Сіз өміріңізде өз-өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе?!
Сіз өміріңізде өз-өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе?! Сіздің өміріңіз қаншалықты құнды? Батыста уақыт мәселесіне енді ғана көңіл аудара бастағанда, мұсылман ғалымдары өз уақыттарын бағзы замандардан-ақ бағалай білді, осының нәтижесінде олар өз дәуірінде өркениет пен жоғары дамуға қол жеткізді. Сондай көрнекті тұлғалардың айтқан тамаша тұжырымдары мен қоғамға пайдалы істері мұның дәйекті дәлелі болады.
Ибн Масғуд:
"Мен өткен күнімнің жақсы амалға толмаған сәттеріне өкінгеннен артық дүниеде ешнәрсеге өкінген жоқпын".
Хасан әл-Басри:
Әрбір таң атқан сайын күн бізге қарап былай дейді: "О, адамдар! Мен - жаңа күнмін, мен сенің істеріңді ұмытпайтын боламын. Мені ізгілікке пайдаланып қалыңдар, әйтпесе, мен Қиямет күніне дейін қайтып оралмаймын. О, Адам атаның балалары, сен-жай ғана бірнеше тыныс алушысың. Сенің бойыңнан бір дем шықса, сол деміңмен бірге бір бөлігің де кетеді. Сонымен бірге сенің бір бөлігің кеткеннен кейін көп ұзамай өзің де бұл дүниеден із-түссіз кетесің".
Ибн әл-Каийм:
"Әрбір Алла ісінен басқа дүние ісіне арналған кез-келген жағдайдағы ауа жұтқаның Қиямет күні мұң мен өкініш әкеледі. Сіз ұсақ нәрселерге уақытыңызды жібергендігіңізді көрсеңіз, бұл-Алланың сізді ұнатпағандығының белгісі әрі жәннатқа баруға деген мүмкіндігіңізді жоғалтқаныңыз. Ал сіз өз уақытыңыз мүмкіндік бергеннен де артық міндеттерді орындасаңыз-бұл Алланың сізді жақсы көретіндігінің белгісі болып табылады. Жалқау, бос отырған қолға шайтан жұмыс тауып береді. Алла сізге разы ма, соны білгіңіз келе ме? Онда ойланыңыз: сіз қайырлы амал етудесіз бе, әлде бос отырсыз ба?".
Әл-Мухасиби:
"Уақытты ақшаға сатып алмайтыным өте өкінішті. Егер мен Алланың жолындағы қызметке жұмсау мақсатында уақытты бағаламайтын ысырапқор және қадір-қасиетсіз адамдардан уақытты сатып алғанда еді". Сізге уақытыңыздың қайда кетіп бара жатқанын біліп, зерделеу қажет. Сіз қай кезде шығатыныңызды және қай кезде бос уақытыңыздың болатынын білуіңіз керек. Егер уақытыңыз болса, оны бекерге шығындамаңыз, егер футбол ойынын сондай дәрежеде көргіңіз келіп тұрса да, бір рет қана футбол ойынын қарап шығу жеткілікті, алты рет қараудың ешбір қажеттілігі жоқ. Себебі, уақыт-құнды қазына...
Әбу Ханифаның әйгілі шәкірті Әбу Юсуф былай деген:
"Әбу Ханифа өлім алдында заңды мәселені шешу үшін қалам мен қағаз сұрады да былай деді: «Маған өмір сүруге бір сәт ғана қалса да, мен ол уақытты Аллаға ұнайтындай түрде жұмсаймын".
Бір адам Ибн-әл-Жаудиден онымен біраз сөйлесуді сұрады. Сонда имам: "Егер сен күннің батуын тоқтатсаң ғана", - деген екен. Осы бірнеше ұрпақтар ауысымындағы аз уақытта адамзат көп жетістіктерге қол жеткізді. Алла олардың өмірін бізге жарық шырақ етті. Олар біз көп жылдар жүзінде жасайтын көптеген пайдалы істерді аяқтап кетті.
Усама ибн Заид 16 жыл әскердің қолбасшысы болды.Оның қолбасшылығы астында Әбу Бәкір (р.а.) мен Омар (р.а.) болды. Усама Римдіктерге қарсы күресіп, оларды жеңді. Сахабалар ол жайында былай деді: «Дәл Усаманың әскеріндей ешбір әскер Алланың марапатына ие болмады, өйткені, онда мұсылмандар зиян шекпеді".
Саид ибн Муғаз 30 жасында исламды қабылдап, 37 жасында қайтыс болды. Алайда 7 жыл ғана мұсылман болса да оның қазасында Алланың аршысы сілкініп, 70 мың періште жерлеу рәсіміне қатысты.
Омар Әл-Мұхтар 60-тан 70 жас аралығында Италияның Ливия басқыншыларына қарсы күресін басқарды. Мұхаммад ибн әл-Касим 17 жасында Үндістанды бағындырды. Ол бір жыл ішінде он екі ұрысқа қатысып, олардың барлығын жеңді.
