Тортқа балауыз шам (свеча) жағуға дін қалай қарайды?
Әуелі бұл үрдістің қайдан шыққаны жайында қысқаша тоқталып өтелік.
Деректерге сүйенсек, туған күнде тортқа балауыз шам (свеча) жағу үрдісі - сонау грек халқына сүйенеді екен. Ертеректе гректер «артемис» деп аталатын «ай құдайына» арнап торт пісіреді екен де, үстіне балауыз шамдарды айналдыра жағатынға ұқсайды. Торттың домалақтығы – айдың домалақтығының символы болса, шетіндегі шамдар айдың жарығын еске түсіреді.
Бұнымен қатар, шамның түтіні сол жерде тілеген тілекті ай құдайы артимусқа жеткізіп барады-мыс. Торттағы шамды көзді жұмып, іштей тілек тілегеннен кейін барып үрлеп өшіруіндегі мақсаты сол.
Шариғи тұрғыда:
Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, Пайғамбарымыз айтады: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан», - дейді.
Ханафи мәзһабының ғұламасы әйгілі Зинуддин ибн Ибрахим Ибн Нужәим әл-Ханафи (х.926/970. м.1520/1563ж.) былай дейді:
«Бір әрекетіміздің өзге діндегілерге ұқсап кетеді деуіміз үшін екі шарт бар:
1.Аталмыш әрекеттің өзі шариғатта тыйым салынған болуы керек
2.Сол әрекетті өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жасаған болуы керек.
Түйін сөз:
Біздің қоғамда тортқа шам жағуды көбіне батыстағыларға еліктеп жасап жатамыз. Өйткені, біздің салт-дәстүрде аталмыш әдет кездеспеген. Сол себепті айтарымыз, қазақы дәстүрімізге және дінімізге жат әдеттерден бойымызды аулақ ұстаған жөн.