Шайтанның саудасы

Шайтанның саудасы

Сөз қылып жаза бердім жоқтан-бардан,
Далаға от жақтырдым қалап қардан.
Бір нақыл, жұртқа таңсық жәдігер сөз
Хазірет Ғайса рухолла пайғамбардан.
Бос сөзді ауызға алып айтпаймыз біз,
Ынсапты шын құлақпен тыңдаңыз сіз.
Базарға жұрт жиылған келе жатқан
Лағынға жол үстінде ұшырапты кез.
Қысқа айттым, қылмай мылжың сөзді ұзартып,
Тыңдаушы кетпесін деп жалқау тартып.
Ол малғұн келеді екен жолмен айдап,
Он қашыр, бес есекке жүгін артып.
-Жаныңа шын сөйлесең пайда,-дейді,-
Дінің қатты, құр тілің майда,-дейді.
Сұрады тақсыр Ғайса тұра қалып:
-Барасың,-Лағынға айтты,-қайда?-дейді.
-Сен шықтың тура жолдан асып,-дейді,-
Біздерге жол қисығы нәсіп,-дейді.-
Жалпақ жұрт бара жатқан ду базарға
Барамын мен де қыла кәсіп,-дейді.
-Топыраққа бас ұрмаймын деп қылып ар,
Бұрынғы дәуреніңе сен болдың зар.
Басқа жұрт тері-терсек, жүн сатады,
Сататын, малғұн, сенің не пұлың бар?
-Жүгім бар, көрмеймісің, он бес көлік,
Келемін айуанға артып екі түлік.
Жұрттың тыныштық, бүтінін ойламаймын,
Саламын көп бас қосқан жерге бүлік.
-Қашырды, есек пенен танып тұрмын,
Өтірікті шындай қылдың, нанып тұрмын.
Біле алмай артқан жүгің не екенін,
Тамаша айран-асыр қалып тұрмын.
-Артқаным бір есекке ылғи жалған,
Жалғанда өтірік жоқ бұдан қалған.
Нанбасаң, еріп бірге, көр көзіңмен
Базарға қызығымды қалай салған.
Жүгім бар бір есекте - мікір-хайла,
Мұнымен келтіремін үлкен пайда.
Бір тиынға он тиын пайда аламын
Көптің басы қосылған жиын жайда.
Күншілдік - бір есекке тиеп артқан,
Жібек, кендір арқанмен буып тартқан.
Базарға бұдан бұрын көп барғанмын,
Жерім жоқ бұл саудамнан залал тартқан.
Артқаным бір есекке өңкей зорлық,
Есепсіз мал табамын қылмай ұрлық.
Мен алмай, оның малын кім алады,
Иттер бар көріп жүрген малдан қорлық.
Пайдасыз бос орынға жүрмейміз тек,
Көрінген бір жерім жоқ ешкімге тек.
Мастанып, артқандықтан тәкаппарлық,
Жүре алмай бара жатыр мынау есек.
Естумен тақсыр Ғайса таң қалады,
Көзбен көріп, көңілмен аңғарады:
-Киер киім, ішер ас, тамақ емес,
Керек қып бұларыңды кім алады?
-Базарға айдап барып салам қатар,
Алдымен жетіп келер алыпсатар.
Түк қоймай өтірігімнен талап алып,
Ол да алдар көрінгенді, дәмін татар.
Көтерме өтірікпен менен алған,
Олар да бар әлінше сөйлер жалған.
Кім болса бұл заманда сол әкетер,
Қор болып қашан өтірік жерде қалған.
Білмейді ешкім менің улығымды,
Майлықпен көріп бірдей сулығымды,
Қатынның ең жаманы, ит ап кетер,
Талаумен мікір-хайла, қулығымды.
Закон жоқ жерде мұны қалдыруға,
Бұларға өзім ерікті алдыруға.
Білмейтін дәнемені жаман ұстар,
Мікірмен алдар байын нандыруға.
Базарға алып барса, не қалады,
Қараумен әр нәрсеге көз талады.
Білетін күншілдіктің қадір, құнын
Оқыған көп оқуды молда алады.
Шаршарсың, базар барсаң, басың қатып,
Сөйлеп тұр өз білгенін әркім шатып,
Жұрт билейтін ұлықтар таласумен
Алады зорлығымды пұлға сатып.
