ХХІ ғасырдың имамы қандай болуы керек?
Адамзаттың бұл дүниеде көп мұқтаждықтары бар. Ауырып қалса дәрігерге, үй салу үшін құрылысшыға, білім алу үшін мұғалімге, өмір сүріп жатқан ортасындағы тыныштық пен жайлылықты сақтау үшін әділ билікке мұқтаж. Бұлар адамның осы дүниедегі материалдық қажеттіліктері. Ал пенденің рухани әлемінің мұқтаждықтарын қамтамасыз ету мойнына жүктелген, адамның жан-дүниесімен жұмыс істейтін ерекше қызмет иесі бар. Олар – дін адамдары, яғни имамдар. Жоғарыдағы мамандық иелері адамның материалдық мұқтаждықтарын қамтамасыз етсе, имамдар адамның ең тылсым тұсы – рухани әлемін дұрыстау жолында еңбек етеді. Имамдық қызмет Алла елшісіне (с.ғ.с.) пайғамбарлық міндет жүктелген уақыттан бастау алды деуге болады. Иә, пайғамбарымыз ең бірінші имамымыз әрі әміріміз еді. Ал, имамдар – ақырғы пайғамбардың мирасқорлары мен ізбасарлары. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім адамдарды тура жолға шақыратын болса, ол адамның сауабы артынан ерген адамдардың сауабымен бірдей болады. Олардың сауабынан еш кемімейді!», – деген сөзінде имамдарды меңзеп, олардың еңбектерінің қаншалықты сауапты екенін атап өтеді. (Мүслім, 4831, 13-364)
Аллаға шүкір, имамдықтың ауыр жауапкершілігін арқалаған дін адамдарының себебімен хақ дініміз халық арасында өз рөлін, мағынасын жоғалтпай, қоғамдағы тұрақтылық пен адамгершілікті сақтауда зор үлесін қосуда. Осылай ғасырлар бойы жалғасып келеді.
Жалпы, өткен ғасырларға қарағанда біздің заманымызда имамдық жүгін алып жүру күрделірек болып бара жатыр десек, асыра айтқанымыз болмас. Себебі, ол кездерде адамдар көбіне ауыл-ауыл, тайпа-тайпа болып өмір сүретін. Әр ауылдың өз молдасы бар, бәрі дерлік бір дінді ұстанатын. Имам шариғаттан не десе, жұрт соған құлақ асатын, дін адамы ретінде оған бойұсынатын. Оның үстіне, ол заманда көзге ілінетін дін тұрғысындағы фитналар, теріс көзқарастар, жат ағымдар болмайтын. Иә, ол заман «жәннат» еді. Ал қазіргі біздің қоғамдағы атмосфера мүлдем бөлек. Технология мен білімнің дамыған заманы. Дұрыс мағлұмат та, бұрыс мағлұмат та ақпараттық кеңістікте қолжетімді болған заман. Ортамыз да бұрынғыдай жалғыз дінді емес, өзге ұлт, сенім өкілдері араласқан күрделі қоғам. Адамдардың, әсіресе, жастардың дезинформациялау әсерінен дін туралы ойлары ауытқып тұрған кезең. Иә, бұндай қоғамда жұртты дінге шақыру, дін адамы болып қызмет атқару аса күрделі, әрі бұрынғыдан екі есе ауыр жүк.
Тақуалық – имамдықтың өзегі
Қай жерде, қай заманда болмасын, имам боламын деген адамға ең керекті болған басты қасиет – тақуалық. Адамды имамдыққа ақша, мал-дүние, не жұрттың алдында абырой жинау сияқты дүнияуи ниеттер емес, Алладан қорқушылығы, пайғамбарлардың ізбасары ретінде дінге қызмет етуге деген құштарлығы әкелу керек. Өйткені, діннің негізі – тақуалық. Ал, имам тақуалық жаршысы ретінде алдымен өзі осы қасиетті бойынан көрсетуі тиіс. Егер имам тұлғасында дүниедегі барлық жақсы қасиеттер бола тұра, тақуалығында нұқсан болса, ол адамнан жақсы дін насихатшысы шығады деп айту қиын. Былайша айтқанда, жүрегінде тақуалығы болмаған дін қызметкері жүнінен айырылған қораз, не моторы жоқ машина іспеттес. Алла сақтасын. Қарапайым адамның тақуа болу-болмауы өзіне қатысты мәселе болса, имамның тақуа болу мәселесі өз жауапкершілігіне алған жұртқа да әсері бар.
