Шахрух Хан: Мұсылман болғанымды мақтан тұтамын
Шахрух Хан 1965 жылы 2 қарашада Нью-Дели қаласында ирандық мұсылман отбасында дүниеге келген. Әкесі Тәж Мұхаммад Хан – Үндістанның белігілі қорғаушысы (адвокат, бостандық күрескері), анасы Фатима Равалпинди жерінен шыққан, нақтырақ Пәкістандық. Шехназ деген әпкесі бар.
Шахрух Хан 1988 мектепті бітіріп, Дели университетіне «экономика» мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейін «Бұқаралық коммуникациялар» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдайды. Бірақ, басқа саланың, яғни кино саласының тізгінін ұстап кете барды.
Шахрух хан Гаури Чаббер атты үнді қызымен отау құрғандарына 24 жылдың жүзі болды. Қазір Арян, Абрам атты екі ұл, Сухана деген қыздарын тәрбиелеп отыр.
Мұсылман болғанымды мақтан тұтамын
"Дін мен үшін ақиқатты танудың бір құралы. Бала кезімнен Исламның шеңберінде, құранның қағидаларымен тәрбиелендім. Мен Аллаға сенемін және Исламның барлық шарттарын мойындаймын. Менің өмірлік ұстанымым ретінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан мына бір хадис жеткілікті: «Өзіңе қалай қарағанын қаласаң, сен де басқалармен жақсы қарым-қатынаста бол». Жаратқан Алла Тағалаға сансыз шүкір етем..."
"Менің көзқарасым бойынша дініңе берік болсаң, оның шарттарын орындасаң жеткілікті деп ойлаймын. Барған жеріңе өзіңнің мұсылман екендігіңді айтып, жар салудың қажеті жоқ. Егер де менен Ислам жайында сұрар болса, мен білгенімді айтамын. Бірақ, менің дінім Ислам екенін сөзбен және сыртқа келбетіммен ғана емес, сонымен қатар, әрекетім арқылы да дәлелдеуім керек".
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы Шахрух Хан әлемнің 500 ықпалды мұсылман тұлғаларының қатарына енген болатын. Сол кезде одан бұл тізімге кіргеннен кейін өзін қалай сезінетінін сұрағандарға: "Менің ойымша бұндай тізімдер мақтануға тұрмайды. Әңгіме менің алған жүлделерімде емес. Мен туылғаннан мұсылманмын. Менің жасаған фильмдерім бүкіл әлемге әсер ете алса, мен үшін сол жетістік. Мен киноиндустрия саласында 18 жыл тынбай жұмыс жасап келемін. Қалың бұқараның арасында өзімнің осы ісіммен айналысып жүрмін. Бар болғаны осы. Түрлі тақырыптарда кино түсіремін. Мейірім мен үміт туралы дүниелер. Бұлар адамдарға өмірге бағыт-бағдар береді. Романтикалық, патриоттық дүниелерім де аз емес. Мен осы арқылы адамдарға, әсіресе жастарға дұрыс бағыт бере алсам деймін. Сонда ғана мен балаларыма оқуды әрі оқытуды және өмірде дұрыс жолды таңдай білуді үйретемін. Бәлкім, мені бұл тізімге осы қырыма қарап кіргізген болар".
"Бұндай марапатқа менің көңілім толмайды. Себебі, мен мұндай ықпалды болатындай тындырған ісім шамалы. Әрине, енді мен өзімнің мұсылман әрі білімді болғанымды, әрі өзімнің үнділік екенімді мақтан тұтамын. Дінге деген көзқарасым өте жақсы. Мен тек өз саламда жұмыс жасаймын. Жасаған жұмысың кім екеніңді көрсететініне де сенемін. Мен қоғам қайраткері емеспін. Көп уақытымды отбасыммен өткіземін. Балаларыма қалай дұға жасауды және намаз оқуды үйретемін".
«Менің атым хан» фильмі туралы
«Менің атым Хан» фильмі адамгершілікті, мұсылманның негізгі бейнесін көрсететін арнайы тақырып ретінде алынған. Қай дінді алып қарасаңыз да, барлығы жақсы адам болуға үндейді. Бұл фильмге режиссер махаббат оқиғасы ретінде қарап, оны драмаландырып, ерекше қалыпта ұсынды. Бұл махаббаттың жолында мінез-құлыққа әсер ететін кедергілерден өтетін оқиға. Сол кедергілер арқылы адамның көзқарасы қалыптасады. Бұл үнді тілінде алғаш рет әлемдік дәрежеде таралған фильм. Материалдың мазмұны адамгершілік тұрғысынан қаралып, керемет үлгіде ерекшеленіп берілді.
Жиһад дегеніміз не?
Өсе келе әлемде исламның жағдайы қандай болып жатқанын көрдім. Исламды жан-жақты таныстырмай-ақ, жөні түзу мұсылман болуға әбден болады.
Мұсылман болу дегеніміз фанат, басбұзар радикал, жиһад жасауға бір табан жақын тұратын ашушаң адам болу дегенді білдірмейді. Жиһад дегеніміз өзіңнің әлсіз тұстарыңды түзеп, нәпсіңмен күресу. Осыны адамдар жақсылап ұғып алса екен деймін.