Шымкенттегі шал жұртты дінге сенбеуге шақырды
Жасы 88-ге келген шымкенттік Шажат Оспанұлы халықты дінге сенбей, атеист болуға шақырды. Бұл туралы Рейтинг газетіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
«Мені алаңдататын – дін мәселесі. Қазір жер-жерде сәләфиттер қаптап кетті. Жай қаптаса мейлі ғой, түрлі жолдармен бейбіт тұрғындарды, жап-жас полиция қызметкерлерін өлтіруде. Кезінде «Хизб ут тахрир», «Әл-Каида» секілді дін атын жамылған саяси топтар да ылаң салған еді. Уахабшылар да басты ауыртты. Оларды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерді деп жатыр ғой. Менің айтарым, дәстүрлі емес болсын, дәстүрлі болсын, жалпы дін деген дұрыс емес. Дінге сенбеу керек», — дейді Шажат ата.
Шажат Оспанбекұлы дінге не үшін сенбеу керектігін түсіндіріп берген. NUR.KZ қарияның мақаласын қысқартып, назарларыңызға ұсынады.
— Өздеріңізге белгілі Қазақстанда Ата Заңымыз бойынша діндер мемлекетімізден бөлінген болса да, өкіметтік хабар-ошар құралдары (теледидар, радио, газет-журналдар) арқылы діндер туралы, әсіресе, ислам мен христиан діндері жөнінде түрлі хабарлар беріліп насихатталуда. Бұл насихаттауларда үнемі дерлік діндердің жағымды жағын ғана дәріптеп, зиянды жақтарын сөз етпей, ұлы Абайдың «Өңкей жалған мақтанмен шынның бетін бояйды» дегендей әдісті қолданып жатқан жоқ па? Дін атаулының пайдасы болса, оған шүбам жоқ. Бірақ, мына төмендегі пікірлерден діндердің қоғам мен адам өміріне пайдасы бар деуге бола ма екен?
«Ақылдың көзі» деген кітапшада (құрастырған ғалым Қ.Жарықбаев) кейбір кісілердің мына пікірлері жария етіліпті: Ақын әрі қоғам қайраткері С.Торайғыров: «Дін деген өтірікке нану деген, көңілге өнбес қиял алу деген».
Тарихшы, ірі ғалым Манаш Қозыбаев «Жас Алаш» газетінің 1997 жылғы бірінші мамырдағы санында былай деген: «Бүгінгі күн ел дінге бет бұрып, бес мыңға жуық мешіт салып жатқан кездің өзінде, мен қазақ халқының болашағы дінге емес, білім мен ғылымға байланысты екеніне кәміл сенемін».
Әлемдік деңгейдегі ұлы жазушы, ірі ғалым Мұхтар Әуезов бір сөзінде былай деген: «Баяғыда медреседе жиырма жыл мешеу отырған қазірет нені оқыды, не білді? Халқына қандай жеміс әкелді? Атақты деген Мысыр, Шам, Бұқар, Стамбул медреселерінің бәрін жиса, біздің ҚазПИ-дің жалғыз ғана бір қабырғасында тұрған ғылым кітаптарының беретінін беріп пе еді?»
Жиырмасыншы ғасырда Түрік мемлекетінің атақты президенті болған Ататүрік (Мұстафа Кемал): «Әлемдегі барлық нәрсе үшін, өмір үшін, табысқа жету үшін ең шынайы жол бастаушы – ғылым мен техника. Ғылым мен техникадан басқа жол көрсетуші іздеу – қате, қараңғылық, адасушылық» деген болатын.
Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының мүше корреспонденті, ірі ғалым Д.Кішібеков «Халық кеңесі» газетінің 1993 жылғы 28 сәуіріндегі санында мынандай да пікір айтыпты: «Қанша айтқанмен қоғамда дін бар, ғылым бар. Бұл екеуі бір емес, бір-біріне қарама-қайшы. Біз ілгері дамымақпыз. Ол тек ғылымға, ғылыми-техникалық прогреске, табиғат пен қоғамның заңдылықтарына сүйенеді».
Көп діндерден хабары бар ғұлама ақын Шәкәрім қажы: «Бұл күндегі діндердің бәрі нашар, ешбірі түзу емес көңіл ашар» деп, өткір пікірін айтып кеткен болатын. Орыс физиологы, академик И.П.Павлов бір сөзінде: «Дін білімсізбен дос, білімдімен өш» деп айтқан екен.
Ислам дінінің Ата Заңы сияқты Құран-Кәрімнің (Рәтбек қажы аударған нұсқасының 20,52 беттерінде) «Ислам дінінен басқа дінді көксейтіндердің ешқайсысының тілегі қабыл болмайды, ол қияметте зардап шегеді. Алланың дінін бекем тұтыңдар, ол діннен жақсы дін ешкімде жоқ» деп жазылған болса, Христиан дінінің Ата Заңы сияқты кітабы Інжілде (библияда): «Всю эту информацию мы имеем благодария Библии, слову Божьему к нам. В Библии мы читаем «Верующий в него, не будет судим, кто не верит, тот уже осужден, потому что он не поверил значению имени единственного сына Божьему» деген пікір бар («Аргументы и факты» апталығы, №51, 1991 ж.).
Осы пікірлерден екі діннің өз діндерін артық көріп, бірі екіншісін кемсітіп тұрған жоқ па? Сонда мұның қайсысы дұрыс дін екеніне кімдер, бар болса, қай құдай төрелік етер екен?
Христиан діні үш Құдайымыз бар, олар Явге-әке құдай, Иисус Христос бала құдай және Рух құдай дейді. Олай болса, құдайлар мыңдаған жылдың барысында ғаріп-ғасір, кедей-кепшік, ауру-сырқау адамдарды неге бақытты ете алмай келеді? Не бір алапат зілзалаларды, неше түрлі қырғын соғыстарды жасап, адам баласын апатқа ұшыратуда.
Діни ұғымда құдайлардың шексіз ғажап құдірет күші бар, асқан даналығы бар, қара қылды қақ жарған теңдессіз әділдігі бар, өлшеусіз ететін мейірімділігі бар делінеді. Олай болса, Христиан дінінің үш құдайы адамзатқа мұндай сұмдықтар мен сорақылықтарға, қайғылы қасіреттер мен алапат апаттарға неге жол беріп келеді деуге тура келеді. Әлде, ол үш құдай жантүгершілік жауыздықтарға құмар ма?
Ал, Ислам дінінің құдайы осынау сұмдықтарға өз үлесін қосып жатқан жоқ па? Өйткені, кейбір діншілдер «құдайсыз қурай да сынбайды» деп жүр емес пе?
Адамзат тарихында дін соғыстары жеке халықтарда ондаған, жүздеген жылдарға созылған. «Құдай үшін, дін үшін мың, миллиондаған адам құрбан етілді» деп ғалым Н.Ильминский айтып кеткен. Ойлап қарасаңыз, сол соғыста қаншама адам бақытсыздыққа душар болды. Ж.Леметр есімді философ «Адам атеист болмайынша, бақытты болмайды» деген екен. Марксизм-ленинизм ілімі бойынша, діндердің бәрі де социализм мен коммунизм кезінде іске аспайды, тарих қойнауына кетеді.
nur.kz