ТОЛСТОЙДЫҢ ИСЛАМ ЖАЙЛЫ ЖАЗҒАН ХАТЫ
Жазушы, публицист, ағартушы Лев Николаевич Толстой 1828 жылы Тула губерниясында дүниеге келген. Ол діни ойшыл, Севастополь қорғанысының қатысушысы. Оның беделді пікірі жаңа діни-адамгершілік ағым – толстовизмнің пайда болуына себеп болды. Өзінің көзқарастары үшін шіркеуден аластатылған.
1873 жылы Императорлық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 1900 жылы көркем әдебиет саласындағы құрметті академик, ал «Әдебиет» саласы бойынша Нобель сыйлығына бірнеше рет ұсынылған (1902, 1903, 1904, 1905).
Толстой – «Cоғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Қажы-Мұрат» секілді көптеген шығармалардың авторы.
Лев Толстой – Осман мемлекетін ІІ Сұлтан Абдулхамит басқарған заманда Ыстамбұлдағы шенеуніктерге хат жазып, Ислам діні туралы кеңірек ақпарат берулерін сұраған.
Оның жан-тәнімен Ислам дінін үйренгісі келуі еш таңданатындай нәрсе емес. Толстой өзінің Ислам туралы ойларымен, шығармаларымен көптеген мұсылмандарға үлгі бола білген тұлға.
Толстойдың мұсылмандық туралы бір хаты
Орыс патшалығы армиясында қызмет еткен ұлты әзербайжан Ибраһим Ағаоғлу Пашаның (1853-1934) жары, тегі орыс Елена Ефимова Векилова бір күні мұсылман емес ортада туып-өскен екі ұлының әкесінің діні – мұсылмандықты ресми қабылдағысы келетінін біледі. Содан не істерін білмеген ол отбасылық ескі досы әрі ұлы орыс жазушысы Лев Толстоймен ақылдасуға бел буып, дертіне дауа табу үшін қолына қалам алып оған хат жазады:
«Аса құрметті әрі ұстазымыз Лев Николаевич!
Осы хатты жазуым арқылы Сізді мазалағаным үшін алдыңызда кешірілмес бір ыңғайсыз күй кешудемін. Сізден, мен секілді ақыл сұраушылар көп екенін де білемін. Осыған қарамастан, сонда да көмегіңізге жүгінудемін. Өйткені өмір маған күшім жетпес мәселе тудыруда.
Қалауымды қысқаша түсіндіруге тырысайын. Жасым 50-де, үш балам бар. Өмірлік жарым – мұсылман, ресми некедеміз. Балаларымыз православтық діни сенімде. Қызым 13-те. 23 жастағы ұлым Петербор технологиялық институтының шәкірті, ал екіншісі 22 жаста. Ол Мәскеудегі Алексеев әскери мектебінде білім алуда.
Енді қараңыз, ұлдарым әкесінің діни көзқарасына, яғни мұсылман дініне өту үшін менен рұқсат сұрауда. Мен не істеуім қажет? Мұның мүмкін екенін білемін. Әрі бізде шетелдік тұрғындарға қарсы теріс түсінік қалыптасқанын да жасыра алмаймын. Оларда мұндай ойдың туындауына себеп – ұсақ-түйек бір күндік мәселе емес, яғни өмірлерінде материалдық немесе мансаптық өсулеріне кедергі келтіреді-міс. Тек, қараңғылықта қалған әзірбайжан халқына жәрдемдесу мақсатын ұстанады. Дін олардың халықпен кездесулеріне, жақын болуларына кедергі келтіреді. Бірақ мұндай таяз ойлы сеніммен оларды теріc бағытқа итермелеймін бе деп қорқамын!
Не істерімді білмей, шарасыз күйде қиын жағдайда қалдым. Шеккен азабым мен ішімдегі жан-дүниемнің арпалысын жеткізіп қолымдағы қаламмен жаза алсам ғой, шіркін!.. Өз балаларын жанынан да жақсы көретін бір ананың көз жасымен осы хатты жазып отырмын. Сол үшін ақылымнан адасқан осы хәліммен Сізбен ақылдасуды жөн санап отырмын. Сіз ғана салқынқандылықпен ақылға сала отырып, өміріміздің қазіргі жағдайында мұның қалай аяқталатынын ести аласыз…»
Cізге деген адал сыйластықпен,
Елена Ефимова Векилова
Тбилиси, 15 наурыз 1909 ж.
Христиан дініне жақын, тоғысқан тағдыры бар ұлы орыс жазушысы Толстойдың жауабы мынадай:
«Елена Ефимова Векилова!
Ұлдарыңыздың татар халқының (Кавказда өмір сүрген түркілер) біліміне қол ұшын беру қалауын бағаламау мүмкін емес.
Бұған қоса Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дінін қабылдаудың қаншалықты қажет екенін айта алмаймын. Жалпы айтар болсам, үкіметке адамның қандай дінді ұстанатынын айтуын қажетсіз деп санаймын. Сондықтан да ұлдарыңыздың Мұхаммедтің дінін Православиеден жоғары қойып қабылдаулары, яғни бір діннен басқа дінге ауысуларына қатысты басқаларға хабар берудің керегі жоқ. Мүмкін қажеттілік болар, бірақ бұған байланысты ештеңе айта алмаймын. Өйткені ұлдарыңыз мүдделі үкімет орындарына хабар бере ме, жоқ па өздері шешім қабылдаулары қажет.
Mұсылмандықтың Православиеден артықшылығы, әсіресе, ұлдарыңыз қызмет ететін мақсаттың жақсылығы жағына келсек… Бұл әрекеттерін шын жүрегіммен қолдаймын!