Біз аз ғұмырымызда уақытымыздың көбін бос істерге арнап жатамыз. Мәселен, сегіз сағат ұйықтаймыз, сегіз сағаттай уақытымызды тамақ пен жеке істерімізге кетіреміз. Бұл уақыттың үштен екісі ысырап және қалған үшінші бөлігі - сіз пайдалы нәрсе жасауға болатын уақыт. Егер сіздің әрбір тыныс алуыңыз жабылған жәшіктерге сақталып, Қиямет күніне жөнелтіледі деп елестетіп көріңізші және Қиямет күні осы жәшіктер ашылады. Егер әрбір сәтіңізді бекерге өткізсеңіз, сіз әрбір күніңіз үшін жіберген жәшіктердің іші бос әрі қараңғы екендігін көресіз. Бірақ сіз уақытыңызды пайдалы істерге арнасаңыз, олар әр түрлі пайдалы амалдар мен ғибадатқа, қайырымдылық пен ізгілік, өнертабыстарға толы екенін көріп, рухыңыз қуанышқа кенеледі.
Егер бір адам теңізге жүз долларын лақтырып жіберсе, ол адамды бүкіл жұрт есінен алжасқан адам деп қаралайды. Бірақ сіз өз уақытыңызды бос істерге шашу арқылы бұл қысқа өмірдегі маңызды ісіңіз- әрбір тынысыңызды босқа шығарып, жұмсаған боласыз. Сонымен сіз өзгеруге дайынсыз ба? Әлде бұл мәселе ешнәрсеге шақырмайтын жай ғана әңгіме болып табылады ма? Дәл бүгінде өз уақытыңызға түзетулер енгізуді қажет етпейсіз бе? Сіз шынымен дайын болсаңыз, онда өзіңіздің уақытыңызды тиімді ұйымдастыруға көмектесетін бірқатар деректерге көңіл аударайық:
1. Ертеңгі күні не істейтіндігіңізді күн сайын күнделікке жазып отырыңыз .
2.Өз жұмысыңызға көңіл бөліңіз және қандай да бір себеппен үзбеңіз. Өйткені, уақытыңыз осындай мәнсіз үзілістер үшін бекерге жұмсалады. Өз күш, жігеріңізді әрдайым қуаттандырыңыз, сонда еңбегіңіздің өнімділігі әлдеқайда артып жатқанын байқайсыз.
3. Ұйқыға арналған артық сағат санын азайту қажет. Егер сіз тіпті күніне бір сағаттан қалдырып отырсаңыз, жылына 365 сағат жиналады. Сіз бұл уақытты оқуға, Құран жаттауға немесе білім алуға арналған дайындыққа, ғылыми жұмыстарға арнайсыз. Тек көз алдыңызға елестетіп көріңізші!
4. Өз уақыттарын босқа өткізетін, уақыттың қадірін білмейтін бейқам, ғапыл адамдардан қашық жүріңіз!
5. Барлығын бір мезетте орындаңыз, мәселен, дәрігердің бөлмесінде күтіп отырып немесе қоғамдық көлік жолында кітап оқыңыз. Сол күтуге кеткен уақытты текке отырып алып тоспай, бір пайдалы іске жаратыңыз. Мұның жарқын үлгісі ретінде Ибн әл-Каиймді алуға болады, ол қажылық сапарда Меккеге барар жолда өзінің атақты кітабын («Зад аль мад») жазған.
6. Жаз мезгілінде, еңбек демалысы кезінде уақытыңызды даналықпен басқарыңыз. Мысалы, жергілікті мұсылман қоғамдастығының ерікті жұмыстарына (волонтерлік), қоғамға пайдалы істерге т.б.
7. Күнделікті кешке өзіңізге күні бойы не атқарғандығыз жайында сауал қойып есеп сұраңыз, көп ұзамай нәтижесін байқаңыз. Сіз күнделікті жұмыс жоспарының орындалған қандай да бір бөлігін алып бағалаңыз. Шамамен қандайда бір 30%-дан бастаңыз, бірақ сіздің күн сайын сандық және сапалық нәтижелеріңіз арта түседі.
8. Ешқашан үйден жұмыс күнделігіңізде алдын-ала жоспарланбаған іс үшін шықпаңыз. Қорытындысында, егер сіздің өмірлік мақсатыңыз болмаса, уақытыңызды даналықпен пайдалана алмайтындығыңызды ұмытпаңыз. Егер игі өмірлік мақсатыңыз болса, онда сіз соған жету мақсатында уақытыңызды абайлап, көрегенділікпен пайдаланып, Алланың алдында сауапты амалмен ізгілікке қарай қарышты қадам жасайсыз.
Аударған Меруерт Бақдәулетқызы