Неге болыс болады малын шашып,
Қашан болып шыққанша жанталасып?
Текке тиын біреуге кім береді,
Зорлықпенен алмаса, үкімі асып.
Қарсы келсе бетіне, басын шайнар,
Құнсыз, бұлсыз кедейдің соры қайнар.
Өзі апарып ұлыққа тығар малын
Ішпес, жемес, шық бермес Шығайбайлар.
Біреу ұн, біреу пұттап май алады,
Біреу қой, біреу тайынша, тай алады.
Тәкаппарлық жүгімді қалтасы мол
Жетілген надандыққа бай алады.
Томпайтып қалтасына жүрген сыймай,
Беруге ешбір жанға көзі қимай,
Алған соң тәкаппарлық сатып менен,
Дүрдиер өз үйіне өзі сыймай.
Бай біткен болғандықтан қара бауыр,
Арқасы ер салмастан болар жауыр.
Не айтып, не қойғанын білмес өзі,
Тырнадай өзіне өзі болып ауыр.
Сиырдай қатып жүрер дәл болған құрт,
Көмейде жоқ, бос сөзбен толтырып ұрт.
Желбірер ентігумен екі танау,
Семіз деп құр көрумен айтсын деп жұрт.
Жүргенін білмес өзі батпақ саздап,
Үлкендік айтып қояр аздап-аздап,
Арлан тазы бұтындай бұлтиюмен,
Едірейіп екі көз шыға жаздап.
Ғайса айтты: - Тоқта, малғұн, болды, - деді,-
Айтқан сөзің құлаққа қонды,-деді.-
Апарып оны қайда өткізесің,
Он қашыр тиеп артқан пұлды?-деді.-
Бұл күнде тіліңді алған жас пен кәрі,
Азған жұртқа тура сен бір ем, дәрі.
Жүгің не он қашырға артып алған,
Немене толып жатқан соның бәрі?
-Ол бір жүк шиыр емес, соны, - деді,-
Бұлардан он есе артық құны, -деді.-
Бұл жерде алушы жоқ, шаршамаймын,
Өткізіп қайтқанда айтам оны, - деді.
Мұнымен шайтан дағы базар барды,
Он бес көлік жүкпенен топты жарды.
Лезде апа-сапа қылды бәрін.
Ұйқы-тұйқы көбейтіп дауды-шарды.
Алдынан алушылар даяр жетті,
Қолдан қолға түсірмей, талап кетті.
Қайтқанда тағы ұшырады рухоллаға,
Мән-жайын саудасының баян етті:
-Бес есек өзді-өзінің орнына өтті,
Жүк еді он қашырда бір ретті.
Артқаным бәріне де тамиғ еді,
Біреуін тілеушілер талап кетті.
Иініне ала қоржын салған алды,
Қайыр сұрап жұрт тиышын алған алды.
Пірге қол берген сопы, бірәдарлар,
Жұрттан пұл жинап, қажыға барған алды.
Бір қашыр жүк бәріне түгел жетті,
Тоғызы өтпей, біраз тентіретті.
Қожа, молда, ишандар елді жеген,
Дағдарып тұрған шақта солар жетті.
Ақсақал, қажы, қожа саттым шалға,
Бейнетпен мал таппаған жүріп жалға.
Қожа, молда көтеріп алды бәрін
Еңбексіз тапқан жұрттан тегін малға:
«Біз үйде қалай шыдап жатамыз,-деп,-
Мұны алсақ, қарық олжаға батамыз,-деп,-
Шайтаннан көтерме алған бұл тамиғты
Қыдырып үйден-үйге сатамыз»,-деп.
Бұл пұлмен бірі мешіт салмақ болды,
Бірі мүлгіп ишан боп қалмақ болды.
Біреуде шай, біреуде ет қайнаттырып,
Жұрттан пайда шығарып алмақ болды.
Олардың және айтайын қылған ісін,
Бұлдайды кейбіреуі көн терісін.
Бас-басына бір мүсуәк омырауында,
Егер өткір қылуға тамиғ тісін.
Басына дағарадай сәлде салды,
Жұрт қоршап, «ой, тақсыр» деп ортаға алды.