Расында, Құдайдан қорқушы имам Одан басқа ешкімнен қорық-пайды. Мешітке бірінші кіріп, соңынан шығады. Мұсылмандар-дың балаларына Құран үйретеді, мешітке қажетті нәрселерді қолынан келгенше қамтамасыз етеді. Керек болса, ғибадат үйін өзі сыпырып, дәретханасын тазалайды. Ол бұның бәрін жұрт көрсін деп істемейді, Алланың оған осы қызметі үшін үлкен сый дайындап, пайғамбарлар, шахидтер арасынан тірілтетініне сенеді. Және осы сенімі арқылы ол өз жауапкершілігіне алған халықтың да оттан құтқаруылына себепші болады.
Білімді имам мыңды жығар, білімсіз имам кімді жығар?
Дүниеде ең әсем әрі тозбайтын бір нәрсе бар болса, ол – білім. Надан адам бір адамды, ал әр жерде жұртқа уағыз айтып жүрген надан имам бір қауымды адастыруы мүмкін. Сондықтан, руханият сардары үшін ең маңызды болған қасиеттердің бірі де – білімді болу. Көбінесе дәрігерді тән емшісі, ал имамды жан емшісі деп салыстырып жатамыз. Бірақ, имамдардың дәрігерлерден бір айырмашылығы – медицина қызметкерлерінің түрлері көп, ал имам – әмбебап міндет жүктеген тұлға. Басы ауырған адам терапевтке, тісі ауырған адам стоматологқа, құлағы ауырған адам лорға барады. Ал, имамдарда бұндай жеңілдік жоқ. Дем салдырғысы келген адам да, түс көрген адам да, баласына Құран үйреткісі келген де, діни мәселелердің жауабын сұрау үшін де бір молдаға барады. Әрқайсы әртүрлі мәселелерді айтады. Бұндайда имамның басында білім болмаса, алдына кеп тұрған адамдарға не жауап береді? Сондықтан, оларды мазалаған мәселелерге мардымды, сауатты жауап беру үшін имам білімді болуы шарт. Сол себептен де имам әрқашан кітап оқып, білім ізденіп жүруі керек. Білімді болу деген «Бұхари» мен «Мүслімді» жаттап алу, не Құранды Абдул Басыт сияқты оқу деген сөз емес, өзінің шама-шарқына қарап білімді болу. Әрбір имам білім жолында күнделікті мына нәрселерді орындауы өте маңызды:
– күніне кемінде екі пара Құран оқу;
– әр күні орташа 5 хадис жаттау;
– күніне ең азы 10 бет діни әдебиет оқу;
– жаттаған Құран сүрелерін қайталап отыру және шама-шарқына қарап жаңадан сүрелер жаттау.
Құдайға шүкір, қазіргі кезде білім аламын деген кісіге жол көп. Өзіміздің ғалымдар жазып жатқан қазақша әдебиеттер дүкендерде жеткілікті, материалға толы діни сайттар да жоқ емес. Тек соған уақыт бөлу керек.
Имам болсаң, жан-жақты бол!
ХXI ғасырдың имамына тек Құран мен сүннет, фиқһ пен ақиданы білу аздық етеді. Сондай-ақ, тек мешітте уағыз айтумен, намаз өткізумен шектеліп қалмай, қоғамдық мәселелерге де белсене қатысуы да дұрыс нәрсе. Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, өмір сүріп жатқан заманымыз – өзгерістер мен әртүрліліктер алаңы. Әсіресе, 130-дан астам ұлты, түрлі сенімдегі мүшелері бар біздің қоғамымызды атауға болады. Сондықтан, мұндай ортаға сәйкес болу үшін имам да діннен бөлек, тарихтан (Қазақстан тарихы, әлемдік тарих), жағрапиядан, сондай-ақ, қоғамда болып жатқан оқиғалардан хабардар болып отыруы керек. Саясатты да білу артықшылық етпейді. Ғаламтор әлемінен сырт қалмау керек. Себебі, жұрттың көбі ақпараттарды итнернеттен алатын болды. Сәйкесінше жат ағымдар да өздерінің идеологияларын осы алаңда белсенді насихаттау үстінде. Жұрт жат ағымның қасқырларына жем болып жатқанда заманауи имам да қарап отырмай, білегін түріп, кибер әлемде насихат жүргізуі, халықты тура дінге шақыруы өте маңызды болып табылады. Бұл ретте әлеуметтік желілерді оңтайлы пайдалана білудің тиімді жағы мол. Бұл алаңда жұмыс істеу үшін имам өзінің жазу-сызу қасиетін жетілдіріп, мақалалар мен материалдар дайындауға дағдылануы керек. Әрине, әр нәрсенің өз шегі бар. Интернетті де өз уақытында пайлаланып, ал негізгі уақытын мешітке келген жамағатына бөлгені дұрыс.
Бұған қоса дін қызметкері: «Алланың алдында қуатты мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда ұнамдырақ. Және бұл екеуінде де жақсылық бар» (Бұхари), – деген Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисіне амал жасап, бір уақытын спортқа бөлгені де жөн.