Христиан идеалы мен ілімін шын мәнінде әр нәрседен жоғары қоятын адам үшін мұны мойындау қаншалықты таңқаларлық болса да, айта кетуім керек, мұсылмандықтың сыртқы келбетіне қарап Православие шіркеуімен салыстыру – қисынсыз және ол одан жоғары тұратынына еш күмәнім жоқ. Осылайша, Православие шіркеуіне, әлде Ислам дініне бойсұнудың қайсысын таңдау мәселесімен кезіккенде, әрбір ақылды адам үш түрлі құдайдың, шіркеуден шығарып салу рәсімінің, салт-жоралардың, Исаның анасына жалбарынуының, әулиелер мен олардың суреттеріне деген бітпейтін шексіз ғибадаттарының орнына, күмәнсіз Бір Алла мен оның пайғамбары бар Ислам дінін жоғары санайды. Мұның басқалай болуы да мүмкін емес. Себебі, Христиандық ілімнің көмескілеу табиғаты мен шіркеуге кіру секілді бірнеше рәсімдердің болу тұрғысынан алып қарасақ, христиандықтан 600 жылдан кейін пайда болған Мұсылмандықтың Христиандықтан жоғары болмауы мүмкін емес.
Жекелеген адамдардың, барша адамзат пен барлық адам өмірінің негізін құрайтын діни сананың жетілгені секілді өмірде әрбір нәрсе жетіліп әрі бірізденіп отырады. Діннің бірізденуі болса, оның жеңілдетілуі мен нұрын шашуымен және оны жұмбақ еткен барлық нәрседен құтылуынан (шешімін табу) тұрады.
Діни ақиқаттың осы тектес құпиясы әрбір нәрсе мен құралдан пана тілеп, ежелгі заманнан бері барлық ұлы діндердің негізінде бар сенімді өкілдер тарапынан жүзеге асырылып келген. Мысалы, бізге мәлім болған барлық діндерден бұрын мұндай жоғары, ұлы діни түсінік, Веда кітаптарында, кейіннен Мұсаның, Будданың, Конфуцияның, Дао-Цзының, Исаның және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ілімінде көрсетілген.
Дінді ескілік, өрескел мағынадан сақтап, тереңірек әрі қарапайым, сондай-ақ ақылға сыйымды әрі ақиқаттары арқылы бүкіл бұл дін адамдары – үлкен ұлы тұлғалар еді. Бірақ, олар да адам болғандықтан барлық ағарту, ақиқат секілді рухани жолда жалған идеяларды қоғамнан арылтуға көпшілігінің күші толық жеткіліксіз болды. Бұл адамдардың шалыс басуы мен олардың барлық айтқанының теріске шығаруға жатпайтын шындықтары парыз етілгенімен, өздерінің ізін қуған шәкірттері – ақиқатты шын ниетімен түсінбейінше, әрине, ұстаздарынан көркем түрде әркімнің аузына қақпақ қоя алатын тұлғалық таныту деңгейінде бола алмады. Сондай-ақ, ізбасарлары кейде «ғажайып» нәрселер енгізгендіктен, көбінесе қоғамға қажетінше пайдалы нәрселер енгізе алуы қиынға соққан.
Шынтуайтында, діни жағынан бұрмаланушылықтар артып, нәтижесінде ежелгі діни қызметкерлердің айтқан ақиқаттары қараңғылықта қалып отырған. Сол себептен, ескі діндерде ақиқатты жасырған мұғжиза және ырымшыл cенімдер көбірек болған. Бұл ең ескі дін – Ибраһим дінінде, одан кейінгі Яхуди дінінде, бертін кезде Будда, Конфуций, Даосизм дінінде, одан да кейінгі Христиан дінінде, соңында ең жас әрі үлкен дін – Ислам дінінде де[1] болған. Сондықтан мұсылмандық, бұл жағынан алып қарағанда ең қолайлы дін болып саналады.
Егер Ислам діні, сырттан кірген бейресми діндердің нәрселерін қабылдаған деп ойлайтын болсақ, онда Мұхаммедтің діні – рухани бай ілімнің іргетасын қалаушы ретінде білінбей, бүгінгі күнге дейін адамзатқа жеткізілмей қалатын еді, керісінше Ол – соңғы әрі асыл діннің таралуына айрықша үлес қосқан. Әрине, егер олай болмаса барлық ірі діндердің негіздері, шындықты таныған Христиан ілімінің негіздерімен бірлесіп кетер еді…
Бұларды, Сізге ұзыннан-ұзақ жазудағы мақсатым – менің ойымды ұлдарыңызға жеткізерсіз және бұл пікірлерім олардың жақсы талпыныстарының жүзеге асуына жарап қалар. Дін табиғатының мәнін білдіретін үлкен ақиқат – ол қапаста қалған әрбір нәрседен құлан-таза айығуына әсер етеді. Осылайша, адам қызметінің ең жақсысына айналады. Егер ұлдарыңыз бұл қызметті өмірлеріне мән беруші тура жол негізінде ұстанса, толық адам ретінде әрі пайдалы жеке тұлға ретінде өмір сүреді.
Лев Толстой»
[1] Сәл де болса өзгеріс мұсылмандықта да болғанын мойындап, бірақ оның белгілі бір ырымшыл сенімдері (пұтқа табынған) болғанын тілге тиек еткен Толстойды, бұл себептен айыптау дұрыс болмас. Патшалық Ресейдің қоластында болған Исламдық білім беру мен өмірлік құндылықтарынан айырылған мұсылмандардың діни өмірі – шынымен де әркез аянышты әрі теріс істерге толы еді. Хз. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) әкелген қағидаларын құптай отырып, жазушы өзі айтқан ырымшыл сенімдердің кейіннен қауымдарға соққы боп тигенін алға тартады.
Дайындаған Руслан БЕГЕН