Түлкінің құйрығындай бұлаңдатып,
Құйрығымен сәлденің тапты малды.
Тәспіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап,
Надандық қисық-қыңыр жолға бастап,
Онысы - жерге шашқан бидай, тары
Торғайды келу үшін торғай бастап.
Бұлардың қылған ісін қылмайды ұры,
Құйылған кеудесіне шайтан қоры.
Мол қылып жайнамазды жайып салып,
Алғуам, кәл һауамға жайған торы.
Мал табу бәрінің де болып қасты,
Мал сойғыш, мырза атанып қазан асты.
Жұрттың басын шынжырлап айналдыру
Мақсаты сол, мойнына құран асты.
Тамиғ үшін түгелдеп қару-жарақ,
Наданға жасап алып бұдан арақ,
Тамиғтың тырнауышы болсын деп сол,
Қажы барып алып келген сақал тарақ.
Қапшығын қайыршылық тоқып алған,
Өнер жоқ бұлар білмей қапы қалған.
Жұрттан зекет алуды дұрыстауға,
Байлар бала оқытты жиып жалған.
Бір табақ ет пенен шай беріп пара,
Үміті сонда қылған бір-бір қара,
Жүзіқараның айтам деп арсыздығын,
Қылмайын ақ қағаздың жүзін қара.
Шайтаннан, қылды сауда, көтерме алып,
Орнына бұлар жүрді, шайтан қалып.
Басында бақ, үйінде дүние мол,
Алдына жүздеп, мыңдап малын салып.
Байқамай жазып өттім бес-алты жол,
Еркіме қоймаған соң қызығып қол.
Ақ қағаз, қара сия басын қосып,
Түсірдім жұрт көзіне, риза бол.
Дін қайда осы күні, ғылым қайда,
Тұрған жоқ анық көңілім бір Құдайда.
Лақ пен тоқты алам деп жүрген жаннан
Ойлайсың тиеді деп кімге пайда...
Дүниеден қалған жан жоқ аяп күшін,
Қайраумен шықыр-шықыр отыз тісін.
Айт, тауып, жастанайын босағасын.
Молданы бала оқытқан Құдай үшін.
Айтсаң, тілді алмайды қатын, бала,
Енді мұны айтамын кімге ғана?
Өзіңді «жынды» дейді, «шайтан» дейді,
Не қылсаң, өзің қылдың, Хақ Тағала.
Бет алдына мен лақтым, ауыз бақпай,
Бетімді жіберген соң ешкім қақпай.
Хақлықта, туралықта тұрамын деп,
Жалғанда жалғыз қалдым жанға жақпай.
Ежелден болып өстім байларға өш-қас,
Қожа, молда, ишандар - бәрі бір бәс.
Қатын-бала солармен бәрі бірге,
Далада қалған жалғыз мен - тесік тас.
Тас едім жергілікті Құдай тескен,
Жалғанда жан емеспін көңілім өскен.
Белгісіз не боларым болдым бір жан.
Кісі боп бір жерім жоқ көзге түскен.
Ел озып шықпасам да өзім қырға,
Айтқан сөзім құлаққа болды сырға.
Сусынын қандырарлық болдым кеңес
Еділ, Жайық, Ертіспен, Шу мен Сырға.
Деймісің тесілген тас жерде қалар,
Шамшырақ Хақ жандырған саулап жанар.
Асыл, жасық екенін білмесе де,
Желекке тағу үшін біреу алар.
Дүниеде көрдім бәрін не барқатты,
Бес жаста қалам ұстап, жаздым хатты.
Ат беріп, ақша беріп шашқаным жоқ
Жүзіне жалған дүние Мәшһүр атты.
Бұл атты жоқтан бар ғып Тәңірім шашты,
Сөзімді жұрт сырға ғып құлаққа асты.
Бойтұмар басқаларға болған сөзім
Өзімді қылмас тіпті аяқ асты.
Мен өзім өз-өзіме уанамын,
Ләйлі жоқ, қоржын да жоқ - диуанамын.
Көрінбесем, Иләһи, көрінбейін,
Ешкім керек қылмаса, қуанамын.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы

www.muslim.kz/kk/poetry/38-shaitannyn-saudasy-mashhur-jusip-kopeiuly.html 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста