Ұйықтар алдындағы дұға етудің маңызы
Әбу Омар әль-бар ибн Азиб, олардың екеуіне де Алланың ризашылығы болсын, ол Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), бір адамға былай айтқанын естіген: «Иә, пәленше, егер төсекке жатқың келсе: «Я, Алла! Нәпсімді Саған бойұсындырдым және ісімді Өзіңе тапсырдым. Әрі жүзімді саған қараттым және (сауабыңды) үміт етіп, әрі (азабыңнан) қорқып, Саған арқа сүйедім. Сенен қашып өзгеден пана табу мүмкін емес, тек Саған қашып Өзіңнен ғана пана тілейміз. Түсірген Кітабыңа әрі жіберген Пайғамбарыңа иман келтірдім», - де, сонда егерде, расында осы түнде дүние салсаң, онда жаңа туған баладай (күнәдән пәк) күйіңде өлесің, ал егер таң атқанша тірі қалсаң онда үлкен игілік табасың» (Бухари, Муслим).
Осы айтқанды жазып, жаттап алыңыз, күнде жатарда айтып жатыңыз. Бойыңызды таза ұстау үшін, «Ықылас», «Фалақ», және «Нас» сүрелерін оқып, өз-өзіңізге дем салыңыз. Бір ұйықтап тұрып, нәпіл намаз оқып, иманымызды арттыра түсуіміз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түнде тұрып, көп уақытын нәпіл намазға бөлген. Ол туралы хадистер де көп.
«Ұйықтап жатқан адам өлікпен тең» дегенді естуші едік бала кезде. Өсе келе бұл сөздердің діни астары бар екенін түсіндік. Діни сауатымыз кеңейген соң, ұйқы – кіші өлім, кіші өлім – қияметтің бастауы екенін түсіндік. Олай болса, қияметтің бастауы болатын әрекетіміз – ұйқымызға мейлінше көңіл бөлейік. Көңіл бөлгенде, көп ұйықтау емес, керісінше жастыққа жантая кетіп, ұйықтап қалмай, төсекке жатпас бұрын дәрет алып, Аллаға дұға етейік. «Дәретпен ұйықтаған адам, түнде қайтыс болса шәһид болады» (Ибн сунни). Дәрет алып, денемізге қорған болар «Курси» аяты мен жанымызды қабір азабынан қорғайтын «Мүлк» сүресін оқып жату қажет. http://www.ihsan.kz/ сайтынан «Күле кіріп, күңірене шыққаннан сақтан!» мақаласын оқысаңыз «Курси» аятының маңызын ұғасыз. Алла Елшісінің (с.ғ.с.), жазғышы ретінде танымал болған Абу Хузайфа бин аль-Йаман аль-Ансари (олардың екеуіне де Алланың ризашылығы болсын) былай дейді: «Бірде мен Алланың Елшісімен (с.ғ.с.) түнде бірге нәпіл намаз оқыдым. Сонда ол (намаздың бірінші рәкәғатында) «Бақара» сүресін оқи бастады. Мен өз-өзіме: «Ол (осы сүренің) жүз аятын оқып рукухқа барады», - дедім, бірақ ол одан кейін де оқуын жалғастыра берді. Сонда мен өзіме: «Ол (сүрені) (намаздың бірінші рәкәғатында) толығымен оқып шығады», - дедім. Сосын мен өзіме: «Оны оқып бітірісімен рукух жасайды», - деп тұрғанымда, ол «Ниса» сүресін оқып бастап, оны толығымен оқып шықты, сосын «Аль-Имран» сүресін оқуға кірісті де, оны да толығымен әр әріпін шығарып, мәнерлеп оқып бітірді. Сол кезде Ол аяттың ішінде Алланы мақтау туралы сөздерді оқығанда, ол Алланы мақтады, ол аяттың ішінде Аллаға дұға жасау туралы аятты оқығанда, дұға жасады, ал Алладан пана сұрау жайлы аятты оқығанда, ол Алладан пана сұрады, содан соң Ол иіліп рукухқа кетті. Сол кезде: «Менің Ұлы Раббым кемшілік атаулыдан пәк!» - деп айта бастады да, оның рукухы қиям кезінде қанша тұрса сонша уақытты алды. Сонда ол: «Алла Тағала Өзіне мақтау-мадақ айтушыны естиді. Раббым саған мақтау!» - деп бойын түзеді де, осы күйде рукухта қанша болса, соншама уақыт аралығында тұрды. Ал сосын ол: «Аса Жоғары Раббым пәк!» - деп сәждеге жығылды да, сол қалпында, тік тұрған кезінде қаншама уақыт өткізсе, соншама уақыт болды (Муслим).
Омар ибн Хаттаб (Алла ол кісіге разы болсын) түнде жатар алдында өз-өзінен есеп алады екен. «Не істедім? Не бітірдім? Ақыретіме не жинадым?» - деген сұрақтар бізді де мазалауы керек. Есеп күніне есеппен барайық!
Айтқазин Рауан
Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы
ihsan.kz