Тылсымға сенудің тамыры тереңде
Адам баласы қандай да бір тылсым күштерге сеніп өмір сүреді. Біреулер «Жаратушы жалғыз» деп, Алланың хақтығын мойындаса, енді біреулер бақсы, балгер, сиқыршы, көріпкел, дуа дегеннің бәріне сенеді.
Елімізде әлеуметтік желілерде жүргізілген сауалнамалардың нәтижелеріне сенсек, 30–55 жас аралығындағы азаматтардың басым көпшілігі бақсы-балгерге баратынын айтқан. Шынында да, кез келген адам өмірінде бір рет болса да емшіге, көріпкелге, нумерологке барып көреді екен. Кейбіреулер тіпті қит етсе құмалақшыға барып, жолын «аштырып» жүреді. Ауылдық жерлерде ұзақ уақыт жауын жаумай, қуаңшылық болса, бір мал сойып тасаттық беру рәсімі әлі де бар.
Бұрынғы адамдардың сиқыршы, шайтан, елес дегендерге сенгенін түсінуге болады. Өйткені, ол кезде кейбір құбылыстарды ғылым түсіндіріп бере алмаған еді. Ал қазіргі ХХІ ғасырдағы өркениетті қоғамда неге адамдар осындай дүниелерге сенеді?
Байқап отырсақ, сиқыршы, зомби, зұлым рух, елес секілді кейіпкерлер кинода өте танымал. Тіпті, қорқынышты фильмдер – тұтас бір индустрия. Фильмдердің басым көпшілігінде адамдар осындай қорқынышты күштермен күреседі.
Белгілі психолог Валентин Шаталиннің айтуынша, тылсымға сенудің тамыры тереңде жатыр. «Ғалым ретінде мен сиқырға сенетіндердің білім деңгейі төмен және олардың заттар мен құбылыстардың табиғатын түсінуге мүмкіндігі жоқ деп айтуыма болар еді. Бірақ бұл біз ойлағандай оңай дүние емес. Адам баласының ойлау жүйесі соншалықты қызық, біз өзімізді мазалаған, шешімін таппаған дүниемізді түсініксіз түнектен, яғни қараңғы жерден жарық іздейміз, ғажайыпқа сенеміз. Мысалы, ежелгі адамдардың кейбірі қараңғыдағы қыбыр-жыбырдың жапырақтың сыбдыры екенін біледі, енді біреулері қараңғыда қорқынышты құбыжық бар деп санайды. Осы генетика бізге берілуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, меніңше, адамдардың түрлі құбылыстар мен тылсымға сенуіне әлеуметтік жағдай да әсер етеді. Өйткені, қазіргі кездегі соғыс, әлеуметтік теңсіздік, зорлық-зомбылық адамның бойында қорқыныш тудырады. Жаһандану заманы алға ұмтылған сайын адамның өмір сүру салты өзгереді, бірақ санасы өркениеттің соңынан үлгере алмай жатады. Сондықтан адамдар өзіне түсініксіз сұрақтардың бәрін тылсымнан іздейді», – дейді ғалым.
Расында, адам баласы біліміне, әлеуметтік мәртебесіне, жасына қарамастан, көріпкел, сыған, балшы, сиқыршы, экстрасенс дегендерге сене береді. Адамдардың сенімін көбінесе алаяқтар пайдаланып кетеді. Естеріңізде болса, өткен ғасырдың 90-жылдары бүкіл ел Кашпировский мен Сары әулиені пір тұтқан еді. Одан кейін бүкіл балшы-балгерлер ауыл-ауылды аралап, жаппай ел-жұртты емдеумен айналысты. Ал қазір жалған психологтер мен нумерологтер талайдың басын қатырып жүр.
· Маман пікірі
Алмас РАЙХАНҰЛЫ,
психолог:
– Адамдар алдында не күтіп тұрғанын білуге құштар. Сосын өткен өмірлеріндегі кейбір жайттарға өздерін кінәлі сезінетіндері бар. Қарғысқа ұшырадым деп, бақсы-балгерлерден көмек сұрайды. Өйткені, көптеген көріпкел, экстрасенстер адамды мазалап тұрған түйткілді түртуге тырысады, сол кезде адам өзі ашылып, алдындағы адамға бәрін жайып салады. Яғни көріпкелдік – адамның наным-сеніміне, әдет-ғұрпына негізделген психотерапия. Адамдардың бойындағы қорқыныш, үрей оның бойындағы қандай да бір дерттің белгісі болуы әбден мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, көп адам кәсіби мамандарға, дәрігерге, психолог, психотерапевтердің көмегіне жүгінудің орнына, бақсы, балгер аралап кетеді. Кішкентай балаларын да тәуіптерге сүйрейді. Бұл сауатсыздықтан арылуымыз керек деп есептеймін.
Малика АБДУЛХАМИТҚЫЗЫ,
дінтанушы:
– Қай заманда да адамдар сиқыршылар мен арбаушылардың, жалған көріпкелдердің құрбаны болып жатады. Біреулер баласы оқуға түсер алдында құмалақ, карта аштырады, енді біреулер кәсібін дөңгелету үшін көріпкелге барады, тағы біреулер дертіне шипа іздеп тәуіп аралайды, біреулер жоғын іздеп балшыға жүгінеді. Қарап отырсақ, қазіргі кезде жоғары білімді, бай-қуатты, әлеуметтік жағдайы түзу адамдар да Аллаға сенуден гөрі адамдарға көбірек сеніп, келесі қадамын көріпкелге болжататынын көріп жүрміз. Бұл – үлкен қателік. Ислам дінінде бақсы-балгерлердің ісіне тыйым салынған. Егер тәуіп емдеу шараларында Аллаға серік қоспай, Құран аяттарын оқып дем салатын болса, онда оған рұқсат. Ал жын-шайтандар мен өлілер арқылы емдеу шариғатта тыйым салынған іс. Аруақтармен сөйлесу, жын-шайтанмен дос болу немесе оның көмегіне жүгіну, ажалдан арашалап қаламын деп Алладан басқа өзгеден медет сұрау, ертеңгіні болжау, сәуегейлік, Алланың атынан басқа біреуге сыйынып бұлт шақырып жауын жаудыру, аспаптар арқылы көңілді әуенмен адамды алдап-арбайтын әуез ойнау, көз алдында ғажайыптар жасап сиқыр көрсету, арбаушылық түрлерінің бәріне де исламда түбегейлі тыйым салынған. «Жын» сүресінің 26-27 аяттарында «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…» – деп баяндалған. Хақ Тағалаға ғана сену керек, Аллаға серік қосу – кешірілмейтін күнә.
Айнұр СЕНБАЕВА