Психолог-имам – таптырмайтын қасиет
Адамның руханият әлемін қамтитын дін саласында кісінің жан-дүниесін түсіне білу имам үшін үлкен артықшылық болып табылады. Әрине, бұл біреуде туа біткен қасиет болса, басқа біреудің бойында бұндай артықшылықтың табылмауы табиғи нәрсе. Алайда, адамның ойын оқи білу қасиеті имам үшін өте маңызды. Себебі, имам халықтың адамы болғандықтан, түрлі жерлерде оқыған-оқымаған, жас-кәрі, қоғам қайраткері, қарапайым қойшы деген сияқты неше түрлі адамдармен жұмыс істейді. Оларға дінді уағыздайды. Яғни, ол қойшымен сөйлескенде қойшының дәрежесінде, баламен сөйлескенде баланың дәрежесінде, ал директормен сөйлескенде директордың дәрежесінде сөйлесуі өзіне ұтымды. Олардың ішкі күйін түйсіну арқылы қойшыға қойшының, бастыққа бастықтың «кілт сөздерін» тілге тиек ете отырып үгіт-насихат жүргізсе, нұр үстіне нұр болатыны хақ. Сондай-ақ, жамағаттың ой-күйіне қарап уағыз жүргізу, намазда қарттар болса қысқа сүрелер оқу, жамағаттың, жұрттың жағдайын жасау үшін де халықтың көңілін сезіне білуі маңызды.
Мәдениетті имам – ел үлгісі
Имам дін және қоғам адамы ретінде киіну, ішіп-жеу, өзін ұстау, сөйлеу мәдениеттері жағынан баршаға үлгі болуы шарт. Білімді болу бір басқа, сол білімді жеткізе білу бір басқа нәрсе. Жұма күні уағызға шығып екі сөздің басын қоса алмай, өз ойын жеткізе алмай тұрса, жамағаттың уағыз тыңдаудың орнына телефондарын шұқылап отыратынына таң қалудың қажеті жоқ. Сол себепті әрбір имам әдемі, қысқа-нұсқа, жұрттың көңіл толқынына қарап уағыз жүргізуге дағдылануы керек. Имам адамдарды тек қана тілімен емес, сондай-ақ, өзінің жүріс-тұрысымен, киімімен, әрекетімен дінге шақырады. Алба-жұлба, ебедейсіз киінген имамның айналасына көп адам жинала қояды деу қиын. Абдулла ибн Масғұдтан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла әсем және әсемдікті жақсы көреді», – дейді. (Мүслім, 131). Сол себепті дін адамы әрқашан жұрт көзіне түсетін жерде таза әрі ұқыпты киініп, әдемі болып жүруі керек. Сондай-ақ, имам қоғамның жауапты тұлғасы ретінде үлкен жиындарға, үкімет орындарына шақырылады. Ол жерде де дінді ұсынушы адам ретінде лауазымды адамдардың арасында өзін қалай ұстауды, не сөйлеуді, не сөйлемеуді жақсы білгені жөн.
Қазақстан халқының 70 пайыздан астамын мұсылмандар, 23 пайызын православтар, қалғанын басқа дін мен конфессиялар өкілдері құрағандықтан, өзге діндегілермен қарым-қатынас мәдениетін білу имам үшін маңызды. Хақ діннің өкілі болса да, имам олардың сенім-нанымдарын аяққа таптамай, жарасымды қатынас жасаса, бұл оның мәдениеттілігін көрсетеді. Бұл ретте Алла елшісінің (с.ғ.с.) өз заманындағы яһуди, христиан дін өкілдерімен жасаған жылы қарым-қатынасы баршамызға үлгі бола алады.
Түйін
Имамның бұл дүниеде көтерер жүгі ауыр. Бірақ, арғы дүниеде алатын сауабы да аз емес. Имамдарға Алла елшісінің (с.ғ.с.) өзі: «Имам – жауапты, азаншы – сенімді. Уа Алла Тағала! Имамдарды тура жолға бастап, азаншыларды кешіре гөр!» (Абу Дауд 517. Тирмизи 207), – деп дұға қылған. Имамдық жасау адамның осы дүниесі және ақыреті үшін де өте пайдалы. Әрқашан жұрттың арасында насихатта болады, бұдан оның білімі артады. Жаназа шығарып, қабірлерге баруы ақыретті есіне салып, әрдайым имандылығы артып отырады. Бес уақыт намазды мешітте оқуға мүмкіншілігі болады, оның үстіне мұсылмандарға имам болады. Бір сөзбен айтқанда, әрдайым Алланың сүйген амалдарының ортасында жүреді. Ақыретте Жаратушыменен жүздесетін пенде үшін бұдан артық бақыт бола қоймас.
Бұрхан Абдулхаким