Тақуалардың өнегелі сөздері
Яхия ибн Мұғаз (р.а.) айтады: «Әй, Адам баласы, Шайтанның азғыруынан абай бол! Өйткені, ол ежелден келе жатыр, ал сен болсаң жақында келдің. Оның уақыты бос, ал сен болсаң бос емессің. Оның мақсаты біреу – сені құрдымға жіберу, ал сен болсаң өз алдыңа көптеген мақсаттар қойған пендесің. Ол сені көреді, ал сен болсаң оны көрмейсің. Сен оны ұмытып кете бересің, ал ол болса сені еш ұмытпайды».
Имам Ахмад ибн Ханбал (р.а.) үтір намазын тәрк етушілер жайында: «Олардың шәһәдаттары қабыл етіл-мейді», – деген екен.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.): «Сіздер қандай да бір күнәні көзге көрінбейтін, қылдан да жіңішке іспетті санайсыздар. Біздер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында аталмыш күнәларды пәлекетке жо-лықтырушы деп есептейтін едік».
Хасан Басри: «Пенде мен Алла Тағала ортасында күнәдан жасалған шекара бар. Егер пенде осы шекараға жеткен болса, Алла Тағала ол пенденің жүрегін мөрлейді. Кейін ол пенде ешқандай да жақсылық істерге себепкер бола алмайды».
Ғұламалардың бірі айтады: «Лағынет дегеніміз – жүздің қараюы немесе дүниенің кемуі емес. Лағынет дегеніміз – бір күнәдан шыға алмай тұрып, осыған ұқсас, тіпті одан да үлкен күнәні орындау».
Мәлік ибн Динар (р.а.) айтады: «Дұшпандарыңызға қарсы тұрғандарыңыз сияқты нәпсілеріңізбен де күресіңіздер!».
Бір кісі салихтардың біріне: «Мен кеше түнгі ғибадат үшін тұра алмадым», – деп өкініш білдіріпті. Сонда салих кісі: «Олай болса, күнә істеуден тыйыл!», – деп жауап берген екен.
Ибраһим ибн Адһам (р.а.) айтады: «Мүміннің жүрегі айна сияқты таза болады. Шайтан ол жүрекке еш нәрсені келтіре алмайды. Шайтан тек қана ол жүректің иесіне күнә істерді көрсетіп қояды, сонымен тәмам. Егер ол пенде әлгі күнәні орындаса, жүрегіне қара сызат (нүкте, дақ) пайда болады. Егер пенде әлгі күнәсі үшін тәубе етсе, қара дақ өшіріледі. Егер тәубе қылмай және тағы бір күнәні орындаса, әлгі қара дақ сол орнында қала береді. Және ол дақ ұлғайып, қарайып кетеді. Кейін ол жүрекке ешқандай да уағыз-насихаттар әсер етпейтін болып қалады».
Омар ибн Хаттаб (р.а.) айтады: «Алланың сөзінен басқа сөздерді көбейте бермеңіздер. Әйтпесе, жүректеріңіз қатаяды. Ал, қатайған жүректер Алладан ұзақта болады. Ал, сіздер оның ұзақтығын білмейсіздер. Өз күнәларыңызға құлдарыңызға назар салған сияқты назар салыңыздар. Адамдардың күнәларына құлдарына назар салған қожайыны сияқты назар салмаңыздар».
Бір адам Имам Шафиғидың (р.а.) алдына келіп: «Пәленше деген кісі сізді жамандап, ғайбаттады», – дейді. Сонда Имам Шафиғи: «Егер осы айтқандарың рас болса, сен ғайбатшысың. Егер бұл жалған болса, онда пасық екенсің», – дейді. Әлгі адам үндемей, жөніне кетеді.
Сағид ибн Мусайяб (р.а.): «Қырық жыл бірде-бір уақыт намазымды жамағатсыз оқымадым», – деген.
Лұқман хәкім айтады: «Ауыр тас көтердім, ауыр темірлер де көтердім, бірақ та жаман көршіден ауырырақ нәрсе көрмедім».
Фузәйл ибн Ияз (р.а.) айтады: «Адамдар сыртқы көрініске қарайды, ал Алла Тағала ішкі көрініске қарай-ды. Адамдар қарайтын сырт-қы көрінісіңді зейнеттеймін деп, Алла Тағала қарайтын ішкі әлеміңді бұзып қоюдан сақ бол!».
Әбу Сүлеймен Дәрәни айтады: «Егер маған Фирдаус жәннатына кіру мен екі рәкағат намаз оқу аралығында таңдау берілген болса, мен екі рәкағат намазды таңдаған болар едім. Өйткені екі рәкағат намазда Раббымның хақы бар болса, Фирдаус жәннатында тек нәпсімнің қалауы ғана бар».