Тақуа кісілер әйелмен сыналған ба?
Кей пайғамбарлар бірқатар сынақтардың қатарында өз әйелдерімен де сыналған. Өйткені кейбірінің әйелі өзіне сенбеген. Олардың жұбайлары уахи түскен шаңырақта бола тұра Жаратушыдан сырт айналған.
Ғалымдардың түсіндіруінше, бұл дүниенің сынақ болатын себебі сол, онда жақсылық та, жамандық та, ақ та, қара да – бәрі аралас. Жаратушы иенің хикметті істерін адам баласы түсініп болған ба?! Қарасаңыз, иісі жаман тезек жерге тасталғанда, қайта тыңайтқыш болып, сол жерден исі әдемі гүл шығады. Ең қараңғы дәуірде соңғы елші Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) жарық нұры келді. Мұса пайғамбар (а.с.) өзін құдайға балаған Перғауынның қамқорлығында өсті.
Өз әйелі өзін келемеждеп, қайта дұшпандарға болысқаны кей пайғамбарлар тап болған ауыр сынақтардың бірі болса керек. «Tахрим» сүресінің 10 аятында Нұһ пен Лұт пайғамбарларға әйелдерінің ермегені айтылған: «Алла кәпірлерге Нұһтың әйелі мен Лұттың әйелін мысал етеді. Екеуі де екі ізгі құлымызға өмірлік жолдас еді. Aлайда имансыздар қатарына өтіп, өз ерлері болып табылатын пайғамбарларға қиянат жасады. Күйеулері оларды Алланың жазасынан құтқарып қала алмады. Оларға (өлгенде немесе қиямет күні): «Қане, тозаққа кіргендермен бірге сендер де тозаққа кіріңдер» делінеді».
Шынтуайтында, екеуі де дүние мен ақырет бақытын табатындай үлкен мүмкіндікке ие еді. Алланың сүйікті екі пайғамбарына жар болды. Алайда олар өмірдің сынағынан сүрініп, бұндай тамаша мүмкіндікті уыстан шығарып алды.
Пайғамбарға мәжнүн деген жары Уаила
Нұһ алайхиссалам халыққа дінді 950 жыл насихаттаған. Соған қарамастан өзіне сенгендер саны өте аз еді. Әйелі Уаиланың өзі оған сенбеді. Пайғамбар шаңырағында тұрғанына қарамастан, өмірінің соңына дейін кәпір болып өтті. Ерінің сырларын дұшпандарға барып айтатындай күпірде тым арыға барды. Тіпті ерінің бетіне «сенің есің ауысқан» дегендердің бірі еді. Топан су басқан уақытта Нұһтың кемесіне мінуден бас тартты. Сөйтіп кәпір күйінде өлді. Хазірет Нұһқа сенбегендердің бірі ұлы Кенан еді. Мейлі пайғамбарлық, мейлі әкелік мейіріммен ұлын кемеге мінуге шақырып, кәпірлерге қосылмауын айтса да сөзін тыңдата алмады.
Хазірет Лұттың әйелі Уалиха да еріне қиянат жасаушылардың бірі еді. Сырттай иман еткен болып көрінді. Ақиқатқа көз жұмумен қатар аят, хадистердің лағынеттеген күнәсі (лиуата, ер мен ердің жақындасуы) жасаушыларға жүгіріп көмек берді. Хазірет Лұттың іс-әрекеттері мен сырларын дұшпандарға жеткізіп, ері дәріптеп жүрген ақиқатқа қиянат жасады. Содом халқы азапқа ұшырағанда өзі де бірге құрыды. Айталық, арсыз Содом халқының үстінен тас борату үкімі берілгенде, хазірет Лұтқа дереу ол жерден кету әрі артқа қарамастан алға қарай жүре беру тапсырылды. Лұт (алайһис салам) жұбайы және өзіне иман еткен қыздарын ертіп, құлқын сәріде жолға шықты. Оларға артқа қарамау міндеттеле тұра, әйелі қараймын деп сол жерде азапқа ұшырап құрыды.
