Сөз тасушының жазасы қандай
Сөз тасушылық деп адамдардың арасын бұзу үшін, іріткі салу үшін екі арада сөз тасуды айтады. Араб тілінде бұл жаман әдетті «нәмимә» деп атайды. Ал бұл әдетті жасаған адамға «нәммам» дейді.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларынан: «Нәмимә» деген не? – деп сұрайды. Сахабалары әдептілік танытып: «Аллаһ және Оның Елшісі (с.а.у.) жақсы біледі», – деп жауап береді. Сол кезде Аллаһ Елшісі (с.а.у.): «Нәмимә» деп – адамдардың арасын бұзу үшін бір-біріне сөз тасуды айтады», – деп өз сұрағына өзі жауап береді.
Сөз тасу харам әрі ең үлкен күнәлардың бірі. Сондай-ақ, қоғам үшін де үлкен проблема, ауыр дерт. Осыны білген қазақ та «өшетін елге сыбыс кіреді» деген, яғни пыш-пыш, өсек.
Сөз тасушылық қабір азабына себеп болады, Қиямет күні Аллаһ Тағаланың рахметінен ұзақтатады, жәһәннамға лақтырады. Сол себепті, сөз тасушылар өлместен бұрын өкініп, бұл күнәні екінші істеместей тәубе етуі тиіс.
Сөз тасушылықтың үлкен фитна, бүлік екенін мына бір хикаядан да көруге болады. Бірде құл сатып тұрған саудагер құлын сатып алушыға құлын сипатттап: «Ешбір кемшілік-айыбы жоқ. Тек сөз тасиды», – дейді. Алайда, сатып алушы құлдың бұл әдетін жаман мінезге баламастан, оны сатып алады. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін әлгі құл бір күні қожайынының әйеліне: «Күйеуің сені сүймейді. Басқа біреуге үйленгелі жүр. Оның сені ғана сүйгенін қалаймысың?» – дейді. Әйелі де: «Иә!» – деп жауап береді. Сонда әлгі құл әйелге: «Он маған ұстараны алып, түнде күйеуіңнің сақалынан бір тұтам сақал қырқып әкел», – дейді. Ал өзі қожайынына барып: «Әйеліңнің басқа бір сүйгені бар. Ал сенен өлтіріп барып қана құтылмақшы. Мұны өз көзіңмен көргің келе ме?» – дейді. Қожайыны да: «Иә», – дейді. «Ендеше бүгін түнде өтірік ұйықтап жатқандай жат», – деп құл қожайынына «ақыл бергендей» болады.
Әлгі қожайыны түнде өтірік ұйықтап жатқандай боп күтіп жатады. Ал әйелі болса, құлдың «кеңесіне» құлақ түріп, күйеуінің иегінен бір тұтам сақал алмақшы болып, ұстарасын жалаңдатып, күйеуіне жақындап келеді. Әйелінің қолындағы ұстараны көрген күйеуі өзін өлтіргелі келе жатыр деп ойлап, бірден қолындағы ұстараға жармасып, әйелдің өзін өлтіреді. Оқиғаны естіген әйелдің туғандары да келіп, әлгі еркекті өлтіреді. Осының себебінен екі жақтың туысқандары арасында қанға-қан дауы шығып, екі жақ бір-бірін өлтіреді.
Міне, осы оқиғадан кейін сөз тасудың қоғам үшін қаншалықты үлкен фитна екенін көреміз. Аллаһ Тағала біздерді бұл үлкен күнәдан сақтасын.
САЛТАН САЙРАНҰЛЫ
ihsan.kz