Ұятты дүниелерге қараудың медицина тұрғысынан қандай зияны бар?
Ұятты дүниелерге қарау жастарда орынсыз шаршап-шалдығу, бір нәрсеге көңіл бөле алмау, ойдың шашыраңқылығы, дене бітімін немесе өзін-өзі ұнату немесе өзінен-өзі жиренуден туындаған психологиялық түрлі кеселдерге жол ашады. Зерттеулер нәтижесінде арсыздыққа үгіттейтін көріністерді тамашалағандардың уақытша соқырлыққа итермелейтіндігі анықталған. Ойдың қабылдауына байланысты зерттеу жасаған АҚШ ғалымдары ұятсыз көріністерді көрген адамның бір сәтке болса да дүниемен байланысы үзілетіндігі туралы жаңалық ашты. Жалаңаш суреттерді көргендер аз уақыттың ішінде ойы шашырап, басқа сезімдерді қабылдай алмай қалған.
Бұл зерттеуге қатысқан адамдарға көріністер мен ғимараттары бар жүздеген суреттер көрсетіледі. Қатысушылардың міндеті суреттердегі белгілі бір объектіні табу болса, ғалымдар осы суреттерден бұрын екі мен сегіз жалаңаш суретті орналастырып, олардың қабылдауына әсер етіп-етпегендігін қадағалап отырған. Қалыпты суреттердің арасында ұятсыз суреттердің саны көбейген сайын зерттеуге қатысушылар тапсырылған объектіні таба алмай қиналған. Ғалымдардың айтуынша, сезімдерді оятқан мотивтер артық немесе кем болса да әсер етіп зейінді шашыратып жіберген.
Мұндай көріністерге деген тәуелділік жыныстық қатынастан басқа нәрсені ойлауға мұрша бермейді. Ондайда адам өз ісін дұрыс орындай алмайды, жора-жолдастарымен араластығына кері әсері тиеді, жасаған ісіне өзін кінәлі сезіне бастайды. Араққа сылқия тойған адам саналы әрекеттен жұрдай болса, бейәдеп көріністердің жетегінде кеткен адамды да ақыл-есі орнында деп айту қиын. Асқазанға апаратын жол ауыз болса, ойдың саңылауы көз болып саналады. Сол себепті, дүниеде сау әрі саламатта күнәдан сақтанып жүруге дағдылану керек. Бір жағынан, ақыл-ойдың саулығы үшін де бұның керектігі сөзсіз. Өйткені, ақыл-ой және психологиялық аурулардың көпшілігі ұятсыз дүниелерге қараумен басталып, түбі зина жасауға дейін ұрындырады. Ал оның нәтижесі жастарды қаншама физиологиялық әрі психологиялық ауруларға ұшыратады. Осылардың ішінде ең белгілісі СПИД секілді тажалдың да сол жыныстық жолмен жұғатындығы. Адам өмірінің астан-кестеңін шығаратын бұл кеселге ұрынбаудың жолы соған апаратын қауіп-қатерлерге абай болуда.