«Үйдегі қасқырға шыдамаған адамға...»
Ретіне қарай тақуа кісілер де осындай сынақтардан өткен. Әбулхасан Харакани де осындай кісілердің бірі еді. Ж. Румидың «Мәснәуи» еңбегінде Ибн Сина сол кісінің қалын сұрап барған кезде болған мына бір оқиға кездеседі. Ибн Сина бірнеше кісіні ертіп Хараканидың қалын сұрап барады. Ол кісінің үйде жоқтығын айтқан әйелі сөзінің арасында «Қалын сұрап баратындай Хараканидың не қадір-қасиеті бар екен сонша, бекер келгенсіздер, ол өзін әулие санап жүрген бір жынды ғой» дегендей сөз айтады. «Кері қайтайық, оның расында қандай адам екенін жанындағы әйелі жақсы білер» деп ерте барған адамдары кері қайтқылары келсе де, Ибн Сина оларды қайтпауға көндіреді. Бәрі орманға бет алғанда, қарсы алдарынан арыстанға отын артып келе жатқан Хараканиды көреді. Жақындағанда, расында арыстанның оған қыңқ демей бағынатынын байқап, әйелінің сөзі анау, бұл қалай болғаны деп себебін сұрайды. Сонда Харакани хазірет: «Үйдегі қасқырға шыдамаған адамға таудағы арыстан қызмет етпейді» деп жауап берген екен.
Нишапурлық ғалым Саидтың мына бір әңгімесі де қызықты-ақ. Екі рет үйленген ол екінші әйелі Мәриямның сұрауымен алғашқы отбасылық өмірі туралы баяндапты. Бірде: «Өміріңіздегі Аллаға ұнамды бір ісіңізді айтып беріңізші?» – деп өтінген қалыңдығына мына әңгімені айтыпты:
«Ол кездерді ұмыта алмаспын. Әрине, ісімізді қабыл етуші Алла. Тіпті қай ғибадатымды ықыласпен, қай амалымды рия етіп жасағанымды да білмеймін. Дегенмен сол бір амалымды Жаратушы қабыл етер деп үміттенемін.
Жас күнімде атағым шартарапқа жайылды. Сол уақыттарда маған ғашық қыздар көп еді. Бір күні жападан-жалғыз отырғанымда, жаныма бір қыз келді. Келісімен ебіл-дебіл жылап, жан сырын ақтара бастады. Көз ілуден қалғанын, тек маған тұрмыс құруды тілейтінін айтты.
Ойлана келе қыздың көңілін қимадым. Әкесін тауып, құда түсіп, ақыры үйлендік. Қыздың періштедей ақ пейілі, жанды баураған сөзі тек неке қиылғанға дейін ғана созылды. Өкініштісі сол, жар етіп алған гүлім жұпарын емес, тікенін қадап жанымды ауыртып отырды. Алдымда иіліп кішіреюді не сөз тыңдауды білмеді. Бір түзелер деген үмітпен өмір сүре бердім. Талай таңды сабырмен атырып, талай кешті сабырмен батырдым. Қандай қыршаңқы сөз айтса да, үндемедім. Үйде жүргенімде өзімді жанып тұрған оттың ішінде жүргендей сезінетінмін. Міне, дәл осындай жағдайда сол әйелмен он бес жыл бірге тұрдым. Бір күні ажалы жетіп қайтыс болды. Алланың қалауымен, артынан мінезі жайлы өзіңмен үйлендім. Айтпағым, осы он бес жыл бойы оның көңілін жараламадым, тек сабыр етумен болдым. Жаратушыға бір ұнамды қылығым болса, осы шығар деп үміт етемін...»
islam.kz/kk/articles/islam-jane-otbasy/taqua-kisiler-aielmen-synalgan-ba-1253/#gsc.tab=0