Хақ дінге күйе жақпайық
Бүгінде әлемде Исламға қатысты екі үрдіс жүріп жатырғанын байқаймыз. Бұл екеуі бірін-біріне мүлдем қарсы. Біріншісі, исламдогматикасындағы ата-ананы сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет, садақа беру, қайырымдылық жасау сияқты т.б. адамгершілік құндылықтардың мазмұнын ашып, дінді насихаттау. Халықты мұсылмандыққа шақыру яғни, исламофилия, басқаша айтқанда исламды сүю, оны жақсы көру. Дін исламды дұрыс насихаттау арқылы оның бейнесін ашу. Екінші үрдіс, керісінше, Ислам қағидаттарында жоқ зорлық-зомбылық жасау, жазықсыз адам өлтіру, терроризм, экстремизм сияқты т.б. адамгершілікке және жалпы гуманизмге қарсы қылмыстарды көрсетіп, исламофобияны насихаттау. Дінге жат ұғымдар мен әрекеттерді исламға таңып, оны адамдарға құбыжық етіп көрсету.
Исламофобияның мақсаты – қоғамда Исламға қарсы пікір туғызу. Ислам деген уақытта дереу адам ақылына қолында қаруы бар, қою сақалды, түрі сұсты, мейірімсіз, қанішер әрі дөрекі адамның бейнесін елестету. Ал ислам дінін қылмыскерлер мен террористердің діні етіп көрсету. Өйткені, «фобия» ұғымы қандай да бір нәрсеге қатысты шамадан тыс қорқынышты және негізсіз үрейлену мен алшақтауды білдіреді. Негізінде мамандардың айтуынша кез келген фобияның шығу төркіні объективті шынайылықтан гөрі, соқыр түсінікке негізделеді екен.
Исламофобия – діни надандықтың белгісі. Оны дін исламды дұрыс білмейтін немесе білсе де бірақ, мұсылмандарды жақтырмайтын идеологиялық орталықтардан шығуы да сондықтан. Әдетте, адам өзі дұрыс білмейтін, ол туралы толық білімі мен мәліметі жоқ нәрседен қорқады. Исламофобияның көздегені де осы, Исламды дұрыс танымайтын халықтар арасында дінді және мұсылмандарды құбыжық бейнесінде көрсету. Олардың арасында антимұсылмандық көңіл орнату. Сөйтіп, дүние халқын мұсылмандар және мұсылмандар емес етіп бөліп қою. Бұған қоса Батыс елдерінде жастардың исламды қабылдау тенденциясы қатты байқалып келеді. Сырттан келген мұсылман эмигранттардың санының күннен-күнге еселеп өсуі тағы басқа. Ойлап қарасаңыз, исламофобияны дамыту арқылы көптеген мәселелерді шешуге болатын сияқты.
Ислам бастау алатын Құран мен сүннет беттері «адам өлтірме», «зорлық жасама», «қиянат қылма», «зұлымдықтан сақтан» деген сияқты қылмыс жасауға қарсы т.б. ұстанымдарға толы. Сөзіміз дәйекті болу үшін аят-хадистерден мысалы келтірейік. «Ниса» сүресінің 29, 30-шы аяттарында былай деп келеді: «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай».
Дұшпандықпен кісі өлтіріп, осы аятқа қарсы келген адамды Алланың өзі жазаламақ. Ал имам Мүслимнің риуаяты бойынша жеткен хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру». Ал енді имам Нисайдегі хадисінде: «Кім зимми (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін өкілін) өлтірсе, ол жәннаттың исін де иіскемейді...», – деп айтқан.
Сіз осы көрсетілген аят-хадистерден экстремизм немесе терроризмнің ұшқынын байқадыңыз ба? Мен, мұнда қоғамдағы бейбіт өмір, өзге дін өкіліне құрмет және татулықтан басқа еш нәрсе көріп тұрғаным жоқ.
2011 жылдың маусым айындағы Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев соңғы жылдары ғаламдық БАҚ ислам тәрізді әлемдік бейбіт дін мен терроризмнің арасына теңдік белгісін қойып, исламды құбыжық қылып көрсетіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Елбасының пікірінше, мұсылман қауымдастығы исламның «бейбітшілік пен ізгілік, төзімділік пен әділдік діні» ретіндегі жағымды бейнесін қалыптастыру үшін күш-жігерін біріктіруі тиіс деген болатын.
Дін істері комитетінің мәліметі бойынша, елімізде 18 конфессия және 3500-ге жуық діни субъектілер қызмет етуде. Мұның 95%-ін мұсылмандар мен христиандар құрайды екен. Ал енді бұл көрсеткіштің қанша пайызы мұсылман екені айтпай-ақ түсінікті. Бұл айдан анық. Демек, біздің полиэтникалық қоғам өмірінде татулық пен төзімділік доктриналарының етек алып, қанат жаюына Ислам мәдениетінің рөлі айырықша.
Мұсылман қоғамында бейбітшілік пен теңдікке ерекше назар аударылады. Әбу Дәуідтің хадистер жинағында Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) ескертуі бар: «Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса немесе оның ақысын бермесе яки болмаса оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе немесе оның келісімін алмай бірнәрсесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін».
Мұсылман қоғамында өмір сүретін өзге дін өкілдері үшін мұнан артық кепіл бар ма? Өзге ұлт пен діннің адамын зорлап, алдап дінге кіргізу мұсылманға тән емес. Шынайы дінге пенде өз ақылымен, еркімен кіруі керек. Ақиқат әркім өз дінінің құндылықтарын паш етіп, сөзімен, ісімен, амалымен көрсете білгенде ғана айқындалады. Құранда: «Cенің дінің саған, менің дінім маған», – деген аят бар. Бұл Алла тағаланың өзге дін өкілдерімен үн қатысуға шақырған жарлығы. Яғни, мұсылман өзгелерді ортақ келісімге шақырып, үн қатысады. Өйткені, Ислам бейбітшілік діні. Дінде зорлық жоқ. Сондықтан Ислам діні бейбітшілік орнатуға ат салысуды тек қана дінбасылары немесе дін ғалымдарының ғана емес, қоғамдағы әрбір мұсылманның міндеті деп таниды. Осыдан соң шынайы ислам мен исламофобияны ақылға салып көріңіз. Демек, Қазақстан халқы үшін бейбітшілік пен ізгілік, төзімділік пен әділдік дінін дұрыс танып, оның жағымды бейнесін қалыптастыру маңызды іс. Біз елдегі дінаралық татулық пен халықтар достығының тұрақтылығын көздеп, коғамда исламофобияның таралуына жол бермеуіміз керек. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, ағайын.
Жалғас САНДЫБАЕВ,
философия ғылымының кандидаты,
дінтанушы