып қалатыным-ау, осы.
Уақыт сырғып, жазғы демалыс та аяқталды. Еліміздің елеулі жоғары оқу орындарының біріндегі сабағымыз жалғасын тауып, кішкентай ғана бөлмедегі тіршілігіміз басталған. Құрбымның қалжыңбастығы басылмаса да, бұрынғыдай емес. Күннен-күнге бойын біртоға мінез басып келе жатқандай. Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы 3-4 айды артқа сырғытты. Кешкі уақыт. Құрбымның телефоны шырыл қағып, туыстарынан қоңырау келді. Тұтқаны алған ол, біраз сөйлесті де, жасына ерік берді. Қуаныштың көз жасы.
- Сүйінші, құрбым, сүйінші! Жеңгем босаныпты, - деп терезенің алдына ырғып мініп, аяғын салбырата отырып алды да: - Бәсе, жаз кезінде «өзі жүдеу, бірақ іші неге шартиыңқырап тұр? Ауырған болар» деп ойлаған едім. Туыстарым да тіс жара қоймаған екен. Әй, қойшы, бастысы өмірге інім келді. Аман-есен, бірақ, өте әлсіз көрінеді, 7 айлық болып туылған екен, - деп, терезе алдынан жерге секіріп түсті де, құбылаға қарап қолын жая дұға ете бастады: «Я, Алла, расында Сен мейірімділердің мейірімдісісің! Сабыр еткендерді қуантушысың! Сансыз мадақтар болсын Өзіңе...».
Шүкір! Алла Тағала өмірден өткен бауырының артында қалған жалғыз қарындасына серік қылып ұл баланы сыйлаған болар. Сәбидің дүниеге анасының құрсағын жеті ай ғана мекен етіп, жарық дүние есігін асыға ашуы – Жаратушының тосын сыйы емес пе?! Ет-жүрегі езіліп, жалған дүниеге деген көзқарастары суық болып қалыптаса бастаған ағайын-туыстың көңілдегі кірбіңін шайғысы келді ме екен?! Сәби де: «Анашым, мойыма, мен ағамдай ақкөңіл, бауырмал, иманды жігіт болып өсемін. Сондықтан мына өмірге келуге асықтым» деп анасын жұбатқандай. Араға күн салып өмірге келген інілеріне азан шақырып ат қойылғандығын естіген құрбым:
- Ол – біздің әулеттің жұбанышы, Аса мейірімдінің құлы – Абдурахман. Алла Елшісі (с.а.у.): «Сәбилерге пайғамбарлардың есімдерін беріңдер және ең жақсы есімдер – Абдулла және Абдурахман (Аса Мейірімдінің құлы)» деген. Раббымыз әйел затын қанша нәзік етіп жаратса соған сай төзім де береді екен. Құрбым, сен маған үнемі әр қайғының артында бір қуаныш барын айтып отырушы едің. Ол – мені сабырға шақырып қана қояр сөз емес, сенің менің отбасыма арнаған тілегің, көптің тілегі деп білемін. Міне, жеңгемнің сабыры мен шынайы жанашырлардың тілегінің арқасында осындай сыйға кенелдік, - деп өмірге марқая қарады да, «қандай жағдай болмасын, үмітті үрейге жеңдірмеймін! Сен де жеңдірме, інім» деген ойларын марқұм бауырына арнаған өлеңінің соңына бояп жазып қойды. Бұл оның бауырының Жәннаттық боларына деген үміті, тілегі еді...
Ал менің тілегім – күллі мұсылманның тағдырға сабырмен иман етуі. Бұл оқиға Жаратушының аяулы Ананы аямағаны емес, сынау арқылы берген бақыты деп түсінемін. Расында мейірімділердің Мейірімдісі өз құлдарына шапағатын төкпей қоймайды. Төгіп те жүр. Тек соны көре алатын, сезе алатын, төзе алатын жүрек керек. Расында, Раббымыздың шүкірлік еткен, қандай сынақ болса да сабыр менен көркем мінезді тірек еткен құлдарына берер мейірімінде шек жоқ.