Шағбан айында не істесек ұтамыз?
Шағбан өзінен соң Рамазанның келе жатқанын білдіретін ай. Бұл айда жиі жасалғаны мақұл көрінетін амал туралы пайғамбардың өзі: «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы», – деп айтып өткен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Егер бұл айтылған риуаятты ашықтап айтатын болсақ, онда Ережеп айында кәлиманы (Лә иләһа иллә Алла Мұхаммед расулулла – Алладан басқа Құдай жоқ және Мұхаммед оның елшісі) сөзін жиі айтқан дұрыс.
Ал Шағбан пайғамбардың айы саналғандықтан салауатты (Аллаһумма салли ғәлә Мұхаммад уа ғәлә әли Мұхаммад – Ей, Алла Мұхаммедтің және оның отбасы мен әулетінің мерейін үстем қылғайсын!) көп айтқан абзал.
Ал Рамазан айында Құранды көп оқыған жөн.
Әрине, бұл айларда тек осылай жасау керек деген шарт емес. Адам қолынан келетін немесе шамасына қарай қандай да бір қайырымды істі (жылы сөйлеу, садақа беру т.б.), құлшылық (нәпіл ораза, нәпіл намаз т.б.) жасау құпталады.